«Табиғатында ақын болып жаратылған адам» деп Жүрсін Ерман ағамыз айтпақшы, қадір тұтып сыйлар ағамыз әрі замандасымыз Ғалым Жайлыбай ардакүрең ақын атанған азамат. Ғалекеңнің «Ардакүрең» кітабының да жарық көргеніне 20 жылға жуық уақыт болып қалыпты. Ал, менің Ғалекеңмен таныстығыма тура ширек ғасыр болған екен. Оның өзі Қазақтың заңғар ғұламасы, академик Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болып, Халықаралық Сәтбаев қорының президенті, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек аға Салықовқа барғанымда, сол қордың атқарушы директоры, қырықтың қырқасына шыққан Ғалекеңмен кездестік. Ол кезде әсем Алматыда жаңа ғана жас профессор атанып, химия ғылымдарының докторы болғандығыма масаттанып жүрген мені Ғалекең шаруабастылығы болды ма, әлде «артықтау ақындық арқасы» ұстады ма, жүрдім-бардымға салып, дұрыс сөйлеспей, бүгінгі тілмен айтқанда «контактіге» түспей, аздап өкпелеп қайтып кеткен болатынмын.

Бүгінгі күні өзім сол қорды басқарып отырғанда және өткен жылы Қаныш атамыздың 125 жылдығын мемлекеттік деңгейде жыл бойы атап өткенде, «шаруабастылықты» түбегейлі түсінгендей болдым. Сөйтсем, Ғалекең сол 1999 жылы Қаныш ғұламаға арналған «Заңғар» атты естелік кітапты жазып, дайындап, Халықаралық қордың күнделікті іс-шараларымен басы қатып, уақыты қауырт болып жатқан шағы екен…

Биыл осы кітаптың негізінде «Қаныш Сәтбаев. Естеліктер» атты толықтырылған қомақты кітапты дайындап, баспадан шығардық. Сонымен қатар, Ғалым Жайлыбайдың ұйытқы болуымен жарық көрген «Заңғар: Қ.Сәтбаев туралы естеліктер» (Алматы: Айқос, 1999) кітабын да қайта баспадан басып шығарып жатырмыз. Алла бұйыртса, Ғалекеңді тағы бір қуантатын күндер алда деп ойлаймын.

Сонымен, жылдар жылжып өте берді. Бізді қайта табыстырған Ертіс-Баян өңірі болды. ХХ ғасырды артқа тастап, ХХI ғасырдың алғашқы жылдарының бірінде, менің С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде проректор болып жүрген кезімде, кейіннен Баянауыл еліне Ғалекеңнің келгенінде, әсіресе, ақынның «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атанғанынан кейін, соңғы жылдары аралас-құраластығымыз жиілей түсті. Туған жеріңнің ыстықтығын талантты ақындардың арнаған жырларын оқығанда, кеудеңнің ақын үшін де, кіндік қаның тамған жер үшін де шаттанғандығыңды өзің де байқай алмай қалады екенсің. Соның бір көрінісі ардақты ардакүрең ақын Ғалекеңнің Баянауыл мен Жасыбай жеріне арнаған бірнеше өлеңі болып табылады.

«Жасыбай көлі» атты өлеңінде:

«Соңы тұйық соқпақтың басы қайда?

Бастап мені әкелер Жасыбайға.

Өмірімнің өрнегі өлең еді –

Көңілімнің көлдері тасымай ма?!» – деп шабыт алып, өлеңді өмірінің өрнегі тұтқан Ғалекең «Баянаула. Түнгі тілек» атты жырында:

«…Саған келем сарғайсам саялауға

Саялауға, арымды аялауға.

– Баяны жоқ тірліктен баян тауып,

Кел, – дейді Баянаула» – десе, енді бірде «Баянтаудан қайтқанда» атты өлеңінде:

«Бұл өлкенің ежелден құт әні бар,

Жанғың келсе, бар-дағы, тұтанып ал…

Ұтылғаны… әлі де ұтары бар.

Мәшһүрі бар

Олжасы,

Бұқары бар,

Сүйіндіктің сүйкімді бұтағы бар,

Жадыратар жаныңды жұпары бар…» – деп көсіле жырлайды.

Ағайынды Қуандық пен Сүйіндіктің 13-ші ұрпақтары болып отырған Өзім мен Ғалекеңді аға баласы ретінде ғана сыйламай, жырына ғашық оқырманы ретінде қадірлеймін.

Бүгінгі күні Қазақ поэзиясында өлеңдері мен поэмалары арқылы халқының жүрегінің төрінен орын алған, таланты ерекше ақын кім десе ойланбастан Ғалекеңді таңдар едім. Оның өлеңдері терең мазмұнды, лирикалық және философиялық ойларға бай, оқырманды өзге өрнектер әлеміне еріксіз тартып әкетеді. Ғалым Жайлыбайдың шығармаларында табиғат пен адамның рухани әлемі, махаббат, туған жерге деген сүйіспеншілік, халықтың тарихы мен болашағы туралы ойлар айқын көрініс табады. Ол өз кітаптарында қазақтың дәстүрлі поэзиясын заманауи формалармен үйлестіре білді және осы арқылы әдебиет әлемінде өзіндік орнын ойып тұрып алды.

Әр өлеңі бір әлем болғандығының бір көрінісін ғана төмендегі:

«Жан жанарымнан жас саулап тұрып жыр жаздым –

Қанға малынған қаламның ұшын тістелеп» – деп жазғанын «Сұрақ белгісі» атты поэмасын оқығанда, Ғалекеңнің жыр жолдарына, Өзіңнің қалай «тістеленіп» қалғандығыңды да байқамақ түгілі, мұндай жүректен туған пәлсапалық сөздер тізбегін тізбелеген ақынға еріксіз мойынсұнасың. Мұндайда, өзім ерекше қадір тұтқан, қайталанбас ақиық ақын Несіпбек Айтұлының Ғалекеңді ақын інісі ретінде, жыр жампозы ретінде жақсы көргендігінің куәсі болып жүрдік.

«Қаламға у болса да сия тәтті…» – деп кеткен марқұм Несіпбек Айтұлының қырық күндік асында Ғалекең былай деп НесАғаны еске алып еді: «Ауырарынан бір ай бұрын бір хабарласқанымда: «Мәшһүр Жүсіп жайлы дастан жазу ойда бар, Ғалым, саған бөтен ел емес қой, Алтынбек Нухұлы бауырың үшеуміз, сәтін салса, атаның басына барып қайтайық» – деген еді. Сәтін салмады» – деп Ғалекең «Қазақ әдебиеті» газетінде жазба қалдырып еді… Расында да Несіпбек ағаның менің өтінішім бойынша жазған «Қаныш», «Ахмет» поэмаларынан кейін ниеттенген «Мәшһүр», «Әлкей» поэмалары өмірге келмей қалды. Әрине, НесАғаның өмірден ертерек бақи дүниеге аяқ-астынан аттанғаны өкінішті…

Алайда, Ғалекең «Сұрақ белгісі» атты поэмасында осы бір өкініштің орнын азды-көпті мынадай жолдармен толтырып өткендей болып көрінеді маған:

«Адамзат көші адаспау үшін тұманда,

Айтылған бәрі…

Інжілде, сосын Құранда.

Жалғыз қауызға сыйғызатыны рас екен –

Алты құрлықтың ақылмандарын бір Алла!…

 

…Бұл заман – тағы заман, қасқыр заман,

От қойды дүниеге, қас қылды адам.

…Бұл аңыз – Нұқ пайғамбар заманынан,

Біздерге хаттап кеткен – Мәшһүр бабам!» – деп әулие Мәшһүр Жүсіпке сүйіспеншілікпен зор бағасын береді.

Осындай байыпты бағаны Ғалым Жайлыбай ақынға аға буын өкілі Нұрлан Оразалиннің осы поэмаға қатысты айтқандары өте орынды: «Сұрақ белгісі» – бәрімізді алаңдатып жүрген, адамзат баласына ортақ проблемаға батыл барған, екі дүние арақатынасын қозғайтын кесек, іргелі дүние. Тынысы кең, айтары мол шығарма! Осы кезеңдегі қазақ өлеңінің жаңалығы! Серпіні еркін, тілі көркем, бейнелі. Қазақ жырының жаңа бетін ашқандай болдым» – дейді Нұрекең. Ғажап баға емес пе ақын үшін. Бұдан артық айта аласың ба?! Немесе, әйгілі жазушымыз Смағұл Елубай ағамыз: «Сұрақ белгісі» – салмағы сан ғасырға жүк боларлық дүние» – деп әділ бағасын береді.

​2022 жылы Ғалекең «Ай таңбалы арғымақ» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Жанкүйері екендігімізді Ғалекеңе айтып, тілеулестігімізді білдірдік. Бәйгеден озып, ардакүреңдігін дәлелдеген, сәтін салып, маңдай терінің еңбегі ақталғандығына шын қуанған жандардың бірі болдық. Осы кітабын Ғалекең мынадай тілекпен жазып беріп еді: «Қадірлі Алтынбек бауыр! Қатар жүрген күндерден естелік болсын. Бабалар рухы қолдап жүрсін. Өміріңе өлеңдей үйлесім тіледім. Бағың асып, берекең молайсын. Ізгі ниет, достық көңілмен Ғалым Жайлыбай».

Бұл кітапты жаз айында Қаныш атамыздың 125 жылдық тойынан кейін Ғалекең сыйлаған еді. Сол тойда Қазақтың маңдайалды ақын-жазушылары Жүрсін Ерман, Тұрсын Жұртбай, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Аманжол Әлтаев, Жанарбек Әшімжан, Жарқынбек Амантайұлымен бірге болған ауылдағы іс-шарада Ғалекеңе сөйлеген сөзінде Қаныш Сәтбаев атасы атындағы Халықаралық қорда атқарушы директор болғанын еске алды. Сол кезде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Сәтбаев Халықаралық қорының алғашқы президенті, ақын, марқұм Кәкімбек Салықовтың оң қолы болып қызмет атқарғандығына тоқтала отырып, Баянауыл елін сүйіп қана қоймай, етене араласатынын айта отырып, Жаяу Мұсаға арнаған керемет поэмасынан үзінді оқи отыра, Баянауыл тұлғаларын тарата тарамдап, ыстық ықыласын білдірді.

Қаныш Сәтбаевтай біртуар тұлғаны «…Бар қазақтың ағасы өзің едің – жеті қаттың жұмбағын зерделеген» – деп екі жолмен-ақ Ғұлама Қаныштың бүткіл болмысын ашып береді. Осы өлеңін менің туған жеріме, ата-бабама және маған арнағанына риза болғандығымды Фейсбук парақшамда білдірген едім…

​Ғалекеңе Қазақтың белгілі ғалымы, академик ағасы Серік Қирабаев: «Ғалым ақын бойында ұлы ақындарда болатын қасиет бар… Ғалым өлеңдері – бүгінгі қазақ лирикасының жаңа беттері…» – десе, әріптес ағасы ақын Темірхан Медетбек інісінің шығармаларын бүгінгі қазақ өлеңіндегі шертпе күйге теңейді. «Ғалымның да өзгеше өрілген өлеңдері сол қатарда тұруы хақ» – деп айтқаны, құран тектес қасиетті қара өлең Қасым мен Мұқағалилардан қалған шекпенін жамылуын Фариза апай Оңғарсынова Ғалекеңе тілегендей болып маған көрінді.

Ұзын сөздің қысқасы, «Жамандық жасасаң да, жақсылық жасасаң да жауапсыз қалмайды» – деген қағиданы бойына берік ұстанған мен білетін Ғалекең өте сабырлы, абыройлы және адамгершілігі мол азамат. Бүгінгі қоғамның нағыз тірегі болар, айналасына үлгі боларлық тұлға. Мұндай адам қиындықтарға төзімді, әділдікті ұстанатын, әрдайым өз сөзіне жауап беретін жан деп білемін. Ғалекеңнің бойындағы ақындық қасиет қана емес, сабырлылық оған кез келген жағдайды байыппен шешуге, эмоцияға берілмей, дұрыс шешім қабылдауының куәсі болып жүрміз.

Сөзі мен ісі сай, адамгершілігі мол Ғалекең әрдайым әділдік пен мейірімділікті ту етіп, өзгелерге көмек қолын созуға дайын тұрады. Ол өзгенің қуанышын бөлісіп, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген ағамыз. Мұндай қасиеттерің тереңірек түсінген кездерім, ол – Қаныш атамыздың Астанадағы ескерткішінің қасына аңыз адамдардың аңыз тұлғаға сөзбен берген бағаларын гранит сынтастарға мәңгілікке жазып қоямыз деп Ғалекеңмен ақылдасқан кездерім. Сол кезде Ғалекең ұстазы Кәкімбек Салықовтың ыстық лебізді сөздерін тауып беруде атсалысқаны ешқашан ойымнан кетпек емес.

…Ғалым ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары, «Қазақ радиосының» бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, «Жұлдыз» журналының бас редакторы секілді жоғары лауазымды қызметтер атқарған.

Өлеңдері мен поэмалары ағылшын, түрік, орыс, белорус, грузин, украин, татар, қырғыз тілдерінде, жеке топтамалары әлемнің 20-дан аса мемлекетінде басылған. «Қара орамал» поэмасы әлемнің 16 тіліне аударылып жеке кітап-альбом болып оқырманның жоғары бағасын алған. Осы поэма Швецияның Стокгольм қаласында VI «ОРЕN EURASIAN» әлемдік байқауында жүлделі үшінші орынды иеленген. «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдің иегері Ғалекең көптеген мемлекеттердің арнайы сыйлықтарымен де марапатталған.

Осындай атақ пен марапаттың иесі Ғалым Жайлыбайдың поэзиясы ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды дәріптейді, өлеңдері тек қана әдебиет әуесқойлары үшін емес, сонымен қатар бүкіл қазақ халқы үшін құнды мұра болып табылады. Оның шығармалары арқылы біз өткеннің терең тарихын, бүгінгінің шынайылығын және болашаққа деген үміт пен сенімдерімізді көреміз деп айтуға хақымыз бар шығар деп ойлаймын.

Сөз соңында тағы бір марқасқа ақиық ақын ағамыз Ұлықбек Есдәулеттің Ғалекеңе арнаған сөздерімен аяқтасам деп едім: «Сұлубайдың әні» атты кітаптың төрт тілде жарық көруінің өзі – бір ғанибет әрі, әдебиетіміздің абыз ақсақалдары айтқандай, үлкен құбылыс!» – дейді.

Құбылыс жасау екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Ондайлар ілуде бір. Сол біреудің бірегейі Ғалекең, «Тамакөшкен» поэмасында былай деп толғайды:

…Ұрпақ бар аққу құстай таза демі,

Қанатын көкке самғап жазады елі.

Дауылын дария-өмір жолықтырмай –

Бауырың бүтін болсын, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

Ылайым солай болсын!

Алтынбек НУХҰЛЫ,

Академик, ҚР Парламенті Сенатының депутаты,

Баянауыл ауданының Құрметті азаматы.

Добавить комментарий