…Бұған дейін тек басылым бетіндегі жазбаларынан есімін ғана танып келген Бақыт Баймұратов ағаммен жақыннан танысуым осылай басталып кетті.

Рас, «оқушы баланың шұлғауға оратылғандай «шатпағын» қара шаңырақтағы мүйізі қарағайдай журналист-ағалар не қылсын, тәйірі» деп, біраз уақыт бұрын редакция құжырасына өз қолыммен апарып берген жазбамның жарияланатынына онша сеніңкіремей, тақырыпты жылы жауып қоя салғанмын. Арада бірер ай өткен соң, «шатпағым» басылым бетінде жарияланбақ түгілі, артынан пошта арқылы «қаламақы тиесілі» деген хабар арқалап, тілдей қағаз да жетіп тұр!

Бұл кезде жазғы каникулда ауылда жүрген едім. Шаңқай түс әлетінде шешем Рахима үйге менің атыма жіберілген құжат-қағазды ұстап оралды. Ауыл поштасынан ұстатып жіберіпті.

Мұның не екенін бірден ұға қоймадым, рас. Отбасы болып ауқаттанып отырған үстел басында құжат-қағаздың жөн-жосығын әкем түсіндіріп жіберді.

– Бұл облыстық газеттің редакциясынан сенің атыңа жолданыпты. Жазбаң осы газетке шыққаны үшін редакция гонорар төлейді екен саған, – деді әкем Әлімжан ризалық көзбен маған қарай.

«Уау, жазғаныңды басып шығарады, онымен тынбай ақша төлейді! Неткен күшті еді бұл!» деп танауым делдиіп, масаттана желпініп, басым айналған сәт бүгінгідей есімде.

…Тек бірге жүріп, біте қайнасқан замандас-әріптестерінен көп естігенім болмаса, Бақыт ағаның ұлан-асыр тойда асабалық жасағанын, әрине, өз көзіммен көрмедім. Есесіне, өлеңдей өріліп кете берер, үлкен-кішіні үйіріп алар көркем де түйдектелген тамаша тіркестерін шағын ортадағы іс-шараларда өз құлағыммен талай мәрте естідім. Сыртынан сүйсіне көз салып, ағамның табан астында образға еніп кететін келбет-кейпінен назарымды алмай, қазыналы да кеніштей кеудесінен төгіліп жатқан тіркестерін тұшына тыңдайтынмын, сүбелі дерлік сөздерін санама түйіп алуға, көкірегіме құйып алуға тырысатын едім…

Біз журналистика әлемінің есігін енді ашып жатқан тұстарда ағамыз бұрынғыдай той-томалақтарда тізгінші болуын доғарған-тұғын. Оның үстіне тоқсанның соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында той-думан сахнасына жалынды жастар легі қаптап шықты. Ағам кейіндері шоу-әлем деп атала бастаған бағытта той басқарып, топ ортада сөз саптап жүрген жігіттердің деңгейіне өткір сын айтып, әттеген-ай деп отыратын.

– Сәттік күлкі ғана сыйлар, таным-түсінікті арттыратындай түгі жоқ жеңіл сөзді жаттап алып, онысын жүректі жаулайтындай етіп жеткізе алмайтын жылпостар көбейді осы күні. Кейде қайсыбір тойдың төрінде отырып, «Мына бала ана бір сөзді былайша айтса, мына бір сәтте мынандай тіркестерді ұтымды қолданса, тыңдаушы жұртқа да барынша қуатты түрде жетер еді, той келбеті де құлпырып кетер еді…» деп тыпыршып отыратын кездерім жеткілікті, – деген еді жұмыс басындағы емен-жарқын әңгімеміздің бірінде басын шайқап қойып…

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий