(Серік Сатыпалдин шығармашылығы хақында)

          Әлбетте, сырттай таныс жаннан гөрі қоян-қолтық аралас-құралас жүрген адамның ол туралы жазғаны абзал. Сырттағы жан елеп-ескермейтін, байқап-білмейтін кейбір қыр-сырды да, ол кешкен өмірдің сүйініші мен  күйінішін де оның айналасында жүрген адамдар ғана айта алары анық. Ол деп отырғанымыз – туған өңірінде ғана емес, республикада да есімі мәлім абыройлы ел ағасы, қаламгер Серік Сатыбалдин.

Серік Қинаятұлы «ел ортасында, орда басында», яғни туған өлкесінде  үлкен сый-құрметке ие.  Сондай-ақ, ол әдеби  қауымға көркем шығармаларымен әрі аударма саласындағы елеулі де екшеулі еңбектерімен танымал.

Біздің пайымдауымызда, қай халықтың өкілі болмасын, әрбір саналы азаматтың алдында үлкен-үлкен міндет-парыздар бар. Соның бірі – ел алдында абыройлы іс атқарып, жақсы есіммен есте қалу болса, екіншісі – ел болашағы саналатын кейінгі ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беріп, адал ұл-қыздардың өсіп-жетілуіне үлес қосу. Әрине, азамат алдында тағы да басқа парыз-міндеттер (елін сыртқы жаудан қорғау, ата-анасын құрметтеу, т.б.) бары рас. Алайда, ұлт ұл-қыздарының ең ауыр да абыройлы борышы осы жоғарыда аталғандар деп білеміз.

Бұл мәселені қозғаудағы басты себеп – жазбақ жазылымның кейіпкері және шыншылдығын сөз еткелі отырған жерлес жазушы әрі аудармашы Серік Сатыбалдиннің шығармаларына тікелей қатысы бары. Жерлес деуіміз – Секең осы Кереку өңірінің тумасы. Ол қазақтың киелі жерлерінің бірі – басын сонау Алтай тауларынан алатын, атауы әлем картасында бар Ертіс өзенінің бойында орналасқан Аққулы аудан өңірінде туып өскен.

Осы орайда аталмыш қаламгердің биік мәреден көрінуіне өсіп-өнген  ортасы мен кезінде Алаштың астанасы болған, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды алыптарды дүниеге әкелген Семей өңірінде білімін молайтуы мен сондағы әдеби ортаның  игі әсері болғандығын айту ләзім.  Олай дейініміз, Секеңнің атасы Сәдуақас өзі тұрған ауыл мектебінің негізін қалаған әрі бала-немерелерін де ағартушылыққа, бала оқытуға бейімдеген ұлағатты ұстаз атанды. Қазіргі кезде ол мектептің сол кісінің атында аталуы осындай игілікті істің нәтижесі болса керек.

Сонымен қатар, Секеңнің  бойына біткен асыл қасиеттер – адал еңбек ету мен  алға деген ұмтылыс, биікке деген құлшыныс та бұл жолда өз жемісін берді деп білеміз.

Семей педагогикалық институтының филология факультетін бітірісімен әуелде өзінің туған жеріндегі аудандық газеттің редакциясында тілші-аудармашы болып қызмет атқарады. Оның алғашқы тырнақалды өлеңдері «Ақ заңғардағы асулар» атты жыр жинағында жарияланады. Кейін түрлі қызметте (партия комитетінде нұсқаушы, мектеп директоры және түрлі мемлекеттік қызмет орындарында) бола жүріп, Секең қолынан қаламын бір тастаған емес. Бұған оның бүгінгі күнге дейін жарияланған әдеби аудармалары, өлеңдері мен мақалаларының республикалық және жергілікті газет-жорналдарда тұрақты басылуы нақты дәлел болмақ.

Қай қаламгер болса да, ізденістер мен іркілістерге толы шығармашылық өмір жолында шыққан биігі, белгілі бір белесі болады десек,  бұл тұста Секең «жеті піске» желпініп, қоржынын толтыра шыққанға ұқсайды. Бұған оның қанжығасына бөктерген бірнеше кітаптары («Әр жылдар жазбалары», «Аудармалар», «Қылмыс пен жаза», «Қасиетті жұрт», «Қоңырүңгір хикаясы») куә.

Қаламгердің «Әр жылдар жазбалары»  атты жинағымен танысқан сәтте мына бір жайттар ойға оралды. Біріншіден, белгілі бір дүниені бағаларда қазекең «атына заты сай екен»  деп жатады. Бұл қанатты сөзді Секеңнің аталмыш кітабына қарап айтуға болатындай. Оған толық негіз бар. Кітаптың ішкі құрылысына орай жасалған мазмұны осыны айғақтайды. Екіншіден, автор жылдар бойы жазып, жинақтаған жазбаларын екшеп,  қалың кітап етіп шығаруға ниеттенген.

Бұл кітап оқырманның кәдесіне жарайтын, талғамына татитын тамаша туынды ретінде 2015 жылы жарық көрді. Жазбагердің көп жылдар ұстаздық етіп, аталары – Сәдуақас Сатыбалдин атындағы мектеп ұжымын басқарғандығынан және қазақ тілі мен әдебиетінің маманы екендігінен біз кітапқа енген жазылым арқылы хабардар болдық. Жалпы, жинаққа енген шығармаларының дені жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының түсінігіне сай, оқуына жеңіл етіп жазылуы да осыны аңғартады. Мәселен, кітаптың «Аударма», «Балаларға базарлық», «Көңілашар», «Өлеңдер» бөлімдеріндегі туындылардың бәрі дерлік – жас оқырмандардың санасын серпілтіп, ойын өрістетін тәлім-тәрбиелік мәні зор шығармалар.

Сондай-ақ бірқатар танымдық-тағылымдық мақалаларда бүгінгі күннің өзекті де өткір мәселелерінің бірі  – мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын кеңейтіп, өрісін ұлғайтуға баса назар аудару қажеттігінің сөз болуында үлкен мән-мағына жатыр. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөз әрбір азаматтың, оның ішінде жас ұрпақтың бойына биік рух беріп, келешекке үлкен сеніммен қарау арқылы ұлттық сезім ұялатары хақ. Сондықтан да өскелең ұрпақтың рухани-имандылық негізде дамуы мен елдің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру мақсатында жазылған және ұлт зиялыларының халық алдында атқарған ұлағатты іс-әрекеттерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсынған эссе түріндегі туындылары да тартымды шыққан.

Оқырманның ойын өрістетер, әрі қызықты да тартымды оқиғаларды арқау еткен мұндай көркем, танымдық әдебиетке  ерекше көңіл бөлгеніміз жөн сияқты.

Секеңнің аудармашы, журналист ретінде  өмірден көрген-түйгенін, оқып-тоқығанын ой елегінен өткізіп, түйінді пікірлерін мақалаларға арқау етіп, ал белгілі орыс ақын-жазушыларының өз көңіліне жаққан туындыларын аударып, облыстық және республикалық газет-жорнал беттерінде жариялап жүргені жұртшылыққа аян. Әсіресе, орыс жазушылары Н.Тихонов, О.Гончар, В.Рождественский, Вс.Ивановтардың ұлт мақтанышы, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов жайлы жазған эссе естеліктерінің аудармалары да оқырманды бей-жай қалдырмасы айқын.

«Аударма» бөліміне таңдаулы батыс, орыс қаламгерлерінің шағын әңгімелерінен бастап повесть, романдарының қазақ тіліндегі көшірмелері енгізілген. Ал «Балаларға – базарлық», «Көңілашар» бөлімдеріне енген шығармалар да осы іспеттес. Тек қана ішкі мазмұны мен тақырыбына орай бірі – жас өспірімдерге арналса, енді бірі – жас та, жасамыс та оқырманның көңілінен шығары анық.

Сонымен, әр жылдарда әрі түрлі тақырыпта жазылғанмен, уақыт талабына сай туындаған мұндай шығармалардың бір жерге тоғысқаны құптарлық. Олай дейтініміз, бүгінгі таңда қоғамымызда белең алған кейбір келеңсіздіктер, жағымсыз қылықтар жігіт ағасының қолына қалам алып, өмірден көрген-түйгенін саралап, сыни да сындарлы ой-пікірлер айтуға мәжбүр қылғанға ұқсайды. Мәселен, «Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың құқықтық негіздері», «Парыз бен қарыз», «Ұлт мүддесі – ұлы мұрат» деген сыни мақалалардағы ойлардың өзектілігі әлі де өз мәнін жоғалтпаған. Және өскелең ұрпақтың санасын сергітіп, ойын өрістететін, эстетикалық ләззат берерлік көркем аударма шығармалардың жарық көруі де бізді қуантады. Егер жылнамалық негізде айтар болсақ, Секеңнің келесі кітабына кілең аудармалары жинақталған еді. Және бұл жазылымдар Павлодар облыстық әдеби шығармалар конкурсының «Аударма әдебиеті» номинациясы бойынша жарық көргені жұртшылыққа белгілі. Басылымға Иван Шуховтың «Кремльден келген хат» және Герольд Бельгердің «Әбілмәжін» атты әңгімелері аударылып берілді. Сондай-ақ, Николай Ановтың  заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің әдеби портретін жасау тұрғысында жазылған «Абай атын асқақтатқан» деген көлемді эссе-мақаласы  да осы жинаққа енген болатын.

Төл сөз өнеріміздің аударма саласы оның басқа ұлт әдебиеттерімен рухани тұрғыда тығыз байланыс жасауына, әрі түрлі жанрда байып, дамуына жол ашатын үрдіс екені анық. Осыған орай, ол саланың өзіне тиесілі жүгі мен жүрісі бары тағы рас. Олай дейтініміз, әдебиеттану критерийі бойынша аударманың өзіндік алғышарттары мен талаптары алға қойылған.

Бажайлап қарасақ, жерлесіміз осы деңгейден көріне білген. Мәселен, аталмыш жинаққа енген И.Шуховтың әңгімесінде Отан соғысы тұсындағы тылдағы ауыл адамдарына көмектесіп, қол күшін берген қаршадай балалардың ерлікке пара-пар істері баяндалады. Аударма тілі барынша жатық әрі жасөспірімдердің тіліне сай етіп жасалған. Ал Г.Бельгердің әңгіме атауы аттас бас кейіпкері – Әбілмәжіннің бастан кешкен оқиғалары да соғыс кезіндегі тыл өмірімен байланысты өріледі. Ата-анасынан айрылып, жетім қалған басқа ұлт балаларын өзінікіндей көріп, бауырына басқан қазақ  отбасының өміріндегі күйінішті де сүйінішті жайттар сезім иірімдері арқылы әдемі бейнеленген.

Қазақстандық жазушысы Н.Ановтың естелік эссесі автордың М.Әуезовпен арадағы әуелде аздаған түсініспестіктен басталған кездесуі кейін шығармашылық қарым-қатынасқа айналғаны, сөйтіп жүрекжарды жазылым ретінде тәржімаланған.

Секеңнің «Қылмыс пен жаза» деген кітабына оның облысымыздың дін істері басқармасы ұйымдастырған конкурста жүлде алған имандылық тәрбиесіне арналған мақалалары мен Л.Толстой, К.Паустовский, П. Васильев, Э.Сетон-Томпсонның туындылары ана тілімізге аударылып, жанрлық, тақырыптық тұрғыда іштей жіктеліп жинақталған.

Жалпы, біз жоғарыда «нағыз азаматтың басты борышының бірі – келер ұрпаққа өнегелі үлгі көрсетіп, дұрыс тәлім-тәрбие беріп, елдің адал ұл-қыздарын өсіру» десек, С.Сатыбалдиннің аудармаларында осы мәселе қозғалып, кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы көркем көрініс тапқан. Бұған қатысты нақты мысалды біз аудармашының  аталмыш жинағынан табамыз.

Жинаққа енген мақалаларға арқау болған тақырып – діни таным-түсінікке негізделінген имандылық мәселесі. Бірінші мақалада діни дастандардың біріндегі сюжет желісі бойынша, Омар халифаның күнәға батқан өз баласына үкім шығарып, оны жариялы түрде орындауы сөз етіледі. Автордың  сөзімен айтқанда, «…Онысы мұны көрген халық тура жолдан тайып, шайтанның азғыруына ерудің, нәпсіге ерік берудің ақыры қандай ауыр зардап шегуге алып келетінін білсін дегеннен туған». Екінші мақалада «Бозторғай» діни дастанындағы оқиға желісі арқылы шығарманың негізгі идеясын насихаттау көзделінген. Ал, «Тар кезеңдегі талайсыз тағдырлар» атты мақаласында автор кеңес жазушысы В.Ивановтың «Эдессаның қасиетті қазынасы» романындағы діни сенімдердің қалай көрініс тапқанын баяндай келіп, шығарманың түйінін шешуге тырысқан.

Жинақтағы «Аударма» бөліміне есімдері аталған көрнекті орыс және шетел жазушыларының таңдаулы әңгімелері тәржімәланып берілген. Аудармашының қай туындысын алсаңыз да, оның төл нұсқадан ауытқымай, шығарманың негізгі идеясы мен композициялық құрылысы толық сақталғанын аңғарамыз. Осы тұста, бұл кітапқа алға сөз ретінде жылы лебізін білдірген Жазушылар одағының мүшесі Ғ.Жұматовтың пікірін келтірсек болады: «Автор осы жинағы арқылы қазіргі зымыран заманда оқуға ден қойған оқырманның бірі болса да тәрбиелік нақышта жазылған дүниеден тәлім алады дегенді алға тартады. Бүгінгі күнде жастар мен жасөспірімдерге дұрыс тәрбие беруде әрбір игі қимыл-әрекеттің, түсіндірудің маңызы зор. Осы игілікті мақсат жолында барынша ізденген қаламгердің табысты тұстары жарияланған әрбір әңгімеден айқын байқалады».

Аудармашының тақырып таңдаудағы жан-жақтылық пен жүйеліліктің үйлесім табуын шығармашылық шеберлік қыры ретінде бағалаған әрі қалам қарымына қайрат тілеген бұл ой-тұжырымға алып-қосарымыз жоқ.

Жерлес жазушымыздың «Қасиетті жұрт» (2018 жылы), «Қоңырүңгір» кітаптары (2019 жылы) оқырманға олжа болды.  Секеңнің шығармашылықты өмірлік серік етіп, осы жолда аянбай тер төгіп, біршама саз кешіп жүрсе де, Құдайым тіл-көзден сақтап, ылайым шаршап-шалдықпасын деген игі тілек.

Сонымен, автордың «Қасиетті жұрт» кітабына тоқталатын болсақ, мұнда жазбагердің әдеби зерттеу мен таным-тағлымдық еңбектер туралы және діни экстремизмге қатысты толғақты  мәселелер төңірегінде жазылған әрі облыстық, әрі республикалық  мерзімді баспасөз беттерінде  жарық көрген мақалалары мен тәмсілдері бірінші бөлімде жинақталған. Ал «Аудармалар» бөлімінде армян халқының көрнекті жазушысы Серо Ханзадянның «Алты түн» повесінен және белгілі орыс қаламгерлері – А.Цветаева, К.Паустовский, Н.Ановтардың естеліктері мен әңгімелерінен жасалған аудармалары берілген.

Секеңнің келесі «Қоңырүңгір хикаясы» атты кітабының балалар мен жасөспірімдерге арналғанын  жинақтың «Бесік жыры» өлеңімен ашылуынан байқау қиын емес. Соңғы кезде, өкінішке қарай, ұлтымыздың біраз озық салты ұмыт болып барады. Соның бірі – сәбиді ақ бесікке салып, ана әлдиін айту. Осы бір олқылықты есімізге салғандай, автор «Бесік жырының» бүгінгі күнге сай үлгі түрін беруге тырысқан. Сондай-ақ кітаптағы мысал өлеңдер жас оқырмандардың оқуына жеңіл әрі тәрбиелік, танымдық мәні зор.

«Аудармалар» бөлімінде әлемге танымал көрнекті жазушылар – Уильям Шекспирдің, Джек Лондонның, Сергей Михалковтың таңдаулы әңгімелері мен ертегілері қазақ тіліне аударылып берілген. У.Шекспирдің «Жазғы түннің тәтті түстері» атты шығармасында періштелер туралы айтылады. Ал мұсылман баласы үшін періштелерге сену – иман шарттарының басты қағидаларының бірі екені белгілі. Сондықтан бұл шығарма жастардың дұрыс діни сенімінің қалыптасуына да ықпал етеді деп ойлаймын. Қиыннан қиыстырылған бұл шығарма өте қызық оқылады.

Кітапта корей, ағылшын, швед, грек, қытай, парсы және жапон халықтарының таңдаулы ертегілері көркем де жатық тілмен аударылып берілген. Олар баланың ой-өрісін дамытумен бірге ізгілікке, мейірімділік пен татулыққа үндейді және қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтуге ықпал етеді.

Секеңнің шығармашылық жолында алға қойған мақсат-мұраты мен келер ұрпақтың тәрбиесіне деген адал ниеті, адамдық қасиеті халықтың жарқын  болашағын ойлаудан, туған ұлтына деген ұлы қасиеттің тектен жұққан ұшқыны десек еш жаңылыспаймыз. Сондықтан ел ортасында, көш басында Секеңдей ұлағатты ұстаздың, белгілі аудармашы әрі жазушының бары бағалы.

 Сейфитден Сүтжанов,

ф.ғ.д., профессор.

Добавить комментарий