Халық ақыны Жүнісбек Ахметұлы Жолдиновтың туғанына – 130 жыл
«Ақын болсаң артыңда сөз қалады,
Балаң болса мирасқор көз қалады.
Таңырқанып оқитын тәтті болсын
Өшпейтұғын мәңгілік із қалады», – деген жыр жолдарымен өшпейтұғын мұра – асыл сөздерін қалдырған суырыпсалма ақын, композитор, ұлттық би өнерін насихаттаушы Жүнісбек Ахметұлы Жолдиновтың туғанына биыл 130 жыл.
Айтулы мерейтойға орай сан қырлы өнерпаз жерлесіміз туралы түрлі әдебиеттер мен ақпарат көздерінен жинақтаған және баласы Тұрлыбектен алынған деректерді оқырман қауымға жеткізуді жөн көрдім.
Жүнісбек Ахметұлы Жолдинов 1895 жылы бүгінгі Бұқаржырау ауданына қарасты Керней ауылының Қызылтау баурайында туған. Ата-анасынан 5 жасында жетім қалып, атасы Жолдының інісі Бердінің баласы, өзімен қатарлас, дәулетті тұрған Маңқайдың отбасында 12-13 жасына дейін «Қозышы бала», «Бақыршы бала» болып күн кешеді. Жас шағынан көрген өмірдің қатал қыспағына қарамастан өнерге бой ұрып, сезімтал боп өседі.
«Бес жасыма келгенде
Ата-анам өлді жасымнан,
Еркелік тайды басымнан,
Халімді білер ешкім жоқ,
Ағайын тайды қасымнан.
Он беске жеттім кезекпен,
Етегім тозды тезектен.
Аш-жалаңаш дірдектеп,
Су тасыдым шелекпен.
Арызым жетпей болысқа,
Қадірім жетпей танысқа.
Күн көрістің жағдайы
Бала болдым орысқа», -деп «Өмір» атты өлеңінде көрсеткеніндей, буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, ауыр еңбекке араласып, бай малын бағып жүрген шағында момын орыс отбасына тап болады. Оның тарихы былай: Жүнісбектің ауылына жақын маңдағы Белағаш ауылына Шонжа деген қазақ диірмен салдыртады. Сол құрылыста қазақтармен араласып, қазақша білетін балташы Ермолай деген жігіт жұмыс жасап жүреді. Бір күні ол байдың Жүнісбекті ат бауырына алып сабап жатқанын көріп, жұмысын тастай салып, балтаны алып, даланың сойқан содырына тұра ұмтылып, араша түседі. Осылайша Жүнісбек 8 жасында жел диірменде істейтін Ермолай деген жігітке еріп, Белағаш ауылына келіп, Кирилл Гарголович деген шағын шаруашылығы бар егде адамға асыранды бала болады. Кирилл Жүнісбекке «Кузьма» деген ат береді, тіпті оны өзінің баласындай, жалғыз қызы Мариядан да бір кем көрмейді. Кирилл Жүнісбекті қасына ертіп, еркін ұстап, ерте жастан шаруаға баулып, егін салу кәсібін үйретеді. Жағдайы қиын болса да, оған пана болып, өсіріп, азамат етеді.
Сол кездері туралы Жүнісбек былай деп айтқан екен: «Әкем Кирилл жуас, момын адам еді, қатты ұрыспай көбінесе ақылын айтып, адам бол деп өнеге айтатын. Мария үшеуіміз жер жыртып, далаға түнеп жүретінбіз. Бір күні мен ерігіп, қурайдан сыбызғы жасап өзімше әнге қосып, шырқай бастағанымда маяда жегулі тұрған аттар үрке жөнелді. Көпке дейін ұстатпады. Ертеңінде ғана әкем қатты жараланған аттарды алыстан қайырып әкелді. Сонда да маған ұрыспай, тек атты үркітуге болмайды деп ақыл айтты. Сөйткен әкені мен де өмір бойы жақсы көріп кеттім».
Осы әке қолында жүргенде, орыс баласы қатарында «Кузьма Кириллович Гарголев» деген текпен 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Латвия жерінен, Рига қаласынан бірақ шығады. Окоп қазуға барғандар 1917 жылдың жазында елге біртіндеп қайта бастайды.
Жүнісбек Мариядан хат алып, әкесінің қайтыс болғандығын, қарындасының тұрмысқа шыққандығын естіп, Омбы қаласындағы өнеркәсіп орындарында шаруалар маңында, күнделікті жұмыс істеп қалып қояды. Оқуға түсемін деген талабы орындалмайды.
Арада екі жыл өткен соң, 1918 жылы ол Белағаш ауылына оралып, Фрося атты кәрі орыс шешесіне қайтып келіп, етікшілікпен айналысады. Бірер жылдан соң шешесі де дүние салады. Ең соңғы тірегінен айрылғаннан кейін Жүнісбек Белағаш ауылынан мүлде қол үзіп, Қарқаралы қаласына келіп, өз алдына үй болып отау тігеді. Әйелі елден барған қазақ балаларының кірін жуып, тамағын дайындайды, өзі ұсақ-түйек кәсіп етеді. Мұндай тұрмыс әрине, Жүнісбекті қанағаттандырмады. Жеткіліксіздік, мұқтаждық көңілін қажытса да, есіл дерті оқу болып, сауатын ашпақ болады.
Осы мақсатпен 1921 жылы Омбы қаласына келеді. Күндіз жұмыс істеп, кешке ересектер оқитын, жұмысшылар мен шаруаларды жоғарғы оқу орнына түсуге дайындайтын мектепте оқиды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жаяу Мұса Байжанов, Иса Байзақовтармен таныс-біліс болып, көзі ашық, көкірегі ояу Жүнісбек сол кездегі қаладағы қазақ жастарының ойын-сауық үйірмелеріне қатысады. Қиссаларды жатқа айтады, өзінің ағайыны Қошке Кемеңгеровтың «Қасқырлар мен қойлар» пьесасында, одан өзге «Еңлік-Кебек» пьесасында Жапаш қойшының рөлінде ойнайды. Дегенмен ілгеріде Жүнісбек бұл мектепке қайта орала алмай, тіршілік қамымен кетеді.
1939-1949 жылдары Ақмола (бүгінгі Астана) қаласында тұрады. Ақындық өнерден басқа емшілік қасиеті бар Жүнісбек Ұлы Отан соғысы жылдары Ақмола қаласындағы әскери госпитальда жаралы жауынгерлердің жарасын таңып, ем-дом жасап, жұмыс жасайды.
(Өлкетанушы, шежіреші Серік Жақсыбаевтың шаңырағында)
Соғыстан кейін 50-жылдары Қарағанды қаласына келіп, бүгінгі Октябрь ауданында тұрады. Сол кезде қаланың орталығы боп саналатын ауданнан ескі үйлердегі тұрғындарды көшіре бастайды. Жүнісбек ақынға Гоголь көшесінен бесінші қабаттан үй беріледі, бірақ биік қабаттағы үйге үйренісе алмай, Бабаев атындағы кеңшарға көшпек болады.
«Кузьма Кириллович» деген атпен елге танымал болған Жүнісбек ақын 1964 жылы Алматыда академик Қаныш Сәтбаевты жерлеуге қатысып, көпшілік алдында ғалым рухына арнап жазған «Қазақтан асқан бұл Қаныш» деп басталатын жоқтау өлеңін оқиды. Содан бастап оның шығармалары баспасөз беттерінде жарық көре бастайды.
Ақынның өнеріне ден қойған Баянауыл ауданы шақырту жіберіп, 1964 жылы Теңдік ауылына көшіп барады. Осы кезге дейін Жүнісбек-Кузьманың басынан кешкен өмірбаяны, оның ой-санасын, жігер-қайратын, тіпті таптық намысын от жалынына суарып, шыңдап шыққандай еді. Оған қоса оның дарынды сезімталдығы, зеректігі көп әсер етеді. Ол өз өлеңдерінде жаңа заманды, бейбітшілікті жырға қосады. Әрбір шыққан өлең-жыры осы ауданның «Қызыл ту» газетінде үздіксіз жарияланып тұрады.
1968 жылы әйелі қайтыс болып, ұлы Тұрлыбекпен қалған ақын Ақжар ауылына, 1970 жылы Ақөреде тұратын ұлы Назымбектің қолына көшіп барады.
Өмірдің қатал қыспағына мойымаған Жүнісбек ақын кейіннен айтыстарға қатынаса бастайды. 1972 жылдың маусым айының 6-11-і күндерінде жыр алыбы – Жамбылдың туғанына 125 жылдық мереке ұйымдастырылып, оған республикадағы халық таланттарының үздік өкілдері бас қосады. Алатау аспанын ән-жырдың сұлу үні тербеп, халықтың рухы, жаны жаңғырған бұл салтанатта республикамыздың шартарабынан 70-тей импровизатормен қатар, жыршылар, күйшілер, термешілер, сыбызғышылар, халық әншілері өнер көрсеткен. Суырыпсалма ақындар Көкен Шәкеев пен Әбікен Сарыбаев, Манап Көкенов пен Әсімхан Қосбасаров, Қалихан Алтынбаев пен Сағынғали Мұқанов, Құлжабай Төлеуов пен Бақытжамал Оспанова, Қимадиден Нұғыманов пен Сара Тоқтарбаева, Тынышбай Рахимов пен Шолпан Қыдырниязова, Мұса Асайынов пен Бикен Сембаева, Көшеней Рүстембеков пен Бәтима Батырбекова, Жүнісбек Жолдинов пен Молдабай Жолдыбаев сөз сайысында жарқырап көрінеді.
Осы додада талайларға таңдай қақтырған жас Көшенейдің өнеріне разы болған Бұқар жыраудың ұрпағы Жүнісбек Жолдинов атамыз:
«Жырлағанда Жиенбай,
Құлақтың құрышын қандырған.
Өрен өнер өшпепті,
Ұрпағына қалдырған.
Тыңдаушыны баурады,
Ақындарды арбады.
Есімізден тандырған.
Ата жолын қуыпты,
Бала жырау балдырған.
Жиырма үште жасы бар,
Таңдайдан бал тамдырған» ,-деп өз заманының дарабоз жыршысы, жыраулықтың жампозы атанған өнер иесі Жиенбайдың бел баласы Рүстембектің Көшенейіне қарата жыр айтады. Өкінішке орай, кейін осы өнерпаз Көшеней Мәскеуде оқып жүргенде жиырма жеті жасында қапыда қаза болады. Ал Жүнісбек ақынның Көшенейге арнау жыры және Молдабай Малдыбаевпен айтысы 1975 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» атты кітабына енгізілсе, осы жыр-толғауы бүгінде «Көшенейге арнау» атымен Сыр елінің жырауы Серік Жақсығұловтың орындауында кеңінен танымал.
(Жамбылдың 125 жылдығына орай республикалық айтыста жиналған ақындар арасында)
«Ақын сәні келмейді,
Төгілдіріп жырламай.
Күйші сәні келмейді,
Он саусағы ойнамай»,- деп өлең-жыр төгілткен Жүнісбек ақынның шығармалары көзі тірісінде мерзімді басылымдарда жарияланып, бірнеше жинақтары шыққан.
Ақынның жаңа өмірді, шат тұрмысты, халықтар достығын жырлаған өлеңдері мен «Ермек пен өрнек» атты дастаны 1966 жылы Алматы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ойлар» жинағына топтастырылған. 1969 жылы «Өрендерге өнеге» атауымен баспадан шыққан жинағына адамгершілік пен адалдықты, достықты жыр еткен үлгі-өнеге, нақыл, ғибрат өлеңдері мен толғаулары топтастырылған.
1972 жылы баспадан шыққан «Еңбек күйі» атты жинаққа ақынның «Әңгіме, сөз сөйлейін әуел бастан», «Қарттардың қате сөзін кешірмесе», «Судың керек тұнығы», «Телевизор алдында», «Көршінің жақсы болмағы», «Қарағанды қарқынды» атты өлеңдері енген. Жиен туысы болған профессор Серік Жақсыбаевтың дерегі бойынша ақынның баспа бетін көрмеген көптеген өлеңдерін 90-шы жылдары Алматыдан келген аты-жөні белгісіз біреу «іске жаратамыз» деп сұрап алып, ұшты-күйлі еткен.
Сондай-ақ, Жүнісбек ақындығын көрсететін шығармалар – дастандар жазған. Оның аңыз ізімен жазылған «Ермек пен өрнек» атты дастанында патшаның қызы Өрнектің жар таңдауы, өнерлі де ақылды жетім жігіт Ермекпен танысуы, ажалдан құтқарған өнер мен білімнің құдіреті туралы әсерлі баяндалады. Одан өзге Ұлы Отан соғысының батыр партизандарының бірі Жылбек Ақәділовпен кездесіп, оның ерлік істері жайында «Партизан Жылбек» атты дастан жазған.
Әдеби деректерден, замандастарының естеліктерінен белгілі: кезінде көптеген импровизатор әншілер халық биінің өнерін кемеліне дейін меңгерген. Олардың қатарында төбе биін билейтін Ағаш-аяқ лақап атымен танымал әнші Берікбол Көпенов, Шашубай Қошқарбаев, Жүнісбек Жолдинов, Қарсақ Қопабаев және басқалары бар. Барлық фестивальдарда, жәрмеңкелерде импровизатор әншілерді қарсы алып, онда ән шырқалған, театрландырылған билер, бишілердің күші мен ептілігін көрсететін би ойындары, пантомима мен әзіл-қалжыңмен сүйемелденген қойылымдар өткізілетін болған. Жүнісбек ақындығымен қатар, халық билерін нақышына келтіре орындап, бишілік қырымен де танымал болған өнерпаздың бірі.
Этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың «Уақыт керуені» атты кітабының 89-90, 152-беттерінде Жүнісбектің бишілік қыры туралы мынадай деректер берілген: «1966 жыл. Алматыдағы бір таныс кісінің баласын үйлендіру тойына мен де шақырылған едім. Той қызған кезде жастар билеп жатқан залға барғанымда қабырғаға сүйеніп тұрған бір қарт кісіге көзім түсті. Жұрт «твиске» басқан кезде әлгі кісі ортаға суырылып шығып, дала қыранының қанатын қомдағанын, самғап-ұшқанын, тырнағына жемтігін қалай ілгенін, иесіне қайтып келіп тұғырға қонғанын елестетін белгісіз бір биді орындай бастады. Жастар ығысып, би ырғағымен қол соғып, қошемет көрсетіп жатты. Қарт бишінің жас дәрежесіне қарамай, денесін әрбір бұлшық етіне дейін ойнақтатып билегеніне таңдана қарап қалыппыз. Би біткен соң қасына барып жөн сұрасқанымызда ол Павлодар облысынан келген халық ақыны Жүнісбек Жолдинов болып шықты. Ақсақал болса өз қылығын өрескел көргендей «мына ант ұрғандар әрі-бері ербеңдей бастаған соң шыдай алмай, қалай билеуді көрсетейін деп ортаға шығып кеткенім ғой,-деп сөзін доғарды. Сол кеште қарт биші өзінің «ел қыдырған есер шақта» орындаған «Айқосақ», «Жезтырнақ», «Бала бүркіт», «Қазақтың қалмақ биі», «Құсбегі» т.б. билерін паш етіп, олардың оқиға желісімен, сермеу тәсілдерімен таныстырды. Кейіннен бұл билердің бір қатары көпшіліктің қатысуымен орындалатын ежелгі қыпшақ биі «Алқа қотанмен» бірге халық өнерінің білгірі, суретші Әубәкір Ысмайылов пен педагог-хореограф Ольга Всеволодовна Голушкевичтің көмегімен қайтадан қойылып, мемлекеттік «Алтынай» халық биі ансамблінің, аса дарынды халық бишісі Тойған Ізімованың репертуарына енгізілді».
(Орталық Қазақстан тілшілерімен: Есімбек Бәйтенов, Қыздарбек Әкімбеков, Масғұт Халиоллин)
Жүнісбек Жолдиновты сөзге тиек ете отырып, Өзбекәлі оның қимыл-қозғалысы мен мимикасына тәнті екенін білдірген. Ол биде ерлік пен тектіліктің байырғы нышаны болған бүркіттің ұшқаны мен аң аулауын бейнелейді: оның мақтанышпен қондырған басы, қорқынышты көзқарасы, болат тырнақтары, қанаттары. Міне, ол дәстүрлі көне билердің осындай пластикалық өрнектері мен негізгі қимылдарын тамаша орындай білген талант иесі болған жан.
Сонымен қатар, Жүнісбек Жолдинов өз өлеңдеріне ән жазған композитор. 1972 жылы жарық көрген Т.Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» атты кітабына оның Ұлы Отан соғысы жылдары туған «Жауынгер өлеңі», Абайды әлемге танытқан заңғар жазушы Мұхаңның өмірден өтуіне орай 1961 жылы шығарылған «Мұхтар Әуезұлын жоқтау», сондай-ақ 1969 жылы жазылған «Торы аттың зары» атты әндері нотасымен қоса енгізілген.
«Жақсыны күндегенмен жаман болмас,
Мәңгілік бір адамға заман болмас.
Болғанда біреу ғалым, біреу залым,
Өтетін бір қалыпта адам болмас…», -деп өмірдің бір қалыпта тұрмайтынын, бәрі де өткінші екенін жырға қосқан, көргені, түйгені, көкейіне тоқығаны көп қарт ақын Жүнісбек 1979 жылы шілде айында өмірден озып, бүгінгі Бұқаржырау ауданының Ақөре ауылына жерленген.
Жүнісбек ақынның бірінші әйелі – Айымкүл, Ақжар ауылының тумасы, одан Назымбек пен Шәкман туған, екінші әйелі – Бәтима, Ақмоланың тумасы, одан Шәкира атты қызы (ол кісі Үміткер ауылында тұрған, балалары бар), үшінші әйелі – Күлшәрия, руы айдабол, одан Алмантай – 2 жасында шетінеген, ұлы Тұрлыбек, 1954 жылы туған, бүгінде Доскей ауылында тұрады.
Майгүл АСҚАРОВА,
Бұқар жырау ауданының ОКЖ кітапханаларды дамыту бөлімінің әдіскері.