Жыршы, абайтанушы Даниял Асеновтың туғанына – 75 жыл
Ұлттық фольклорымыздың ең тамаша үлгілері – батырлық, ғашықтық, тарихи жырларды бізге жеткізген жыршылар. Қазақ елінде жыршыға деген құрмет ақыннан кем болмаған, өйткені ақын мен жырау, негізінен, өз жанынан шығарып айтса, жыршы ежелден келе жатқан жырды топтың алдында орындап, жиналған жұрттың көңілін көтерген, рухын биіктетіп, жігерін арттырған.
Жыршы, абайтанушы, фольклорист Даниял Әсеновті Павлодар өңірінде білмейтін кісі кемде-кем. Ғұмырының кейінгі отыз жылын Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұттың шығармашылығына арнаған жыршы ағамыз «Қыз Жібек», «Қобыланды батыр» және т.б. дастандарын жатқа білетін.
Даниял Сабырұлы Семей педагогикалық институтын орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша бітірді. Ұзақ жылдар ішкі істер органдарында қызмет істеді. Аталған екі бағыт та жыршылықтан алыс жатыр. Ауғанстан жерінде әскери қызметте жүріп, парсы тілін үйренеді. Өз бетімен араб, түрік тілдеріне ден қояды. Біртіндеп өлең жолдарын оқиды. Ұзын-сонар дастандарды жатқа оқыған.
Даниял ағаның ұлы атасы Мәди Тастанбекұлы Абайдың барлық өлеңдерін жатқа оқыпты. Абай шығармаларын зерделеумен де айналасқан екен. Қайым Мұхамедханов Мәди ақсақалдың жатқа айтуымен Абайдың бес-алты өлеңін жазып алғанын жеткізгені бар. Мәди Тастанбекұлынан Даниялдың әкесі Сабыр – жалғыз ұл.
Жалпы, бұл ұрпақтың Абайдың қайын атасы Алшынбайға нағашылығы бар: Абайдың бәйбішесі Ділдә Қазыбек бидің немересі – Тіленшінің баласы Алшынбай кіндігінен тараған Түсіптің қызы. Ал Мәдидің анасы – Алшынбайдың інісі Бердінің қызы. Бердінің немересі ұста, зергер Мақан Абай шығармаларын жинастырып жүреді екен. Сол кісі арқылы Мәди Тастанбекұлы Абай өлеңдерімен танысып, тіпті қолжазбаларын да алады.
Даниял аға жергілікті құқық қорғау органында табысты еңбек етіп 1999 жылы құрметті демалысқа шықты. Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын зерттеп және кеңінен насихаттаумен айналысты. Ол біздің өңірде «Абай ауылға келеді», «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», «Абай жолы» секілді тың жобалармен танылды.
Шебер жыршы – бір өзі театр актерінің рөлін атқарған: ол – ұзақ эпосты жай салдырлатып айтып шықпайды. Жырды орындаудың өзі – өнер, импровизаторлық та қабілетті қажет етеді. Сол себепті жыршы әр аудиторияның реакциясына сәйкес жырдың құрылысын, кейіпкерлердің іс әрекетін жаңадан жырлап отырады. Бір жырды екі рет орындай отырып, оны дәлме-дәл қайталамайды. Ол сюжетті, қаһармандарды есінде сақтайды да, жырды басқаша баяндайды. Бұл жерде оның импровизаторлық қабілеті көмек етеді. Тыңдаушы қауымды риза ету үшін жыршы әр кейіпкердің рөліне енеді, олардың сөздерін әртүрлі мақаммен орындайды. Әрине, мұндай жағдайда жыршының дауысы, үні, әуені – түгел бір ыңғайда болуы керек. Талантты жыршы осының бәрін меңгереді.
Даниял аға осындай есте сақтаудың тәмсілін айтты: «Кез келген туындыны ынтамен, көбінесе, таңғы сағат бес-алтыларда тұрып оқимын. Сол сәтте оқып шыққан жыр-дастанның көп тұсы есімде қалады. Кейде қайталап оқып жатпаймын. Шығарма өзінен-өзі жадымда жатталып қалады».
Облыстық кітапханада бір неше жыл «Жыр мен жыршы» атты жоба іске асырылды. Жобаның басты мақсаты – қазақ өнерін жаңғырту және жастарды қазақ халқының рухани мұрасымен таныстыру.
Жоба аясында облыстың елу ауылында, Атырау облысында, Семей қаласында, Стамбұл қаласында (Түркия), Омбы қаласында (Ресей) «Атадан қалған асыл сөз», «Бағаға жетпес мұраны дәріптеуші», «Өлмейтұғын артында сөз қалған» атты кездесулер ұйымдастырылды. Жобаны іске асыру кезеңінде 5000-нан астам адам іс-шараларға қатысты. Кітапхананың әлеуметтік желілерінің ресми парақшаларында Халық қаһармандары мен лирикалық-эпикалық шығармаларды, Абай, Шәкәрім шығармаларын Д.Асенов пен оның шәкірті А. Ғалымжан оқыған бейнежазбалар жарияланды. «Қыз Жібек» эпосы, Ш. Құдайбердиевтің «Қалқаман-Мамыр» эпосы, «Еңлік-Кебек» эпосы, М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» эпосы, А.Құнанбаевтың «Қара сөздері», Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, М.Жұмабаев және т.б. шығармалары орындалды.
Даниял Әсеновті Павлодар өңірі жақсы таниды десем артық болмайды. Астанада Даниял жыршы жыр сүйер қауымның қолдауымен жиырма бес қазақ мектебін аралап, жыр оқыды, Президент мәдениет орталығында, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де, Шығыс Қазақстан облысында, Ресейдің Сібір өңірі мен Түркияның қалаларында (Анкара, Анталья, Стамбул) моноспектакль жасап, қазақ халқының жырларын, қазақтың ең көне мұраларының, лиро-эпостық дастандарын халық алдына орындап шыққан. Даниял аға шығармаларды оқып қана қоймай, жастарға қазақ өнерін жаңғырту және қазақ халқының рухани мұрасын дәріптеуге ақыл-кеңесін берді.
Даниял Асенов жыршының еңбегі бағаланып, «Еңбек даңқы» медалімен және Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен, облыс әкімнің Алғыс хаттармен марапатталған.
Даниял ағамыздын дүниеден озғанына бір жыл өтті. Даниял Асенов халықтың жадында жыршы ретінде мәңгі сақталады.
Баршагүл БАЙЖАНОВА,
С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап
ғылыми кітапхана басшысының орынбасары.