
Киелі Баянауыл талай өнер тарландарын дүниеге әкелген қасиетті мекен екені алашқа аян. Сол өнер тарландарының бірі, қазақ киносында өзінің жасаған айшықты өнерімен белгілі болған әйгілі актер, жерлесіміз Жанас Ахметұлы Ысқақов.
Жанас Ахметұлы 1949 жылы 14 қарашада Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Найзатас деген жерде дүниеге келген. Балғын балалық шағы Торайғыр ауылында өтті. 1967 жылы С.Торайғыров атындағы орта мектепті бітірген соң, Отан алдында азаматтық борышын өтеуге әскерге аттанды да, 1970 жылы міндетін өтеп, елге оралды. Сол жылы Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы драма театрының актерлер даярлайтын бөліміне оқуға түсіп, 1972 жылы бұл оқу орнын бітірген соң, арнайы жолдамамен Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы облыстық театрға жіберілді. Осы театр актері болып 7 жыл істеп, 1979 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына мамандығы бойынша жұмысқа ауысты. Көптеген қойылымдарда актерлік шеберлігін шыңдап, халыққа таныла білді.
1984 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына тұрақты актері ретінде жұмысқа қабылданды. Кезінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрда қызмет атқарғанда, өзіндік актерлік шеберлік орындау қабілетін сол жердегі әйгілі актерлерден үйреніп, көріп, бойына сіңіре білген өнер иесі Жанас Ысқақов өнер шыңында өсіп, іс-қимыл әрекеттерін бойына дарытқан трагедия, комедия жанрларын классикалық деңгейге жеткізе алды. Ол – өнер майталманы ретінде кино саласында өзіндік орны бар екенін дәлелдей білген актердің бірі.
Жанас ағамыздың бір қасиеті – рөл таңдамайтын еді. Мысалы, 1986 жылы «Менің ағам Маугли» атты Қазақстандағы тұңғыш бейне муз-холл-рок фильміндегі Табаки (Қорқау қасқыр) рөлін ешкімге еліктемей, өзіндік пластикалық зымиян – қорқақ түрін елге нанымды танытты.
1989 жылы Мәскеу облысы Калинин қаласында өткен бірінші актерлер фестивалінде, еңбегі орасан зор құрметке бөленген «Қосжұлдыз – 89» кинофестивалінде «Гран-При» жүлдесіне ие болды. Ал «Сұржекей ажал періштесі» фильміндегі «Жорға күрең» рөлін шебер орындауы үлкен әңгіме. Жанас Ахметұлы «Үшеу» атты фильмде орындаған рөлі үшін ТМД кинофестивальдерінде тағы «Гран-При» жүлдесін жеңіп алды. Киев қаласындағы, Мәскеу қаласындағы «Дебют», Алматы қаласындағы «Бастау», Калинин және Ашхабад қалаларында, Түркия республикасының Анкара қаласында өткен кинофестивальдердің жеңімпазы атанды.
Жанас Ахметұлы Ысқақов өзінің 33 жыл өнер саласында істеген жұмыс барысында 50 киноға, 25 жарнамаға түсіп, 5 сатирикалық «Қамшы» журналына шығып, 300-ге жуық аударма кино жұмысына атсалысып, орындады. Жанас Ахметұлын жерлестері сахнада, көгілдір экранда талай кездестіріп жүрді.
Жанас ағамен біз бір ауылдан болатынбыз. Анда-санда елге келе қалғанда естіп, іздеп барып, сәлем беретінмін. Кішіпейіл, бауырмал еді. Ауылдың үлкені демей, баласы демей жайдарлы күлкісімен, әзіл-қалжыңымен айтып, адамды бірден өзіне баурап алатын. 1995 жылдың жазында Жанас ағамыздың Павлодар қаласында жұмысы болған екен, сол жолы ауылға келді. «Қазақ киносының негізін салған Шәкен атамыздың жолын қуған жерлесімізге сәлем берейін» деп, Ботбай Қызылшілігінде тұратын Ахмет ақсақалдың қара шаңырағына ие болып отырған Жанас Ахметұлының ағасы Манаш ағанікіне бардым.
Мен сол үйге қашан барсам да, келген қонақтан дастарханы жиылмайтын. Парида жеңгеміз қарсы алды. Ол кісіге амандасып, келген шаруамды айтып едім: «Жанас ағаң Торайғыр көліне демалуға кеткен, ағаңды іздесең сол жақта шығар», – деп жөнін айтты.
Торайғырдың шалқар көлі маусымның самал желіне тербеліп, жағадағы жартасты соғып, кері қайтып ырғалып жатыр. Жанас аға қолындағы қармағына түскен алабұғаны алып жатыр екен. «Аға, ассалаумағалейкум! Кәсібіңіз қайырлы болсын, елге келуіңізбен», деп амандасып жатырмын. Сәлемімді алып, үй-ішінің, үлкендердің амандығын сұрап, «Бір аптаға Керекуге келген соң ауылды сағынып, әрі әке-шешейге дұға оқытып кетейін деп келген едім. Ертең Алматыға жүремін. Бүгін балалық шағым еске түсіп отырғаны ғой. Бауырым, сәлем бергеніңе рахмет», – деп жатыр.
– Мен кеше Павлодар қаласынан келдім. Қаладағы Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайының қызметкері Қуандық Қалиев ағамызға жолығып, сіздің елге келгеніңізді сол кісіден естідім. Шәкен атамыздан кейін кино өнер саласында ағаларымыз бар екені белгілі. Мені қайран қалдырған нәрсе – өзіңіздің әкеңіз. Ахмет ата елде молда, имам болды. Сіздің актерлік кәсібіңізге ол кісі қалай қарады екен және рөлдерде шебер ойнап, халықтың көңілінен шыға білдіңіз, әсіресе Түркі бабаларымыздан келе жатқан бақсылық сарыны. Дәруіш, бақсы, диуаналардың рөлдерінде ойнағанда, сізді жұрт шынында сол қауымнан ба деп қалады. Жанас аға, осылар жөнінде білейін деп едім.
– Әй, Алтынбек бауырым, мұндай сұрақтарды бұрын маған ешкім қоймапты. Әкеміз Ахмет Ысқақұлы осы елдің тумасы, шыққан тегіміз Қожа болады. Әкем Ахмет 1889 жылғы жас кезінде медреседе оқып, ескіше хат таныған екен. Кеңес өкіметі орнаған соң геология барлау мекемесінде әртүрлі мамандықты игеріп, содан зейнеткерлікке шықты. Бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, елге шариғат уағыздап, молда болды. Негізі Қожалар Тұран даласына ислам дінін уағыздап, таратқан қауым ғой. Әкеміз де сол әулеттен болған соң жат қылықтарға тыйым салатын. Ауылда мектепті бітірген соң, әкеме «Алматыға артистік оқуына барамын» деп арманымды айтып едім: «Жын-шайтанның кәсібіне үйір болма, балам, сен шаруаға жайлы мал дәрігері бол» деп қатты тойтарып тастады. Сонан әке көңілін жықпай атаған білім ордасына барып түстім, көңіліне жатпаған дүниеде оңыстық бола ма, оқымай тастап кеттім. Әкеме айтпай өнер студиясына бардым. Бес жыл өткенде студенттердің дипломдық жұмысы ретінде қойылған спектакльге әкем де шақырылды.
