…Бұқаралық жұмыстың басы-қасында біте қайнасқан бес адамбыз. Жалғыз ғана кабинетті құжыра қылған редакциямыздың есігі қағылды. Артынша басына өрнекті тақияны бастыра киген, жүзі сары, көзі өткір адам ішке еніп, төбелі дерлік төрімізге қарай озды. Ақпараттардан ептеп қанықтығым, сырттай біраз білетіндігім бар, келген адамды бірден таныдым. Бұл – Лунин Константин көкем.

Аман-саулық, таныс-білістен соң:

– «Naizatas» журналын оқып тұрамын. Көркемдік келбет-мазмұны ұнайды. Жұмыстарыңыз жемісті болсын! –деді жылы шыраймен. Сонан соң:

– Мамандығым технолог болғанымен, шығармашылыққа да ықылас танытып, мүмкіндігінше уақыт бөлетінім бар. Соңғыда туған дүниелерім жеке жинақ болып жарыққа шыққан еді. Сіздермен есендесіп, жақыннан танысып әрі жинағымның бір данасын редакцияға тарту ету үшін арнайы келдім, – деп «Пою тебя, мой Казахстан!» аталатын кітапты ықыласпен ұсына берді.

Жинақтың көзге оттай басылған атауы қызығушылығымды бірден арттырып тастады. Сыртқы тақырыбы ішкі мазмұнынан түңілдірмейтіндей екен деп түйіп үлгердім. Енді оны парақтап шыққанша асықпын.

Құрметті қонақтың құнды тартуына рақмет жаудырып, аз-кем әңгіме өрбіттік…

…«Пою тебя, мой Казахстан!» атты жұқалтаң жинақты автордың бізге деген қолтаңбасынан бастап бір демде оқып шықтым. Шыны керек, мұнда топтастырылған әр өлеңнің ішкі әлеміне тереңдей түскен сайын бұл кітапты орыс ұлтының өкілі емес, нағыз қазақтың өзі жазғандай әсерге берілдім.

Ондаған кітап шығарғанымен, «Отаным – Қазақстаным!» дейтін еміренуі жоқ, соған қарамастан биліктен көрген ілтипаты мен сыйға алған «жылтырақ дүниесі» дөп жандарды да жыға танып, жақсы білемін ғой. Олардың қасында Константин көкеміз – қарапайым ғана қаламгер, даңқ пен атақ, сыйлық пен мадақ қумаған, бірақ Қазақ деген ұлт мекендейтін Ұлы Даланың даңқын қал-қадірінше асқақтатып келе жатқан тұлға. Жай ғана емес, бірегей тұлға деп астын сызып айтар едім мен…

Облыс орталығындағы рухымызға жат, құлаққа түрпідей тиіп, көзге күйдіргідей көрінетін ескі-құсқы атауға ие көшелерді қайта реттеу мәселенсіне келгенде бұрынғы былжыраққа басы-бұтымен берілгендей болып, түбегейлі табандап тұратындардың ырду-дырдуына да үйренісіп қалдық қой негізі. Ана бір жылы Константин Лунин редакциямызға кезекті рет жол салып, қазақтың Малайсары Тарханы туралы дастанын алып келді.

– Асыл Әлімжанұлы, өзіңіз білесіз, мен шығармаларымды орыс тілінде жазамын ғой. Мендегі маңызды бір мақсат яки міндет – осынау ұлы далаға еш қатысы жоқ Кутузов, Суворов және солар тектес байырғы империялық дәуірдің кейіпкерлері туралы емес, өзіміздің жергілікті батырлар мен дара тұлғалар жөнінде жүйелі түрде тарихи-танымдық, ақпараттық-насихаттық шығармалар жазу. Ұлан-байтақ даланы қорғаған Малайсары, Мойнақ, Баян, Қабанбай секілді қатары қалың біртуарлардың болмысын паш етер еңбектер тудырып, бұқараға таратуды мақсат тұттым. Жоғарыда айтып өткенімдей, мендік дүниелердің барлығы – орыс тілді қауымға қажетті ақпарат. Білесіз бе, орталықтағы әйдік саналатын көшенің атауын Кутузовтан арылтып, өз тұлғамызға ауыстыру керек деген мәселені көтергендердің бірі де мен болатынмын. Мемлекеттілігімізге титтей да араластығы болмаған Кутузовтар өзіне лайық орталарда әспеттеле берсін. Өз еліміздің тарихында даңқты да дауылпаз болған, осынау жер үшін жанын берген дараларымыз аз емес қой. Сувроров деген көше Малайсары батырдың есімімен ауыстырылғалы жатқанда небір жайсыз да жағымсыз сөздерді естуге тура келді. Өйткені мен сол көшенің тұрғынымын ғой. Көшелестер, көршілестер аулада бас қосып отырып: «Вот казахи придумывают всяких акынов и батыров. Кто они? Кем они были? Даже сами толком не знают!» деген әңгімелерді атқылағандарды да көріп-естідім. Осы ыбыр-жыбыр сөздер түрткі болып, кейін Малайсары Тархан туралы дастанды жаздым. Әлгіндей орашолақ ойға ерік берушілер танысын, білсін дедім. Өз батырымыздың тұғырға шығуы – тарихи әділеттілік жолындағы тамаша жеңіс. Өкінішті жайтты да айтпай кете алмаймын. Бірде емханаға келгенімде, ұлты қазақ дәрігердің қабылдауында болдым. Әлгі келіншек құжат толтырып отырып, мекенжайымды сұрады. Мен «Малайсары батыр көшесінде. Осындай үйде тұрамын!» деп аса бір мақтаныш сезіммен айтып жатырмын. Сонда әлгі дәрігерім: «Ол қай көше, бұрын қалай аталған еді?» дейді бажырая қарап. Әрине, бұл мен үшін парадокс болды. «Сіз ренжімеңіз, Малайсары Тарханның кім екенін басқадан бұрын Сіз жақсы білуіңіз керек еді» дедім ұятын оятқандай болып. «Жоқ, мен ол туралы білмеймін мүлде», – деп иығын қиқаң еткізді дәрігер-келіншек. Не айтарымды ұқпай, емханадан дал болып шықтым. Міне көрдіңіз бе, осындай нәрселер ұсақ-түйек секілді көрінгенімен, түбінде тәуелсіздік ұғымының, оның беріктігінің сетінеуіне соқтыруы мүмкін ғой. Қалған ғұмырымда, кеудемде жаным болып, тірі тұрғанымда қазақтың байтақ даласын, кең де қонақжай құшағын, тарихи тұлғаларын, тереңге тамыр жайған рухани әлемін бұйырғанша насихаттай беремін деп тас түйін шешімге келдім, – деп Константин Васильевичтің ағынан жарылғаны бар…

