(Еліне еңбегі сіңген Жүрсін Бәтенов туралы естелік)

Мұса Шорман ауылының аяулы перзенті, Ертіс-Баян – Екібастұз өңірінде еңбегі сіңген аптал азамат Жүрсін Бәтенұлы мен жұбайы Қалимаш Қамышқызы арамызда болса, 80 жас мерейтойын жұртының ерекше құрметіне бөленіп, атап өтер еді. Әттең, бірі небары 59 жасында, бірі 71 жасында мәңгілік мекен – Раббысына қайтты…

Адам өмірі – үлкен кітап, әр бетінде қуаныш та, қайғы да, жеңіс пен жеңіліс те, ақ пен қара да қатар жүреді. Ең бастысы – өмір жолдағы оқиғалардың әрқайссысы – бізге сабақ, тарих, естелік.

Адам мәңгі жүрмейді бұл жалғанда, көнеміз ғой тағдырдың салғанына. Көзіме ып-ыстық жас келеді. Өздеріңді сағынып еске алғанда… – деп күрсінесің. Есімде, бәрі есімде. Өмірдің керуен көшінде осы естелікке арқау боп отырған «Қос бәйтерек» – туған ағамдай болған жездем Жүрсін Бәтенұлы және ана-пана болған әпкем Қалимаш Қамышқызы.

Жүрсін Бәтенұлын айнала-төңірегі мен әріптестері, жерлестері «Жүкем» деп еркелетсе, біздер – екі әулет ұрпақтары «Қажыаға» деп құрметпен атадық.

Мен үшін Қажыағам ауылымыздың өнерлі, сері азаматы, аға, одан кейін ән-музыка сабағынан дәріс берген ұстазым болды. Өмір жолымыз, өсіп-өну кезеңдеріміз, бұйрығы бес күнге татыр тірлігіміз көрші-қолаң, ағайын туыс болып, бір ауылда өтті.

Жүрсін Бәтенұлы 1946 жылдың 20 ақпананда сол стағы Сарықамыс ауыл кеңесі, қазіргі Мұса Шорман ауылында дүниеге келген. Ата-тегі кіші жүздің Тама руынан тарайды. Арғы аталары Баянауыл төңірегіне Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының бірінен қоныс аударып келсе керек. Атасы Иманбек – Қаржас елінің мырзасы, кезінде Баянаула округінің аға сұлтаны болған полковник Мұса Шорманов әулетінің жылқысын баққан екен.

«Өзі жақсы жігітке бір кісілік орны бар» дегендей, атасы Иманбек отбасы Шорман әулетімен бауырласып, туысқандай болып кеткен. Оның үстіне Жамал әжесі өте ақылды, көркем келбетті, он саусағынан өнер тамған іскер болған екен. Бай ауылының ісін тігіп, шеберлігімен, ақылдылығымен өте сыйлы да байсалды мінезімен көптің көңілінен шыға білген. Жамал әжені мырзаның балалары өте жақсы көріп, «Жақсы апа» деп атаған екен.

Иманбектен екі қыз, төрт ұл дүниеге келген. Олар – Әмина, Нағима, Шаһмардан, Шәкен, Бәтен, Амантай. Балаларының бойында алып күш, еңбекқорлық, тұнып тұрған өнер, шешендік, серілік көзге көрініп тұрса керек. Олардың әрбірі – қабілеті қанмен келген тума дарын дарыған перзенттер. Өкінішке қарай, бірі соғыста хабарсыз кеткен, бірінің ғұмыры аз өріліп, өмірден өткен. Иманбекұлы Бәтеннен – Тұрсын мен Жүрсін туды.

Бәтен 1898 жылы туған. Әке жолын қуып, колхоздың жылқысын бақты. Әкесінен, туыстарынан жастай айырылған азамат тағдыр тауқыметін біраз көрген. Өзінің еңбекқорлығымен, адалдығымен ел ортасында абыройлы болып, «Бәтаға» деп аталып, сый құрметке ие болған жан. Колхозға жасаған ерен еңбегі ескерусіз қалмады. Бірнеше медальмен, Ленин орденімен наградталған.

1951 жылы қыс аса қаһарлы болып, колхоз жылқысымен бірге ығып, жалғыз өзі табынды аман алып қалу үшін бірнеше күн боран астында жүріп, табиғат апатымен арпалысты. Малды аман-есен шығып, екі тәулікте әбден қалжрап, ақыры елмен қауышады.

Өкінішке қарай, Бәтағаң осыдан кейін ауыр науқасқа шалдығып, 59 жасында дүниеден озған. Артында екі бала – Тұрсын 13 жаста, Жүрсін 5 жаста, жесір ана аңырап қалады.

Анасы Күлмаш 1910 жылы туған, Қаржас ішінде Құл руынан тарайды. Күлмаш апаны бала кезден көріп өстік. Өте ақкөңіл, мейірімді, үнемі ақжаулығын көлбіретіп тағып жүретін. Ат жақты, қараторының әдемісі еді. Қолы өте ісмер, сырмақ, алаша тоқыған өрмегі құрулы,  сырмағы сырулы, пейілі кең, көңілі дарқан жан болды. Құрсағынан 14 перзент көтеріп, үнемі шетней беріп, дуалы ауыз бір адамнан бата алып, тоқтау болып, ақыры бала тұрған. Әлгі дуалы ауыз жан «екі ер бала туасың, біріншісін Тұрсын, екіншісін Жүрсін деп қой» деген көрінеді. Он төрт баладан осы екі бала аман-есен өсіп, анасының арқасында жетімдік көрмей, Бәтен ата ұрпағын жалғастырып, өсіп-өнген үлкен әулетке айналды.

Анасы Күлмаш 1966 жылы 56 жасында сырқаттан дүние салды. Дәл осы мезетте баласы Жүрсін Отан алдындағы әскери міндетін өтеп жатқан еді. Анасына топырақ сала алмай, ешкім орнын толтыра алмайтын асылынан айырылғанын кештеу естіген перзеттің көзінің жасымен қатар жүрегінен қайғылы жоқтау шумақтары төгіліп жатты. «Хош ана өлеңінде»:

Анажан, қуанышты ең жеткеніме,

Мезгілсіз шыныменен кеткенің бе?

Қиналып қайғырамын, қамығамын,

Өмірден ерте сенің өткеніңе, – деп жырласа, «Ананы аңсау» өлеңінде:

Сағынып бардым өзіңді, алыс қаладан,

Сен жоқсың бірақ …

Құшпадың мені, анажан.

Тек қана суық қабірің жатты алдымда

Мұңайтты тұман көңілімді қамаған, – деп жаралы жүрек, қаралы көңілден туған жыр шумақтарымен жүзін жуып, байыз табады.

Әскери міндетін атқарып, асыл ана мейірімі мен құшағын аңсап келген жігітті асқар тау жалғыз ағасы Тұрсын мен аяулы жеңгесі Зоя тәте бауырына басып, қарсы алды.

Ерке «Жүкем» есейіп, тоқталып, жұмыс жолын бастап, еңбек пен білімді қатар шыңдау мақсатымен Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тілі әдебиеті факултетіне оқуға түсті.

Бұл кезде әпкем Қалимашпен мектепте басталған бала махаббат «Ұлы махаббатқа» айналып, қыз жігіт болып сөз байласып жүрген кезі еді. Қалимаш –  біздің отбасымыздың тұңғыш перзенті. Әкеміз Ысқақұлы Қамыш 1903 жылы туған, руы – Қаржас ішінде Жәдігер.  Қаныш Сәтбаев атамызбен үш-төрт атадан қосылатын туысы. Әкеміз біртуар ғалым бабамыз бар кезінде де, өмірден өткеннен кейінде де Сәтбаев әулетімен үнемі байланыста болып, араласып-құраласып жүрді. Әкеміз өмір тауқіметін, «тар жол тайғақ кешу» кезеңдерін, қайғы-қасірет көп көріп, қиындықты басынан өткерген адам. Бір атадан бір ұл, бір қыз әкелерінен үш жасында айырылып, жетім бала, жесір әйел ағайын тума арасында өсіп жетілген. Бір шаңырақтағы жалғыз бала жыраққа шығып оқуға мүмкіндік болмағандықтан ел ішінде ескіше (арабша) оқып сауат ашқан. Бірақ өзінің зеректігімен, алғырлығымен қазақша, орысша сауатын ашып, өз талпынысымен мол дүниені меңгеріп алған екен. Өзі де «мен самаучкамын» дегенді жиі айтатын-ды. Не керек, арабша білімі терең болды. Жалпы қазақ, орыс, араб, шағатай тілдерінде оқып, жазып, сөйлесіп отыратын.

Бірінші отбасы – жалғыз апасы, алты баласы, өмірлік қосағы – тегіс ел шетінде болған «Жәміндегі өрт қасіретінде» қаза болып, жалғыз соқа басы қалды. Осы қасіреттен ес жиы алмай жатқан тұста Ұлы Отан соғысы басталып, жауынгерлер сапында майданға аттанып, 1945 жылы елге оралған.

Колхоз, совхоз дәуірінде соғыстан кейінгі елдің іргесін көтеріп, дамуына өз үлесін қосып, қажырлы еңбек жолынан өтті.

Әкеміз Қамыш сөзге шешен, тұнып тұрған шежіре,  ел-жер тарихын терең білетін, елге сыйлы, айтары бар ақсақал қария болды. Ел-жұрт өмір бойы «Біттей аға» деп атады. Зейнеткерлік жастан кейін өмірінің соңына дейін ауыл имамы болды.

Соғыстан аман-есен қайтқан әкеміз жалғыздықтың күйін кешіп, уын ішіп жүргенде біздің анамызға кездесіп, шаңырақ көтереді.

Анамыз – Қамар Хабиболлақызы, руы – Қожа. Мұхамеджан қажының туған немересі. Нағашымыз Мұхамеджан қажы Баянаула округі, Ақкелін болысының мұсылмандарына бас болып (қазірше гид), қажылық сапарға Меккеге бастап апарған.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өлеңінде:

Басшы боп Мұхамеджан қажы кеткен,

Тілеуі бір он жолдасын қасына ерткен.

Кісі екен шариғатты айырмайтын,

Топырақ сонан болып үміт еткен, – деген жолдары бар.

Алланың қалауымен әкеміздің төсегі жаңғырып, өшкен оты жанып, түтіні түтеп, ел қатарлы отбасылық өмірі қайта жалғасты.

Анамыз дүниеге бес перзент әкеліп, әкемізді қуаныш пен бақытқа бөледі.

Тұңғышы – Қалимаш, одан соң, Жұмагүл, Бәтима, Бүрткітбай есімді ұрпақтары дүниеге келді.

Анамыз жаны ізгі, мейірімді, жан-жағына жылу таратып, күн сәулесіндей шуақ шашып жүретін. Қарапайымдылық пен ізгіліктен жаратылған жүзінен мейірім төгілген, ешуақытта қабақ шытпаған, жүрегі жылы, жаны таза, пейілі кең жан еді. Әттең…

Құдіреті күшті Алланың ісіне шара бар ма. Ардақты жан 37 жасында оралмасқа сапар шегіп, бақилық боп кете барды. Артында тағдырдың тағы бір соққысын күтіп алған әкеміз, тұңғышы 14, мен 8, сіңілім 6, бауырым 4 жаста асыл анамызды жоқтап қала бердік.

Өмір – өзен. Тірі адам тірлігін жасайды. Өлгеннің артынан кету жоқ дейді ғой. Біз үшеуіміз ойын баласы. Тамағымыз тоқ, киіміміз көк, маңдайымыздан сипап, жылы сөз айтқан жандарға қарап мәз болып жүре бердік. Дей тұрсақ та, ананың жоқтығы бізді ерте есейтті.

Барлық ауыртпалық та, салмақ та, уайым да әулетіміздің үлкені, апамыз Қалимаштың мойнына түсті. Ол кезде ауылда тек сегіз жылдық мектеп. Одан әрі оқуды аудан, қала мектептеріне барып жалғастыру керек. Үш бауырын көздерін мөлдіретіп, біреуге жаутандатып артына тастап кете алмаған әпкем оқуын жалғастырмай, үйде қалып қойды.

Арада жылыстап жыл өтті. Әкеміз шиеттей балалармен тірлік ету оңай соқпасын ойлап, бір адаммен үйлесіп, бізге екінші «ана» әкелді. Бану анамыз біздің шаңырақта 35 жыл ғұмыр кешті. Шешемнің мінезі де, білерлігі де бар, қолынан да, тілінен де келетін адал жан болды.

Ол кісі келгеннен кейін әкеміз Қалимашты 9-10 сыныпты жалғастыру үшін Қарағанды қаласындағы №2 мектеп-интернатқа оқуға апарып, нағашы апамыздың үйіне орналастырды. Он төрт жасында анамыздай бауырына басып мұңдас, сырлас, ақылшы, қамқор апамыздың алысқа кетуі ол үшін де, біз үшін де өте ауыр жағдай, қиын кезең болды. Не шара, көндік. Үйрендік. Қаладағы әпкемізді сәт сайын үздіксіз, сағына күтеміз.

Қалимаш Қамышқызы орта мектепті бітіріп, артынша  Алматы қаласына аттанды. Сол кезде «Московская – советская торговля» деген иниститут болды. Осы оқу орнында «товаравед» мамандығына түсіп, студент атанды.

Бұл кездерде мектепте басталған «Ұлы махаббат» жалғасып жатты.

Жүрсін Бәтенұлы орта мектепті Баянауыл қазақ мектеп-интернатынан бітірді. Екеуі жазғы демалыста жиі кездесіп, хат жазысып, бір-біріне деген сезім жалыны сөнген жоқ.

 Жүкеңнің –Жүрсін Бәтенұлының бойындағы даралық дарынды, өнерді, ұйымдастырушылық қабілетті, беттілігі мен мейірімділігін, қарапайым да қайырымды болмысын аз сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Ерекше ғажап жан еді.

Домбыра, мандалин, сырнайда ойнап, өлең шығарып, қара сөзбен шежіре-тарихтың мәйегін келтірген, майын тамызған жан.

Халқымыздың салт-дәстүрі, ұлттық ойындары, ұмытылып, алыстап кеткен кезінде демалысқа келген ауыл жастарын ұйымдастырып, іс-шаралар жиі өткізетін.

Дәл біздің үйдің жанындағы жазықта «Алтыбақан» құрып, ауыл жастары жиналып, «Ақсүйек» ойнап, ән шырқап, балалар мәз болып, сол жерді айналшықтап, қызықтап жүруші едік.

Жүкең оқымаған актер һәм режиссер. Ол кісінің ұйымдастыруымен дайындалған «Қаракөз» трагедиясы, өзге де көптеген пьеса-қойылымдар көз көрген адамдардың әлі есінде. Үлкенді өзінің іскерлігімен ұйытып, кішіні бойындағы ерекшелігімен қызықтырып, жат қылықтан аулақ болуға ықпал жасап, қамқорлықпен соңынан ерітітін еді. Қай жерде болсын өзінің қайталанбайтын болмысымен ойып алар орны бар азамат атанды ғой осынау жан ағамыз.

Жүкең әскер қатарынада үш жыл міндетін атқарып елге келді. Ауыл мектебіне мұғалім боп орналасты. Аға-жеңгемен қара шаңырақта тұрып жатты.

Бұл кезде апайымыз да Алматыдан оқуын бітіріп дипломын алып елге келген.

Шадыра (совхоз орталығы) «рабкооп» сауда ұжымына қызметке тұрды.

Батеновтар отбасында қуанышты сәт ұзаққа бармады. Тұрсынның жұбайы Зоя тәте 31 жасында мезгілсіз дүниеден озды. Қайғыдан қан жұтып, ағалы-інілі екі азамат, үш бала – Салимаш 10 , Қалимаш 6, Жұбаныш 3 жаста көздері жәудіреп, бейкүнә сәбилер анадан айырылып қала берді.

Шаңырақтарындағы осы тосын оқиғаның әсері ме, Қажыағам әпкеме үйлену туралы ұсыныс жасап, мазалай берді. Әкем жалғыз – алдында аға, артында іні, ер жеткен ұл болмағандықтан, Қалимаштың 1-2 жыл еңбек етіп көмек көрсету ниеті болған. Әкеме айтып жеткізу қиынға түсті. Естігенде өте ауыр қабылдады, өйткені үйде бауырларының көзінің жасын сүртіп, қамығып есейіп еді, тағдыр тағы да «тұл үйге тұтқа болып», анасыз сәбилердің тауқыметін тартып жаутандайды-ау деген ой жанын жегідей жеді. Екі жастың шешімімен құдалық түсіп, күн байласып, қазан айында әпкеміз ұзатылып, Бәтен әулетіне келін боп түсті. Бір қуаныш, бір қимас көңілмен шығарып салдық. Отбасымыз арқа сүйер бір азаматпен толыққандай қуандық. Біз Жүкеңді туған ағамыздай қабылдадық, «жезде» мен «балдыз» арасында болып жататын әзіл-қалжың, қылжақ-ойын дегендер ешқашан болып көрмеді.

Әкемізден кейінгі ақылшы айбарымыз да, қамқоршымыз да, қорғанымыз да осы  жанашыр аға болды.

Бір ауылда екі үйдің ортасында көңіліміз жай, аралас-құралас бір отбасындай жүріп жаттық. Әпкеміз барған соң, ол шаңырақтың шамы жанып, түтіні түзеліп, қазаны қайнап, дастарқаны майланып, жылылық пен мейірім шуағына бөленді. Шіркін, әйел-ананың орнын еш нәрсе толықтыра алмайды ғой өмірде.

Екі-үш жылдан кейін Тұрсын-Түкім отбасын құрып, Қажыағам отбасымен тұңғышы Қуаныш, Салимашты бірге алып бөлек отау шықты. Сәлимаш апамыздың тұңғыш қызы болып өсіп, сол үйден ұзатылды. Шаңырақтарында жанға жан қосылып, ұрпақ жалғасып жатты.

Қажыағаң ұлағатты ұстаз, оқу ісінің меңгерушісі, білікті де іскер басшы, жан-жақты қарым-қаблетімен танылып қызмет істеді.

1977 жылы Баянауыл ауданы, Шөптікөл мектеп-интернатына директор болып тағайындалып, ел-жұрт, ағайын-туыс шығарып салдық. Осы мектепте басшылықта бес жыл қажырлы да абыройлы қызмет істеді. Жүрсін Бәтенұлы ұстаздық жолда, білім саласында басшылық қызметте болса да ұлт мүддесі, өнер, салт-дәстүр дегенді биік қойып, жанын беруге әзір тұратын. Ондай сәттерді ешқашан көз қырынан таса қылған емес. Бойындағы осындай мәдениетке, өнерге деген шексіз жанашырлығы мен табиғи дарындылығы алып келді ме, 1982 жылы Екібастұз ауданының мәдениет бөлімінің менгерушісі қызметіне тағайындалды.

Екібастұз өңірі үшін, әсіресе, ұлттық өнер мен дәстүрімізді ұлықтап дамытудың бағы ашылған кезеңі десек, артық емес.

Бір хадисте: «адамның жақсысы – өзгелерге пайдасы тиетіні» деп жазылған. Әрдайым біреудің бойынан жақсылық іздеп, жақсылық жасауға әзір тұратын, жүрегі кең, жаны жайсаң азамат. Ауданның мәдениет бөлімін басқара жүріп, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүр мен ұлттық өнерді жарыққа шығарып, насихаттау, тасада ашылмай қалған таланттарды іздеп, оларды тәрбиелеп, жаратып бәйгеге қосу басты мақсаты болды. Ұлтымыздың төл өнері «Айтысты» халықпен табыстыруға қаншама тер төгіп, ақындар дайындап, тұсауын кесіп, додаға қосты.

Солардың ішіндегі бүкіл ел көлеміне танылған Серік Құсанбаев, Сабыржан Ахметов Жүкеңнің ақындық мектебінен өткен еді. Кешегі өткен Сал Жәнібек – Жүкеңнің төл шәкірті. Біреуге бере де, ала да білетін бойындағы ерекше қасиетімен, білгірлігімен айналысына өнерпаз, дарынды, ұлтжанды азаматтарды жинап, үлкен сахналарда «Қыз сыны», «Келіндер сыны», «Жігіт сұлтаны» т.б. тәрбиелік мәні зор іс-шараларды, «Наурыз» мерекесін өткізу облыс көлемінде бірінші ұйымдастырылған ауқымды іс десек, артық болмас.

Жүрсін Бәтенұлының ұланғайыр еңбегін бір мақалада айтып біту мүмкін емес. Ұлтын сүйген азамат. Кейіннен Екібастұз қаласындағы «Атамұра» мәдениет орталығында директор болып өнегелі ісін жалғастырды. Біраз жылдан соң қызметі ауысып, «Қоянды» ауылына қоныс аударып, сол жерге селолық округ әкімі қызметіне тағайындалып, өмірінің соңына дейін жұмыс жасады.

«Ауылдан адам көшкенмен, Адамнан ауыл көшпейді» дегендей, Жүкең ауылдан қанша жырақта жүрсе де бір сәт туған жерін есінен де, жүрегінен де шығарған емес. Ел ортасында, мектепте өтіліп жататын ұлылы-кішілі іс-шара, тойларда атсалсып, басы-қасында болатын.

Туған аулының әр кезеңдегі оқиғаларын, әр шаңырақтың тыныс-тірлігін, еңбек жолдарын, «Атаулы күндерін» жеке өз мұрағатына алтын қор етіп жинады. Туған жердің әр тасын, тауын, суын, жетістігін, ұлыларын өрнектеп, жырға қосып өтті. Осы тірнектеп жинаған дүниесінің туындысы – ауыл тарихының энциклопедиясы «Арайлы Ақкелін» кітабы.

Әттең дүние, бұл кезде ағамыз науқастанып жүрген шағы еді. Қызмет, күйкі тірлік. Уақыттың бұйырғаны осы кез болды. Мен сол кезде Қ.И.Сәтбаев мектебінде тәрбие ісінің меңгерушісі және мұражай жетекшісі едім. Осы кітапты жазу барысында материалды реттеп, жүйелеп, кейбір деректерді толықтырып, көмектесуге мектеп басшысы Бегендік Әліпбайұлы мені жіберді. Әлі көз алдымда, арқасына қара шапанын жамылып отырып: «Шіркін-ай, асығыс болды-ау, кеш қимылдадым, ойымдағыдай емес, көп нәрсе жазылмай, көп адам аталмай қалды. Кешірім сұраймын, осы дерттен аман қалсам, екінші бөлімін жазармын» – деп күрсінді. Өзінің көңілі толмаса да, ұрпақ үшін толымды толағай іс, дайын ауыл тарихы мұрағатын жазып кетті.

«Бір өзің әлем аспансың, жазылып бітпес дастансың». Ұлтын ұлықтап, елім деп еңіреп еңбек етіп, тарихын жырлап, артындағы өшпес мұрасымен өзіне есткерткіш қойып, халқының алғасынан марапат тағып, ешкімнен шен – шекпен дәметпей, өмірден өткен Асыл азамат еді Жұрсін Бәтанұлы.

Белгілі журналист-қаламгер Амангелді Қаңтарбаев ағамыздың естелік жырында:

Қайран Жүкем, еңбегін жанбай кетті,

Өз бағаңды лайықты алмай кеттің.

Сырқат меңдеп, болдырып жүргенде де,

Елім деуден бір сәтке танбай кеттің, – деп өкінішпен жырлайды. Иә, дұрыс теңеу. Бірақ, ол – Жүрсін Бәтенұлы ешқашан өшпейтін, сарғаймайтын, сандықта жатпайтын ескерткіш пен марапат иесі. Бәрін өзіне өзі жасап кетті, жоқтаушылары жалғастырды.

Жүрсін Бәтенұлының ұлы ғалым Қ.И. Сәтбаевқа арнаған «Даламның дара тұлғасы» туындысы ән болып қалықтаса, Ақкеліннің бауыры, Шорман ауылы қыстауының орнында «Елге арнау» атты жыры мәрмәр тасқа жазылып, ескерткіштер қатарында тұр.

Екібастұз қаласындағы «Атамұра» мәдениет орталығы ғимараты қабырғасында ескерткіш тақта орнатылған. Ақынның өмірі, жырлары, әңгіме-әзілдері, арнаулар, естеліктер топтамасы жинақталып, «Жыр жазамын жүрегімнен», «Жұлдыз-ғайып, өмір-ғапыл», «Ұлықтап өтті ұлт рухын» кітаптарына топтастырылып, өшпес мұра болып қалды. Бүгінгі ұрпақтың жыл сайын өткізетін еске алу кештерінде, мүшәйраларда жырлары оқылса, «Арайлы Ақкелін» кітабынан ел тарихын танып-біліп, Жүрсін Бәтенұлын мәңгі есте сақтайды.

Жүрсін ағамыз бен Қалимаш апамыз бақытты, бай-қуатты, ордалы отбасы болды. Дүниеге Қуаныш, Данияр, Дархан, Айдос, Елдос, Ердос есімді перзенттері келді.

«Түтінім түзу, арыстай алты балам бар» – деп өзі жазғандай, алты ұл өсіп-өніп, бір-бір шаңырақ иесі атанды. Аяулы екі жан екі әулеттің мықты «Қос бәйтерегі» болды.

«Қос Бәйтерек» биік тұрар шоқтығың,

Дәл сендердей бізге қамқор бопты кім?..

Ата-анамыз дүниеден озғанда,

Болдыңдар-ау қамқоршы да, қорған да,

Білдірмедің олардың да жоқтығын, – деп терең күрсінеміз, аңсаймыз, сағынамыз.

Қажығаң дәл әкесі мен ағасының жасы – 59 жасында бақилық сапарға аттанды. Қабырғамыз қайысып, іргеміз сөгіліп, көз жасымыз төгіліп қала бердік. Амал не…

Ата-анамның алғашқы тұнығы, асылдың титтей сынығы апайым Қалимаш Қамышқызы араға он екі жыл салып, 71 жасында, дәл үйлену тойлары болған 29 қазан күні кешкі 6-да мәңгілік мекеніне қайтты. Отасқандарына 48 жыл болған күні сыңарымен о дүниеде табысты. Жазу осылай болды.

Ағамыз өмірден өткенде егіліп тұрып жеті шумақ жоқтау өлең арнадым:

….. Біздер үшін сен ерекше дана едің,

«Жезде» емес, бірге туған аға едің.

Тауқыметті қиын-қыстау кездерде,

Асқар таудай тірек болар пана едің…

Иә, асқар тау, шынар бәйтерек, кемеңгер ақылшы, ақын-ұстаз, ел үшін туған бірегей тұлғаны бүкіл елі жоқтады.

Шара бар ма жазғанына Алланың,

Орындалмай қалды-ау талай арманың.

Аяулы аға, жалы биік Азамат,

Өміріңді елің үшін арнадың…

Көз жанарында мейірім, жүрегінде иман, адамға шапағатымен нұрын шашып тұратын жаны шуақты еді-ау Қажыағамның.

Асыл қасиеті мен дара дарының, дарқан көңілдерімен, өнегелі өмірлерін мақтан етер, пір тұтарлық тұлғалар біз үшін. Бәйтерек – мәңгілік өмір ағашы, тамыры терең, бұтақтары көкке – аспан әлеміне жетеді.

Қос Бәйтерек, мәуелеп өскен ұрпағыңмен 80 емес, 1000 жасайсыңдар.

Арғы-бергі тарихын туған жердің,

Парақтап, тереңінен маржан тердің.

Ыс баспас есіміңді ешқашанда,

Лағылдай жарқырайсың жадында елдің! – деп журналист Торғын Оразалы жырлағандай, Аяулы Асылдарым сендер біз үшін Саф алтын, гауһар тастай жарқырап, мәңгі есімізде сақталасыңдар.

 

Жұмагүл ҚАМЫШҚЫЗЫ,

туысы.

Баянауыл ауданы.

Добавить комментарий