Әлі есімде спектакльдің аты «Бөрі астындағы бөлтірікпіз», басты кейіпкер Арыстанды мен ойнадым. Қойылымды көріп отырған әкей: «Мына бір артист тым ширақ екен» – деп мені көрсеткен екен. Міне, сөйтіп актер болдық. Әкем Ахмет Ысқақұлы ескіше хат танығандығы болар, шежіре, аңыз-әңгімелерді көп жазатын. Бала күнімізде біздерге оқып беруші еді. 1986 жылы 97 жасында дүние салды. Шешеміз Мируая Батқанқызы, руы Айдабол-Жанқозы – Малкелді атасынан еді. Ол кісі үй шаруасымен айналысты. Шынымды айтсам, мектепте оқып жүргенде ауылға Шәкен ағамыз келіп, кино түсіретін. Оның үстіне өз нағашым Қалкен Әділшінов (1913-1980 жж.) – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген актері. Сол кісілердің өнеріне қызығушы едім.

Шәкен аға мен Қалкен нағашым менің бала кезімде ауылға келгенде, өнер базары қызып сала беретін. Менің бала арманым «Шіркін, осы кісілердей болсам» деп аңсап, бойым дір етуші еді. Осы арманыма жету жолында мектепте ұйымдастырылған драма үйірмесінен қалған жоқпын. Асқақ даусым болмағанмен биге жорға болдым. Алайда халықты күлдіруге де бейім болғандықтан шығар, Қазақ Циркі алғаш шаңырақ көтергенде қызметке шақырған еді. Ал Шәкен Айманов киностудиясының бүгінгі тіршілігі – ұлы Абайдың 150 жылдығына орай басталған «Абай» фильмін түсіріп бітуге таяған. Мұны Франция демеп отыр. Бұл көркем фильмде мен «дәруіштің» бейнесін шығарамын деген ойым бар. Жоғарыда өзің сұрап едің, бақсы, диуаналардың рөлінде көп ойнайсыз деп, біздің бір атамыз елге танымал қасиетті адам болған екен. Үстіндегі киімге, байлық дәулетке мойын бұрмапты, күй талғамаған екен. Қолтығына Құдай сөзі көк Құранды құшақтап, қыстың сары қарында жалаң аяқ жүре береді екен. Жұрт ол кісінің азан шақырып қойған есімін ұмытып, «Жалаң аяқ әулие» дейді екен. Өзі дүниеден өтерінде туған-туыстарын жинап алып, айтқан екен:
«Менің дүниемен қоштасатын шағым келді. Сендер сау-саламатты болыңдар. Мені іздесеңдер, ағаш өспейтін беткейде жалғыз ағаш өсіп тұрады, менің қабірім сол» деп біліңдер деген екен.
Дәруіш атамыз ешкімге айтпастан бір күні жоғалып кетіпті. Осы Сарыөзек жақтан қабірін тауып алған екен. Үйінді топырақты жарып бір жалғыз ағаш өсіп тұр, төңірегінде басқадай өскен ағаш жоқ. Менің бақсы, дәруіш, диуаналардың рөлінде көп ойнайтыным осыдан да болар. Жалпы 20 жылдың ішінде 45 кинода актерлік өнерімді көрсеттім. Сол рөлдердің көбісі кейіпкерлерім осы сарында еді. Жалпы түскен кинодағы рөлдеріме басқа актерлер қызыға қоймаушы еді. Себебі күрделі рөлдерде ойнауға үлкен еңбек қажет, тер төгуге тура келеді. Мысалы, «Сұржекей ажал періштесі» фильмінде ауылнай Жорға күрең рөлі. Сонау 1931-37 жылдары елді аштық жайлағанда, Кеңес өкіметінің шала сауатты ауылнайлары кімге опа берді. Бұл фильмде Қазақ халқының қақ жартысын қырғынға ұшыратқан қолдан жасаған аштық сұрапыл баяндалады. Осы көркем фильм 1992 жылы Ашхабадта өткен кинофестивальде кинозерттеуші мамандардың тарапынан жоғары бағаланып, маған «Гран-При» берілді. Солай, бауырым.
Жалпы көркем фильмдерде рөлдерді сомдауым сонау 1975 жылдардан басталды. Алғашқы рөлім – «Ғажайып Түркістан» фильміндегі Құсайын бейнесі.