Қазақтың болмысы даладай кең, еркін де азат, мейірлі де ғажап қой, шіркін! Осынау қасиеттерді ұғына білетін, ұғынып қана қоймай, мақтанышпен әспеттеп-жырлайтын өзге ұлттың өкілдеріне басыңды имей тұра алмайсың. Константин көкем – соның жарқын да бірегей үлгісі. Ол кісі техника ғылымдарының кандидаты, технолог екеніне қарамастан, қазақ халқының өмір салтын, дала мәдениетінің ерекшеліктерін тереңнен түсініп-түйсінуге құлшынып-ақ тұрады. Сол құлшыныс пен ұмтылыс талай тамаша туындыны дүниеге келтірді. Еркіндік пен сабырлыққа, табиғатпен үйлесімділікке негізделген Ұлы Даланың философиясын тану – осы ағамыздың өмірлік мұратына айналған.

Жалпы, біздің болмысты танып-түсіну – тек мәдениетімізді үйрену ғана емес, оны жан-дүниеңмен, жүрегіңмен сезіну, тұла бойыңнан өткізу. Ұлты орыс, жүрегі қазақ осы көкем әрдайым қазақ қауымына аса зор құрметпен қарап, көлгірліктен ада, шынайы қарым-қатынас құра біледі. Константин Васильевичпен әңгімелеу – аса зор ғанибет. Әңгімешіл және жүрекке жеткізер дауысы да, татымды мазмұнға ие әр сөзі де былайғы жанды бір туған бауырындай өзіне баурап-ақ кетеді…

– Асыл, мысалы, мен орыс ұлтынының өкілімін. Бірақ мен үшін Ресей тек бізге көршілес мемлекет есебінде ғана. Оны басқаша қабылдай алмаймын және қабылдауым да мүмкін емес. Сонау кеңес кезіндегі жалпыға ортақ мәдениеттің сарқыншақтары миымда қалған да шығар. Дегенмен, бүгінгі күні ол маған бөгде елге, бөгде мәдениетке һәм тарихқа айналған. Өйткені менің өз елім, өз Отаным бар. Өз еліммен біте қайнасқан тарихым мен дәстүрім бар. Осы күні мен қазақ болып ұйқыдан тұрып, не ойласам да қазақша ойлайтын болғанмын. Мемлекетімнің тілінде сөйлесуге тырысып бағамын, оның бүкіл философиясын танысам деп ұмтыламын. Меніңше, мен де тұғырлы тәуелсіздіктің бір кірпішімін. Соған марқайып, масаттанымын. Мені құлшындырып-тұшындыратын ғажаптарды білсеңіз ғой. Қай бір жылы Қозы Көрпеш-Баян сұлу тарихына басым кетіп, тереңнен зерделей үңілдім. Неткен тұнып тұрған тарих, шіркін! Мұндағы философияға аузымды ашып, көзімді жұмдым, рас. Бұл қазақ халқының мәңгілікке ұласар ұлан-асыр ғажабы, сарқылмас азығы әрі қазына-құндылығы ғой түсінген адам үшін. Осындай ғажаптарды әр қазақстандық өзінің сана-көкірегінен, жүрегінен өткізуі керек деп ойлаймын. Әсіресе, жастар…

Константин Васильевичпен әңгімелесулеріміздің әр сәті менде мұқият сақталған. Адалдық пен жауапкершілік, жас ұрпақтың тәрбиесі, қоғамның бүгінгі келбеті, тіл мәселесіндегі өткір жағдайлар, әлеуметтік құндылықтар, ұлттар мен ұлыстардың біртұтас идея төңірегіне топтасуы секілді өзекті тақырыптарға ой өбірткен жазбаларымыз көл-көсір. Сол көл-көсір дүниенің барлығын оқырманға тартуды мұрат еткен жайым бар. Өйткені көкеміздің өзі ғана емес, сөзі де бірегей, көпшілікке аса құнды.

– Асыл Әлімжанұлы, білесіз бе, менің көкірегімде осы өңірдің, жалпы қазақ елінің тарихына, біртуар тұлғаларына ортақ руханият сарайын салса ғой деген асқақ арман-ой жатыр. Барлығы бір орталық-сарайға топтастырылса, неткен ғажап болар еді. Оған мүмкіндік бар, тек биліктен ықылас-ниет табылса жеткілікті деп санаймын. Облыс орталығындағы керемет дейтін жерлерді қызыл кірпіштен үй соғушылар талап кетпей тұрғанда, лайықты орын таңдап, жоспарласа, қолға алса, бұл өз ұрпағымыз үшін де, осы өңірге аяқ басып келушілерге де таптырмас рухани құндылық сыйлар еді-ау…

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий