Бүгін – Зеке-Ағам – Зекебай Солтанбайұлы 95 жасқа толған күн.

Алдыңғыны ардақ тұтудың, кейінгіге кең қолтықтық танытудың тамаша тәлімі сыйға тартылып, тәттідей таратылатын дүние емес. Бұл санаға сабақтастықпен сіңісіп-орнығатын, көкірекке үлгі-өнеге арқылы жұғысып-толығатын дағды деп түсінемін мен.
«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді». Мен бұған өз тарапымнан кішіге қамқор бола алмағаның өзіңе қорған соға алмағаның деп қосар едім. Осы сөздердің салмағына тереңдей ой жүгіртіп, мағынасына маңыз бере алып жүрміз бе?
… Шүкіршілік, өмір жолымда талай ағаның ала-құлалығы жоқ алқауына, шынайылығы дөп ықыласына ие болу бақыты бұйырып-ақ келеді. Жанына жақын тартып, төбелі төріне оздырып, көкірегімді көшелі сөзімен семірткен, онысын ешқашан міндетсінбеген менің марқасқа-майталмандарым, жанашыр-ақылмандарым аз емес. Олардың өмір мен өнеге көрген бекзат болмысын сүйсіне үлгі қып, ғибрат пен өсиет өрген дуалы аузына телміріп, сөйтіп құлақпен семірер сана-көкірегімді бұйырғанша кең қылып, бір жасап қаламын, рас. Тіпті, еркелеп те кететін кездерім көп.
Ақын Құдайберлі Мырзабектің: «Жасының үлкендігімен емес, жүрегінің үлкендігімен аға болу әркімнің қолынан келе бермейді» дегені неткен ғажап та құдіретті сөзі еді деп, басымды иемін.
Әрдайым ерекше еміреніп, бірі «бауырым», бірі «балам», енді бірі «Асылжан» деп елжірей, кең қолтық құшағына қарай тартып жатқанда, «осы мен лайықты іні бола алып жүрмін бе» деген ойға шомып, әркез етек-жеңімді жинақы ұстауға, есімнен адаспауға, ісімде жаңылыспауға тырысып-ақ бағамын. Үлгімен сіңісті, өнегемен жұғысты болатын өмірлік дағдының сабақтастығы деген осы шығар.
Өкінішке қарай, көл-көсір ақыл-кеңесі мен үлгі-өнегесін, ағыл-төгіл ғибратын алып келе жатқан ардақты ағаларымның қайсыбірі бақилық дүниеге бет алып кетті. Солардың бірі – осы Зекебай ағам. Алланың алқауы бұйырсын.

Есімін оқушы күнімнен естіп өстім. Шығармашылық әлеміне сол кезеңнен үңіле түстім. Мен көршілес қоныстанған бұрынғы Теңдік, қазіргі Мұса Шорман ауылындағы мектепте әуелде оқушы, кейін мұғалім болып жүргенде, Зекебай аға еңселі Егіндібұлақ ауылындағы білім ордасының басшысы еді. Осы мектепті табаны күректей қырық жылға жуық алға жетеледі. Маңдай тері мен тәжірибесін сала отырып, үлгілілер қатарына қосты, ауыл балаларының Алатаудың биігіне шығуына мұрындық болды.
Өмірімде мектеп директорының дара да дана, өзгелерге еш ұқсамайтын, ешуақытта қайталанбас біртуарлық бейнесі үш тұлғамен санама әбден сіңісті болып, көкірегімде жақсы жатталып қалды, рас. Олар – туған ауылымдағы өзім білім алған мектептің директоры Бегендік Әліпбайұлы, аты алыстарға тараған Ы.Алтынсарин атындағы қазіргі облыстық гимназия-интернатының директоры Мақажан Жылқыбаев және Егіндібұлақ мектебінің директоры Зекебай Солтанбаев.
Бұрынғының мектеп директорлары – шетінен бесаспап! Уақыт соны талап ететін-ді. Міне, осы алыптар сол тұстары басшылық лауазымның қырық атанға жүк боларлық қыруар шаруасын ешуақытта шатқаяқтатпай, мекеменің өрісін кеңейтіп, өресін биіктетіп, үнемі жаңа әрі тың, замана сұраныстарына дөп келетін тиімді арналарға қарай бағыттай білді. Әрқайсысы өз өмірінде нағыз педагогке тән әрі оңайлықпен таптырмас үлгі танытты. Менің жақын жүріп ұққаным сол, олар сабырлы қалпымен, биязылығымен, жеті өлшеп, бір кесетін ойшылдығымен, басшыға тән талапшылдығымен, қажет кезінде қайтымы жылдам қаталдығымен, ешқашан тоқмейілсуге бой алдырмауымен, тәжірибелі ақыл-парасатымен, кең ауқымда ойлап, ұтымды жоспарлай алатындығымен есте қалды.
Зекебай Мұғалім – жоғарыдағы осы үш алыптың бірі!

Қатарластарым жақсы біледі ғой, бала күнімізде ескі әрі тарихи ғимартта оқыған біздер мектепке шелектеп көмір тасып, пеш жаққан кезеңді де көрдік. Кейін орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу мәселесі де сол тұстағы Зекебайдай директорлардың жанашырлық-жауапкершілігімен, басшылық табандылығымен оң шешімін тапты. Жылыту қазандығы үшін арнайы бокс салынып, қондырғылар орнатылды. Жылыту үшін бұған дейін пайдаланылып келген пештер бұзылып, нәтижесінде оқу кабинеттері кеңейтілді, санитарлық тазалық жағдайы да жақсара түсті. Жылыту батареялары орнатылды. Барлық мектептерге тән жағдай – жылумен қамтитын қазандықтың жұмысында ақау жиі орын алып, мектеп салқындап кететін-ді. Мұндай жағдайларда директорлар өзі бас болып, жылыту батареяларының қуатын қалыпты ұстап тұрудың қам-қарекетімен тәулік бойы мектепте жүреді…
Зекебай Ұстаз күнделікті оқу-тәрбие процесінен бөлек, мектеп ғимаратының ішкі-сыртқы мәселелеріне қатысты қаншалықты ауыртпалықты ойдғыдай үйлестірудің, түйінді мәселелерді оң шешудің жолында қажыр-қайратын арнады. Турасын айтқанда, түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған кезеңдерді көп өткерді. Мойымады. Қажымас қара нардай болмысынан айнымай, жауапкершілік пен міндетті жоғары ұстады.
Зекебай ағамен жүздескен, сұхбаттасқан, дәмдес болған, шаңырағына еркелей барған сәттерім көп. Шүкіршілік. Мол қазынаға қанықтым. Әңгімелерін қағазға түсірдім. Ғибратын таратуға бұйырғанынша үлес қостым. Өйткені әр сөзінде бүгінгі қоғамның кез келген мүшесіне тағылым болар үлкен салмақ жатыр, өмірлік азық тұр.
Осы Зекебай ағам сексенінші жылдардың соңын ала өміршең болып, тәуелсіздік алғаннан кейін жаппай қолданысқа енген Халықтық педагогика бағдарламасының негізін салды. Сол бағдарламада ұрпақ үшін аса қажетті құндылықтардың көрініс табуына, олардың жас ұрпақ санасына орнығуына тер төкті. Мұның барлығы – үлкен тарих.
Баянауылдың биігі Ақбеттей асқақ, тумысынан асыл текті, мейірленсе кең құшағына тартып, маңдайыңнан құшырлана иіскер, жоғарының жөнсіз тірлігін естіп-көрсе «Дат!»-ын іркіп қалмайтын, замананың Заңғар Тұлғасына айналған Зекебай Солтанбайұлының мәңгілік мекенге жол алғанына үш жылға жуықтап қалды…
Зеке-Аға дүниелік пиғыл өрістеп, өлермендік өршіген, адамгершілік пен ізгіліктің тынысы тарылған осынау қиямпұрыстау қоғамда таптырмас Тәрбиеші, жөнсізге тоқтау айтып, адасқанды жолға салған Кемеңгер, көшелі сөзі арқылы бұрынғы мен бүгінгінің арасына көпір болған Тамыршыдай Тұлға еді.
Салиқалы ойдың, сарабдал сөздің, өршіл өнердің осынау иесімен бірер минут әңгімелесудің өзі үлкен мектептен шыққандай әсер сыйлайтын-ды. Өмірден түйген ойлары, қоғамдағы оқиғалардан қалыс қалмай, үн қосуы – Зекебай Ағаның белсенділігін ашып көрсететін қасиеттер. Қанатты сөздің құдіреттісі – Мұзафар ақынның «Кемеңгердің көлеңкесі де ыстық» дегені бар. Зеке-Ағаның жанында жарты сағат болудың өзі – көл көсір ғибрат, ғанибет еді-ау мен үшін.
Мүмкіндік туа қалғанда Абыздың Аталық құшағынан табылып, баталы сөзіне құлақ түруге тырыстық. Тоқсанның төріне шыққан Ағаның басты қазынасы – әр сөзі алтыннан артық-тұғын. Әр сөзі жаныңды баурап, санаңды жаулап, жүздескен сайын айрықша рақатқа бөлендік, өмірлік азыққа кенелдік. Шіркін-ай…Қазынаға қанбайсың ғой, қанбайсың!
Өмірден озары алдында әріптесім, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Аяғанов екеуіміз Егіндібұлаққа – Зекебай ағаның шаңырағына арнайы сапарлап бардық. Осы жүздесуге менің егіз ұлдарым Әбікей мен Әлкейді әдейі ерте шыққан едім. Өзім ағамыздың батасын қанша мәрте алғаным есімде жоқ. Бірақ, ол кісінің берген батасымен көгеріп жүргенім анық. Осы сапарда абыздың батасы екі ұлыма да дарысын деген мақсатты тұтқан едім.
Шаңырағындағы көл-көсір әңгімеміз кейін табиғат аясында жалғасты. Біздің мақсат – ағаны көп тыңдау, ой түю. Қадірлі Зекебай аға қимастықпен қоштасар сәтінде егіз ұл – Әбікей мен Әлкейге арнап: «А Құдай, оңдай гөр! Жаратқан жолдарыңды жақсылыққа бағыттап, өмір жастарың ұзақ болсын!» деп батасын берді.

Соңғы демі шығар сәттің шегі білінген бертінгі күнге дейін қаламы қолынан түскен жоқ, әдеттегідей санасын сергек, ойын асқақ ұстап, сөзінен еш жаңылмады. Нағыз Жанкештінің өзі еді-ау.
«Жанам деген жүрекке от беретін, шабам деген жігітке ат беретін», қым-қуыт тірлікте көргені мен түйгені көп Зеке-Ағаның ақыл-кеңесі, сын-ескертпесі жетілуге жол, шыңдалуға сеп, бәтуалы бағыт болды әрдайым. Оның сын-тезінен өткен талай жас шыңдалып өсті, шығармашылықтың жөні мен жосығын тереңнен тани түсті, биіктерге құлаш ұрды.
Алып жүрек соғуын тоқтатқанымен, Ағамыздың рухани байлығы – кемел де көшелі сөзі жұрт көкірегіне толассыз жол тарта берері даусыз.
Төменде Зекебай Ағамен әр сәттердегі кездесулерімде өзім түртіп алған ой салар ғибрат берер сөздерін ұсынамын.
Зекебайдың зерделі сөздері
– «Әркімнің өзіне лайық сойылы бар» дегендей, әр адамның өзіне лайық шығармашылық әлемі болады. Менің әдеби әлемім атмосферадан әрі емес әйтеуір. Көпшілікке таныс дала мен дана, бала мен ана, ғылым мен білім, мәдениет пен әдебиет, қотан мен Отан, тірлік пен бірлік, береке мен бақуат туралы тақырыптардың аясынан өрістейді.
– Жасымның шау тартқанын қалай жасырайын. Бірақ адамда қартаймайтын, кемімейтін, оны-мұныға аса көне бермейтін «көңіл» деген жүйрік бар. Бүгінде шығармашылықтың соқасын суырып тастауға сол көңілі құрғыр көне қоймайтын тәрізді әлі.
– Әдеби орта – киелі қоғам, иелі шаңырақ. Ол періште пейіл жандардың – шығармашылық иелерінің жаз жайлауы, қыс қыстауы, қалами қайнар көзі, қызған темірі, төс-балғасы, көрігі секілді. Таланттылардың бәріне бірдей әдеби орта бұйыра бермейді немесе олардың бәрі сол ортадағы өз орнын тауып кетпейді. Пешенесіне жазылған да бар, жазылмаған да бар. Сондықтан да әркімге әрқилы әсер, ықпал ететін болса керек.
– Ауылда тұрып, шығармашылықпен айналысудың артықшылығы неде дегенге келсем: жалғандық пен жасандылықтан аулақ, шынайылық пен шыншылдықтан басқа табарың болмайды. Бәйге алаңында дара шабасың, шаң жұтып топырақ қабудан аман боласың. Көппен дүрмекке ұшырамай, тұнық ой, тылсым сырдың кілтін іздейсің.
– Рухани мешеулік басқа барлық мешеулікке әкеп соқтыратыны тарихтан аян. Жас ұрпақ теледидарға немесе компьютерге ғана ойысып алды. Ұрсаң кетпейді, жабысып бірге туған секілді құдды. Сайып келгенде, көру мен оқудың айырмасы, пайдасы жер мен көктей, адамға ең пайдалысы әрі қажеттісі оқу екенін ешқайсымыздың мойындағымыз жоқ. Міне, бұл – ұлттық, рухани тоқыраудың белгісі.
– Естідің бе, естімедің бе, «Ақсолық» деген бидай болады. Осы бидай масақ арасында қаулап өсіп шығады, бірақ ішінен дәнін таппайсың. Өйткені бидайдың жерден көтеріліп шықаннан кейінгі дәнденуі дұрыс дамымай, топырақтан, судан, күннің көзінен алатын қоректері жетілмей қалады. Соның салдарынан ақсолыққа ұшырайды, тіпті біреулері қап-қара күйеге, күлге айналып кетеді. Ана бір кездері біздің балаларымыз да осы ақсолық бидай секілді жетілмей қалды, оларға сапалы білім дарымады. Кадрлардан да, оқулықтардан да қиыншылық туды, тұтастай сала қатты құлдырауды көрді.
– Ауылдың өмірі – менің ішкі көйлегімдей ғой. Ол менің жан-тәніме, ішкі болмысыма жақын. Осында ата-анамның тарихы, тағдыры, өмір белестері жатыр. Мен ешқашан ауылды қалаға айырбастамаймын. Ауылдың қадірін аз сөзбен айтып жеткізе алмайсың… Одан артық қазбаламай-ақ қой.
– Қазақ тілінде «бетімен кеткен» деген жазғыру бар. Бетімен кеткенді бірде болмаса, бірде бетінен қағып, жөнге келтіруге болады. Ал «жүгенсіз кеткен» деген сөз мүлде тәрбиеге келмейді, илікпейді дегенді білдіреді. Осыны есте ұстаған жөн. Мұның арты үлкен опықтарға ұрындырады. Жүгенсіздік қайдан шығады, неге тыйылмайды? Өйткені қазіргі қоғамның ұлттық санасы сөгіліп, рухани жағынан іріп-шіріп барады. Мұның бәрі үлкендердің де, жастардың да жабайылық пен анайылыққа мас болып, солай қарай бет бұруынан.
– Кітап оқуға құмарлық білімге құштарлықтан туады. Білімге, ғылымға енжар, тоғышар жандар көз майын тауысып, жанын қинап, уақыт бөліп, өзегін үзіп не құны бар?! Оған жаңалықты өзі айтып, өзі көрсетіп, өзі үйретіп жүре беретін теледидарың, компьютерің жақсырақ. Сол төртбұрышты жәшіктен күндіз-түні жалаңаш әйел, жалақор еркектерді еркін көріп, үлгі алғысы келеді. Мұны санасыздық, сауатсыздық, сайтани тірлік дейді. Кітап – қай кезде болсын дайын тұрған ақылшы, сырлас, дос. Осы рухани қажетіңнен айрылу – бірің тұтқынға, бірің табытқа түскенмен бірдей.
– Бақида жатсақ, рухымыз жүдемесін. Ат үстінде жүрген сендерге ұлт рухы аманат, Алла жар болса екен деймін, айналайындар!
– Түптеп келгенде істің ағы емес, ердің бағы біледі. Ел ерге қарайды, ер қайда қарайды?!
Асыл ӘБІШЕВ.