Жалпы осы 20 жылдың ішінде 45 фильмге түсіппін, бір кезде өзім актер болуды армандаған едім, бүгін шаңырағымызда балаларға шейін спектакльдерде ойнап жүр. Үйдегі жеңгең Қыздығой Мәлікқызы Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының актері болса, ата-ана үлгісімен Динара мен Диас деген балаларымыз Шерхан Мұртазаның «Жетім Бұрыш» спектаклінде балалар рөлін ойнайды. Ал Қыздығой жеңгең әртүрлі көркем фильмдерде Ана рөлін сомдап жүрген жай бар. Мысалы «Үшеу» атты көркем фильмде мен Ботаның рөлін ойнадым. Қырғызстандағы Ыстықкөл жағасын мекен қылып алған үш сабаздың тіршілігі баяндалады. Осы қойылым үшін бірдей үш жүлдеге ие болдым, 1989 жылы өткен Дүниежүзілік кинофестивальде арнайы жүлдені алсам, Қазақстанда «Бастау» сыйлығына ие болдым. Енді «Мосфильм» киностудиясы түсірген «Қамыс арасындағы жұмбақта» мен Насыров дегеннің рөлін ойнадым. Бұл еңбегім де бағаланды. Осы киностудия түсірген «Сам елінің ұлы перзенті» фильмінде Жақыптың рөлінде ойнадым. Айта берсем толып жатыр.
Осы жақында «Жан-Бота» деген киноөндірістік жеке кәсіпорын аштым. Бұл жоғарыдағы атау өз атым Жанас болса, үйдің ішіндегі үлкендер еркелетіп қойған есімім Бота болатын. Жанас деп біле бермейді, бәрі Бота деп атайды. Кәсіпорынға «Жан-Бота» деп ат қою себебі содан еді. Менің 20 жылдан аса театр, кино актері болып істеп, жинаған біліктілігім бар. Бұл соның жемісі болмақ. «Жан-Бота» шығармашылық кәсіпорнының қоржынында көрермендердің күткен бүгінгі күні қаржы мәселесіне тіреліп отырған жақсы кинолар баршылық, мысалы: тарихи «Алтынорданың күйреуі» біздің қазақ киносында өзіндік орны бар дүние болар еді. Жақында Керекулік азаматтар сізбен бір кездесу өткізейік деп шақырған соң қаладағы кәсіпкер азаматтарға қолқа салып едім, беретін қаражаттарының қайтымы тез арада болмаған соң келісіңкіремеді. Бұл өнер деген сатып алатын дүние емес қой…
Осы жолы облыстағы Бұқар жырау атындағы өнер және әдебиет музейі менің келуіме орай кино көрме ұйымдастырған екен. Осы істің басы-қасында жүрген музей қызметкері, жерлесіміз Қуандық Қалиев бауырыма айтар алғысым шексіз. Нағыз өнерге жаны ашитын азамат деп соны айт. Жалпы қала халқына да рахмет, кездесуге көп жиналып, қойған сұрақтары да орынды болды.
Енді алдағы тіршілікті бір Құдай біледі деп, Жанас ағамыз біраз әңгіменің тиегін ағытқан еді. Соңғы сауалыма да асықпай жауап берді.
– Алтынбек бауырым, біз бір әке, бір шешеден екі ұл, бір қыз тудық. Ағам Манаш 1941 жылы әкеміз Майқайыңда өндірісте істеп жүргенде туған екен. Қазір әкейдің шаңырағына ие болып отыр. Жеңгеміз Пәрида Сағыдиқызы екеуі 8 бала тәрбиелеп өсіріп отырған жайы бар. Ал менен үлкен апам Дина Ахметқызы осы Торайғыр ауылында, жездеміз Ғайып-Иран Жұмабаевпен 3 бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Кеңес өкіметінің тұсында ағам Манаш шаруашылықтың әр саласында жұмыс істеді. Жездем Ғайып-Иранның мамандығы құрылысшы. Ол кісі өз саласында еңбек етті. Туыстарым елге сыйлы, қайырымды жандар.
Өз балаларыма келсек, жолдасым Қыздығой екеуіміз шаңырағымыздағы төрт баламыздың амандығын тілеп, еңбек етіп жүріп жатырмыз. Үлкен қызым Эльвира 1973 жылы туған, екінші қызымыз Динара 1985 жылғы, үшінші ұлымыз Диас 1987 жылы туған, ал төртінші кенжеміз бір жасқа толды, есімі Назерке. Міне, бауырым, осылай Жанас ағаң жүріп жатыр. Ал өзің Алматыда жиі боласың, біздің үйге келіп жүр, мекенжайды білесің деп Жанас ағамыз қош айтысты.

Уақыт деген шіркін сынаптай сырғымалы ғой, қалай жылжып өткенін білмей қаласың. 2004 жылдың маусым айында Алматыда болдым, сәлем берейін деп Жанас ағанікіне барған едім, ол кісі үйде жоқ екен. Қыздығой жеңгей: «Қайным, ағаң екі күннен кейін келеді, қазір мына Шамалғанда «Көшпенділер» деген көркем фильм түсіріліп жатыр. Ағаңның бір тылсым дүниеге араласпаса жүре алмайтынын білесің ғой. Киностудия басшылары осы қойылымның өңін кіргізетін «Қонтайшының» құлақ асатын адамы – «Бақсының» рөлін ұсыныпты. Сол бақсыны өңдеп шығарамын деп әлек болып жатыр. Ал өзің қалада болсаң, ұмытпай кел, әйтпесе ағаң ренжиді» – деді.
Жолығудың сәті түспеді, барған жұмысым аяқталып, елге қайтуға пойызға билет алып қойып едім. Көгілдір экранға «Көшпенділер» фильмі шыққанда түйеге мініп келе жатқан дәруіш Жанас аға екенін жазбай таныдым.
Өнерде еш қайталанбас өзіндік қолтаңбасы бар, Шәкен ағаларымыздан кейін жарқырап шыққан кино өнері жұлдызы Жанас Ысқақов 2004 жылдың тамыз айының 18-інші жұлдызында өмірлік жары Қыздығой Мәлікқызымен бірге ойламаған жерден, Алматы қаласында көлік апатының салдарынан қаза болды. Өмірде, өнерде жиған-терген бар тәжірибесін жас буын актерлерге үйретіп, еңбегімен қалың көпшіліктің алғысына бөленген есіл азамат арманда кетті. Сол жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық компаниясының ұжымы Жанас Ахметұлын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ұсынған болатын. Бұл атақты әттең Жанас ағамыз ала алмады.
Өзінің көзінің тірісінде атақ-шен іздемеді. «Менің бар байлығым – бала-шағам, ел-жұртым, істеген қызметіме риза болып, алғыс айтқан көрермендерім» деуші еді.
Қазақ киносының шоқ жұлдыздарының бірі, актер Жанас Ахметұлы Ысқақов жөнінде әлі де талай естеліктер жазылар. Мен сөзімнің соңында Жанас ағамыз Алаштың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың бір ауыз өлеңін әнге қосып айтып жүруші еді, сонымен аяқтағанды жөн көрдім:
Жүрегім мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты екен саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп, жазамын да…
Актер Жанас Ахметұлы соңғы рет «Көшпенділер» көркем фильміндегі «дәруіш» Бақсының бейнесін сомдады. Біздің халықтың ұғымында қасиетті түлік саналатын желмая түйеге мініп, адам ойламаған жерден пайда болып, ханға да, қарағанға да бір жаратушы Тәңірдің бар екенін ескертіп және алдағы болатын істі дөп басып айтып, көзден ғайып болады. Осы бейне көрермендердің көз алдында мәңгілік қалды.
Алтынбек ҚҰРМАНОВ,
өлкетанушы.
