Есентай Ерботиннің туғанына – 85 жыл

Қазақ әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырған қаламгер Есентай Ерботиннің шығармашылық жолы туған ауылынан бастау алады. Оның кәсіби жазушы болып қалыптасуына өскен ортасы, көрген тәлімі барынша ықпал етті.

Есентай Ерботин 1940 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Ұзынбұлақ ауылының «Амантау» бөлімшесінде дүниеге келді. Сәбидің есімі сол жердің тау атына сай бүкіл елге танымал адам болсын деп, Есентай деген таудың атымен аталды. Есентай тауы заңғар тау болмаса да осы өңірдегі елге белгілі жер атауы болатын.

Ақынның «Ақши» атты өлеңі туған жерге деген сүйіспеншіліктен туған:

Малды иесіз иірген,

Мәйек шөп тілді үйірген.

Ақши алдан көрінді,

Селдіреген шиімен.

 

Неге мұнша жүдеді,

Тозғаны ма, түр-өңі?!

Келтіруге қалпына

Табыла ма бір емі?!

Есентай Ерботин орта білімді «Төртқұдық» мектебінде алып, Қарағанды мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиет факультетін тамамдаған. Бұдан кейін аз уақыт ауыл мектебінде мұғалім болады. Қарағанды облыстық радио комитетінде редакторлық қызмет атқарып, одан кейін 1960 жылы міндетті әскери борышын Ресей елінің Чучев қаласында өтуге шақырылды.

Солдаттық өмірден кейін Павлодар облыстық телевизия және радио хабары жөнінде комитетте редакторлық қызмет атқарады. Республикалық Қазақ радиосының Павлодар өңіріндегі меншікті тілшісі болып қызмет жасады. Кейін Қазақстан «Мұрагер» қоғамы шығаратын «Мұрагер» журналының жауапты хатшысы болып Алматыға ауысты. Журналдың бастапқы екі номерін дайындап жүргенде ауырып, 1992 жылдың 16 мамыры күні 52 жасына қараған шағында қайтыс болды.

Есентай Ерботин туралы, әке-шешесі жайында ауыл ақсақалдарынан сұрағанда: «Әкесі – Ербота, кәдімгі жұмыскер болғанымен өте еңбекшіл адам болған. Ал, анасы – Рәпия, сауыншы болып жұмыс істеген. Есентайдың ағасы және інісі бар, олар – Амантай, Достай. Есентай Ерботиннің әйелі мен екі қызы қазір де Алматы қаласында тұрып жатыр. Әйелінің есімі – Әсия, қыздардың есімі – Жанар, Жәния», – деп айтты бізге.

Мектеп оқушысы кезінен бастап Баянауыл аудандық «Жеңіс» (қазіргі «Баянтау»), Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетіне мақала, өлеңдері тұрақты жарияланатын.

Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше мысал келтірейік:

«Жеңіс» газетінің 1959 жылдың 16 желтоқсанында жарық көрген санында журналистер Сабық Боранбаев пен Бөкен Әбілқасов редакцияға түскен өлеңдерге шолу жасайды. «Өлеңнің де естісі бар…» мақаласында «КПСС ХХІ съезі атындағы совхоздың тұрғыны, жуырда әскерлік міндетін атқаруға жүріп кеткен Есентай Ерботин жолдастың: «Шыққалы сәбиліктің ордасынан, мінекей өттім өрлеп он асудан. Өткенде он асудан қарсы алдымнан, Болашақ жарқын өмір жолы ашылған», – деген шумақтары оның жүрегін тебіренткен ыстық сезімін білдіріп тұр», – дейді авторлар.

«Жеңіс» газетінің 1963 жылғы 28 қыркүйектегі нөмірінде журналист Хәкім Бөпеғалиев: «Редакцияға өзінің өлеңдерін жиі жіберіп тұратын Есентай Ерботин «Жастық шақ» өлеңінде өзінің замандастары жас буынның бейнесін, олардың еңбектегі екпінді тұлғасын жырлайды. Есентайдың «Май парады», «Бұл-дағы өмірімнің бір мектебі», «Көктем» атты өлеңдері жап-жатық, тілге жеңіл, мазмұнды да нәрлі шыққан», – дейді.

Ал, 1964 жылдың 17 маусымында шыққан басылымда газет авторы Айтбай Мұздыбаев: «…Редакцияға келетін хаттардың ішінде өлеңдер де көп болады. Олардың тақырыбы сан алуан: туған жер, өскен ел, ана, махаббат, мектеп, мезгіл жырлары мен табиғат сырларына арналады. Бұлардың ішінде айтайын деген тақырыбының өзіндік шешімін, түйінін тапқан, көңілге қонымды өлеңдер де аз емес. Мұндай авторлар қатарында З.Солтанбаев, Е.Ерботин жолдастарды атап өткен жөн», – дейді.

Есентай студенттік кезде де, әскерде жүргенде де жазуын тоқтатқан жоқ.

Ақынның алғашқы өлеңдері Павлодар облысының «Қызыл ту» газетінде 1959 жылы жарық көрді. Сол жылы өзінің балаларға арнап жазған бір топ өлеңін «Балдырған» журналының сол кездегі бас редакторы Мұзафар Әлімбаевқа көрсетіпті. Осы жайды Мұзафар аға өзінің «Көңіл күнделігінен» деген эссе-зерттеулер кітабында былай деп жазады: «Маған бір жас ақын келді. Топтама өлеңін әкелді. «Балдырған» журналына суретімен қоса, жырларымды да бассаңыздар екен», – деп тілек білдірді. Әкелгенін оқып көрдім. Үшеуін ұнаттым, «жақсы екен» дедім.

…Солдат жігіт Есентай Ерботин қазақ балаларының сүйікті ақыны болып, өсіп жетілді, қаламын ұштады. Оның өлеңдері өрнекті, ойнақы әрі шымыр, шағын әрі ойлы болғандықтан, жас сәбилер жылдам жаттап алады. Ол еліміздің өткен тарихын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, географиясын бес саусақтай білетін, ол содан да жас буынға қазақ батырлары қаһармандықтарын жырлап, үлгі-өнеге ұсынатын».

«Балдырған» журналының сыртқы бірінші бетіне Есентай ақынның тілі шыққан қазақ баласының бәрі жатқа білетін екі жол өлеңі басылады: «Бетін жумай, Жұматай, Нан жеп отыр, ұят-ай!».

Есентай балалар ақыны ретінде танылып, творчестволық толысу кезеңі басталғанда, ажал шіркін жетектеп алып кетті.

Есентайдың кішкентай оқырмандарға арналған бірнеше кітабы жарық көрді. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан «Өрнек» атты тұңғыш өлеңдер жинағы шықты. Бұдан кейін «Өнеге» (1977 жыл), «Серік пен Берік» (1981 жыл), «Менің досым» (1984 жыл), «Бабалар бала болғанда» (1987 жыл), «Далаға саяхат» (1991 жыл) атты кітаптары жарық көрді.

1992 жылы 29 мамыр күнгі санында «Қазақ әдебиеті» газетінде Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы, Қазақ теле-радио компаниясы, Қазақстан Республикалық «Мұрагер» қоғамы Есентай ақынның қазасына байланысты былай деп жазды: «Есентай Ерботин бірыңғай балаларға жазып келген санаулы қаламгерлеріміздің бірі болатын. Оның әрі қысқа, әрі нұсқа тақпақ өлеңдері жас оқырмандарды адамгершілік рухында тәрбиелеуде де талай уақыт өз қызметін атқаратынына кәміл сенеміз».

Ақкөңіл, таза жүректі жарқын жан, адал еңбекті елгезек адам Есентай – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның өлеңдері шет тілдеріне аударылып, орыс, украин, Балтық бойындағы елдердің бүлдіршіндер журналына басылып шықты.

Балғын бал дәурен шағы далада өткен Есентай туған дала елесін былай еске алады:

«Дала десем, мал елестер көзіме,

Дала десем, дән елестер көзіме.

Дала десем, ән естілер құлаққа,

Дала десем, ер саламын құр атқа».

Есентай 1987 жылы қаңтар айында командировкамен туған ауылына келіп, мектепте ұйымдастырылған табиғат музейін аралап, тамашалап болғаннан кейін музейдің пікір мен тілектерін жазатын дәптерге былай деп қолтаңбасын қалдырды:

Мына қыран Амантау қыраны ма,

Қонған сәті-ау тегінде тұрағына?!

Мына бір шөп сарғайған күздікүні

Ұзынбұлақтың ұқсайды құрағына.

 

Мына борсықты қай жерден көріп едім,

Ащылы өзек тұсынан соғып едім.

Қарақатты көргенде бір тамсандым,

Қарақаттан сан рет теріп едім.

 

Итмұрыны Әлікенің осында тұр,

Қарағаны Құстастың қасынан тұр.

Мына музей мен өскен атыраптың,

Көшірмесі сияқты расында бір.

 

Ризамын жол түсіп келгеніме,

Мына ғажайып отауға енгеніме.

Туған жерді тұтастай көріп тұрмын

Мың рахмет, жеңеше, еңбегіне!, – деп сол кездегі жеңгесі, биология пәні мұғалімі, ардагер ұстаз Садирова Мариям Садирқызына риза болған екен.

Ойы арқылы да, жыры арқылы балдырғандармен тілдескен ақын балаша сәл нәрсеге бұртия қалатыны да бар, ол балалық сезімге тән қылық дейтін ауылдастары. Көңілдегі күдігін жырына да арқау етеді. Бала ойы не нәрсеге болсын көрген қалпынан өзгермеуі керек, өзгере қалса оған жат. Осындай ойдағы ақын өз ауылының табиғатын, өз өлкесінің табиғатын көріп, бұрынғы қалпындай болмады деп налыған сезімін білдіреді.

Ақынның ауыл адамдарына, туған-туыстарына арналған өлеңдері де баршылық. Балалық балауса шағында мейірім толы әже, атасының бала жүрегінде алатын орнының шексіз екенін әркім-ақ біледі. Соның ішінде: «Әже құшағы», «Ауылға келе жатырмын», «Ұқсас екенмін», «Әсем әжем», «Оған ұнайды» т.б. өлеңдерін алуға болады.

Туыстары Әсем әжесі мен Тақу атаны өлең шумақтарына көп қосып жазғанына қарағанда бала кезінен сол үйге үйір болғанын байқаймыз. Оның бір себебі, Тақу ата елу жылдай қажымай ұстаз болған жандардың бірі. Жүз жасқа аяқ басқан жылы дүниеден өтті. Кейінге дейін мектебімізге келіп, оқушыларға, мұғалімдерге ақылын аяған емес. Халықты имандылыққа, дін жолына үгіттеп, соңғы жылдары үйінде жас балаларды намаз оқуға, құран аяттарын жаттауға үйретіп, оқытып жүрді.

Есентай осындай тәлім-тәрбиесі мол ортаны қалағаны да сондықтан болар. Әсем әже де жайдарлы-жайсаң жан болатын.

Ақын өлеңдерінің көбіне шынайы кейіпкерлерді алғанын байқаймыз. Әсіресе, ауыл адамдарының өмір тіршілігін, қызықты оқиғаларын, аңыз-әңгімелерін өлең жолдарына құйған.

Міне, Ұзынбұлақ ауылының тумасы Есентай Ерботинның ауыл адамдары туралы шығармалары баршылық. Кітаптарында ауыл өмірі ғана емес, сонымен қатар, бүлдіршіндерге арналған әріптер ойыны, анаграммалар, жаңылтпаштар, қызық ұйқастар, жұмбақтар да бар. Балаларға бұлар өте пайдалы да қызықты. Ой-өрісін кеңейтеді, тапқырлыққа, шешендікке баулып, шапшаң ойлауға көп септігін тигізеді. Өтірік өлеңдері мен мазақтамалары бала жүзіне күлкі үйіреді.

Айнагүл МҰРСАЛОВА,

Баянауыл ауданы.

Добавить комментарий