ХІХ ғасырдың соңында ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, Алтай, Қобда қазақтарына ғұлама діндарлығымен танымал болған, артына өзінің шығармалары арқылы өшпестей із қалдырған көрнекті ақын – Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов.

Ақыт туындылары өзі туып өскен өлкеде жарияланып, шығармашылығы жайында біраз сөз болғанымен де, оның шығармашылық өмірбаяны елімізде күні бүгінге дейін зерттеу нысанына ілінбеді. Кейінгі жылдардың дересінде Дәулеткерей Кәпұлы жүйелі зерттеу жүргізіп, «Қалам, сия – көз жасы. Ақыт қажы Үлімжіұлының шығармашылық тұлғасы» атты ғылыми монография ұсынды (Астана, «Фолиант» 2018).

Ақыттың туып, өскен жері Қытай мемлекетіне қарайтын Алтай, Монғолияның Қобда аймақтары. 1968 жылы Шыңжанның Алтай аймағында дүниеге келген Ақыт Үлімжіұлы әке-шешеден ерте айырылып жастайынан жетім қалса да білімге құмар, зерделі және өлең жырға жақын болып өседі. Есейе келе Ақыт осы аймақтарда хат-хабар таситын өкіл болып жұмысқа орналасады да, халық өмірімен етене араласады. Тұңғыш өлеңдерін жазып, ол өлеңдері ел ішіне тарап бала ақын атанады. Алғашқы сауатын немере ағасы Садық Жебейұлынан ашып, кейін ауыл молдасы Ғұсыман молладан дәріс алғаннан кейін 1902-1904 жылдары Бұхарадағы «Мир-Араб» медересесінде оқып діни жоғары білім алып шығады. Ол араб, парсы, түрік, монғол, қытай, орыс, дұңған, ұйғыр тілдерін еркін меңгеріп және осы тілдердегі шығармаларды еш бөгетсіз оқып, өздігінен білімін дамытып, әмбебаптық ғылымдық-білімдік дәрежеге жеткен сол замандағы бірден бір қазақ ғұламасы еді. 1907 жылы мұсылмандық парызын өтеу мақсатында Мәккату мүкәррамаға барып, қажылығын өтеп қайтады. Осы сапарының жай-жапсарын, мұсылман әлемінде өз көзімен көрген қажылық сапарының сәттерін, жолай жүріп өткен ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігін  баяндайтын ақынның «Қажыбаян» атты көлемді туындысы бар.Сегіз айға созылған қиын да қызықты сапарында Ақыт қажы Сауд Арабиясы, Ресей, Түркия, Сирия мемлекеттерін көктей өтіп, Мекке, Мәдина, Шам, Ізмір, Одесса, Омбы, Семей сияқты тағы басқа қалаларда болып, осы жерлердегі халықпен араласып, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысады, осының бәрін «Қажыбаянда» тәпіштеп баяндайды. «Қажыбаян» қазақтың тұңғыш сапарнамалық туындысы болуымен де құнды. Бұл жөніндегі зерттеу алда өз кезегін күтуде.

Қажылық сапардан кейін Ақыт қажы өз елінде, Сартоғайда, медресе ашып, бала оқытады. Шәкірттеріне он екі пәндік діни білім берумен қатар, заман талабына сай жәдидтік оқуды да жүргізеді. Онда жағрафия, есеп-қисап, астрономия ілімі сияқты т.б. пәндермен қатар орыс, түрік, қытай тілдерінен осы елдердің шаруашылығы, тарихынан да дәріс жүргізеді. Ақыт қажы медресесі сол кездегі шын мәніндегі жаңа үлгідегі медресе еді.

1912 жылы Алтай аймағы Ақытты қазылыққа сайлайды. Қоғамдық қызметін адал орындап, ел ішінде шыншылдығымен, турашылдығымен аты шығады.

Ақыт есімі өзі туып өскен өлкесінде ғана емес, қоңсылас жатқан атажұртында да танымал болды. Оның шығармалары «А.Алтайский» деген бүркеншік атпен «Айқап» журналына жарияланып тұрды. «Айқап» қазақтың тұңғыш журналы болғандықтан сол кезде халық арасына кең тараған басылым еді. Осында Ақыттың «Заман сөйлесін», «Заман келді қырланып», «Адамның жасы», «Асан ата» сияқты т.б. туындылары жарияланды (Энциклопедия «Айқап».- Алматы: Қазақ энциклопедиясы,1995. – 366 б.).

Ақынның Қазан қаласындағы баспаханаларында бірнеше кітабы жарық көреді. Қазан қаласына өзі бармаса да, шығармаларын Алтай, Қобда өлкесіне келген қазақ, татар саудагерлерінен  баспаға жіберіп отырғаны мәлім. Ол жайында өзі былай дейді:

Аралап дәмін таттым талай жердің,

Кітаптан әуелі оқып бәрін көрдім,

«Бастыруға Қазанға жібергіл» деп,

Ахметкәрім ноғайға жазып бердім (Гүлімжі Алтайский (Қарымсақов). «Тәржүмә-и Ахид бин Уәлад».- Қазан:Университет баспасы, 1897.- 108 б.).

Немесе:

Зайсанский Бабаев –

Алтайға мәлім саудагер,

Таниды тәмам халайық.

Ойлаңыздар, асыл зат,

Почтаға қисса салайық.

Құсайынов Шамсуддин,

Қабыл көрсе ғазиздер,

Бастырып қисса алайық (Ахаид бин Гүлімжіұғылы Қарымсақов. «Әбиат ғақидия».- Қазан, 1909. – 129 б.).

Мұндағы Шамсуддин Құсайынов Қазан қаласында ірі баспахан ұстаған баспагер. Шамсуддин Құсайынов мұрагерлері баспасынан көптеген қазақ кітаптары шығып тұрған. ХХ ғасыр басында біраз қазақ ақындарының кітаптарының шығуына қол ұшын беріп меценанттық көмек көрсеткен де осы Шамсуддин Құсайынов мұрагерлері болатын. Ақыт Үлімжіұлы да онымен хат арқылы байланысып тұрған көрінеді (Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақов. Қажыбаян.- Өлгий, 1991.- 123 б.).

Ақыттың Қазан қаласында төмендегідей кітаптары басылған:

1. «Қиссаи Сейфулмәлік». Қазан:Домбровский баспасы, 1895, 1909, 1914 жылдары;

2. Гүлімжі Алтайский (Қарымсақов). «Тәржүмә-и Ахид бин Уәлад». Қазан:Университет баспасы, 1897;

3. Ахид Гүлімжіұғлы (Қарымсақов). Қисса-и Жаһаншаһ Тамузшаһұлы. Қазан:Университет баспасы, 1901;

4. Ахид бин Гүлімжіұғылы (Қарымсақов). «Ахуал қиямет». Қазан:Университет баспасы, 1902, 1904, 0909 жылдары;

5. Ахид Гүлімжіұғылы Қарымсақов. «Қисса-и Минахиб пиран Ғазизан». Қазан:Университет баспаханасы, 1909;

6. Ахаид бин Гүлімжіұғылы Қарымсақов. «Әбиат ғақидия». Қазан, 1909 жыл (Қазақ кітаптарының шежіресі. Құрастырған: СұбханбердинаҮ., Сейфуллина Д.- Алматы:Рауан, 1996. – 285 б.).

«Ақыт Үлімжіұлы ұлт-азаттық қозғалысты қолдағаны үшін 1939 жылы тұтқынға алынып, Шен-Чи-Цай өкіметі ақынның Алтай өлкесіндегі рухани қазынаның бір ұясы болған Ақмешітін қиратады.1940 жылы Үрімжі қаласында Гоминдан жендеттерінің қолынан азаппен қаза табады».

Ақыт Үлімжіұлының шығармалары жанры жағынан да әралуан: толғау, жыр, қисса, дастан, назым үлгісінде болып келеді, тақырыптық- мазмұндық  ауқымы біршама кең. Оның «Смағұлдың қиссасы», «Мұхаммед-Ханафия», «Кесік қол келіншек», «Жиһаншаһ Тамузшаһұғылы», «Ғали мен Дариға», «Мәликенің жүз жұмбағы» атты күрделі эпикалық діни қиссалары бар. Бұлар да жеке зеріттеуді қажет ететін шығармалар.

Туындыларының дені поэзия болғандықтан, оның өлеңдерінде сол өзі өмір сүрген қоғамдық ортанның әралуан жақтары қамтылады. Ағартушылық, сыншылдық бағыттағы туындыларының негізгі, басты тақырыбы белгілі бір әлеуметтік орта, уақыт, заман талабына сай адам тұлғасы, яғни олардың түрлі мінездері, іс-әрекеті, ой-толғаныстары секілді өзекжарды мәселелермен қатар, сол адами тұлғаны қалыптастырып тәрбиелейтін немесе хайуани кейіпке түсіріп кері итеретін ішкі-сыртқы факторларды да  қамтиды. Осыдан туындайтын оқу-ағарту, білім алу, діни-имандылық сияқты заманауи толғағы жеткен өзекжарды мәселелерді де көтереді. Нақтылап айтқанда алуан түрлі өмір құбылыстарын  ақын өзінің жекелік көңіл-күйі, толғаныс-тебіренісі, қуаныш-мұңы, Гегельше айтқанда «ішкі әлемінің сырын» жыр жолдарымен, поэзия тілімен кестелеп отырып жеткізеді.

Ақын туындыларын таным таразысына салып екшеп алғанда  байқалатын негізгі мәселе – шығармаларының көркемдік -идеялық бірлігінде, көркемдік тұтастығында. Уақыт пен кеңістік ауқымындағы заман шындығын қай жағынан сараламасын ақын өз дүниетанымы мен идеялына салып  таразылайды. Яғни «…имандылық, инабат, ұят-ұждан, береке-бірлік жөнінде оқырманға үлкен ғибрат беретін мүбәрак сөздермен тізілген тәспих іспетті шығармалар» (Ақыт қажы Үлімжіұлы. Жиһаншаһ: жыр, толғау, қисса-дастандар.- Баян-Өлгий, 1994. – 143 б.).

Ақынның негізгі шығармашылық бағыты – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінде, осы кездегі әдеби процессте отарлық, шоқындыру, дінсіздендіру саясатына қарсы туындаған діни ағартушылық ағым. Оған ақын шығармалары түрлік, жанрлық, проблематикалық, мазмұн-пішіндік, көркемдік-идеялық жағынан толық сәйекеседі. Ақынның өзін сөйлетсек:

Түбін ойлар ер қайда,

Әркімнің ақылы өзінде,

Шариғат деген бір жан жоқ,

Мына заман кезінде.

Заманың тұр дүрілдеп,

Ойла халқым бұл қалай,

Шариғатпен жүретін,

Ақыл кетті жадағай.

Надан болып барамыз,

Шариғатқа жанамай.

Иман, ислам, дін, биғдат –

Ұжмақтағы шырағың.  – деген толғанысында оның отаршылдықтың дінсіздендіру саясатына қарсы жан-айғайы жатыр (Ақыт қажы Үлімжіұлы. Жиһаншаһ: жыр, толғау, қисса-дастандар.- Баян-Өлгий, 1994.- 143 б.). Ол заманның азып-тозуы, қоғамның әлеуметтік жағынан жіктелуі, отаршылдық қамытының мойынға ілінуі діни сенімнің әлсіреуінен, ислам дінін жолын берік ұстамағандықтан, имандылықтың құлдырауынан деп біледі, сондықтан ислам дінің парыз, уәжіптерін, шариғат жолын насихаттап, ислами құндылықтарды халықтың санасына сіңіріп өз өлеңдерімен үгіт жүргізеді. Соның бірі «Құмай деген бір құс бар» атты дидактикалық толғауы. Ақын қазақи мифтік дүниетанымдағы құмай құсты пернелеу арқылы Алла Тағаланың құдіретті нұр -шапағатын әспеттейді:

Бақыт қонар адамға,

Саясы түссе жақындап,

Көктегі құс құмайдан.

Құмай деген бір құс бар,

Көк бетінде мекені,

Мағұлым емес адамға,

Дәл қай жерде екені,

Жылда бір жерге жақындап,

Сая салып кетеді,

Саясы түскен адамзат,

Шын дәулетке жетеді. (Ақыт Үлімжіұлы. Таңдамалы шығармалары. Үрімжі, 1994.- 256 б.).

Ақынның «Көк бетінде мекені, мағұлым емес адамға, дәл қай жерде екені» деген Аллатанушылық ойы Абайдың «Халлаққам мақұлық ақылы жете алмайды» немесе «Мекен берген, халық қылған ол лә мәкән» дейтін танымымен үндеседі. Бұл тек поэтикалық үндесу емес, діни ағартушылық бағыттағы ортақ аңсар: Аллатанудағы оның жалғыздығын дәріптейтін  иманның шарты: «Лә илләһа иллә аллаһу – Алладан басқа жаратушы жоқ» (Өсерұлы Н.Иман шарт.- Алматы:Қайнар, 1991.- 352 б.) дейтін көркем сөз, Құрани кәрімдегі: «Ләм йәлид уә ләм йуләд, уә ләм йәкун ләһу куфуан ахад – туылмаған, тумаған, оған теңдесер ешкім жоқ» (Құран кәрім, Ихлас сүресі) аятындағы таухид, яғни Алланың бірлігін ұлықтайтын жалпы мұсылмандық ұстаным.

Ақын осы толғауында Жаратушының адамды жаратудағы мақсаты, адамның бұ дүниелік миссиясы, ахиреттік парызы, фәни дүниедегі адамның амал-әрекеті, бақилыққа дайындық сияқты тағы басқа діни-имандылық, діни фәлсәфалық мәселелерді  шариғат тұрғысында талдап түсіндіреді.

Азбас деген қызық жол –

Шариғаттың сөзі еді.

Пақыр Ақыт жаранлар,

Насихат сөйлер кезі еді.

Өсиет қылған жел сөзі –

Шариғаттың өзі еді, – деп әрбір мұсылманның жеке-жеке және қоғамдық өміріндегі іс-әрекеттерін діни жол-жоралар мен қағида-ережелерді қамтитын шариғатты насихаттай отырып, ақын ислами өмір сүрудің шариғат белгілеген жолын саралайды (Ақыт қажы Үлімжіұлы. Жиһаншаһ: жыр, толғау, қисса-дастандар.- Баян-Өлгий, 1994.- 143 б.). Ислами өмір сүрудің қағидаттары харами, халали мәселелрге тоқталып, оның жай-жапсарын анықтап береді:

Харамға барма жігіттер,

Халалменен ойлаңдар.

Ахиретте қоймайды,

Біреудің малын соймаңдар.

Халалды ғана ас қып жүр,

Арамдық қып қоймаңдар.

Харам малды батамен,

Тамақ болмас сойсаң да.

Пендесін Алла өлтірмес,

Харам жемей қойсаң да…

Анық халал тамақ сол –

Табан ақы, маңдай тер.

Біреудің еңбегіне көз салу, оған зорлықпен тартып алып, немесе ұрлап алып болсын қиянат жасау исламдық діни жол емес. Шариғат біреудің ақ адал мал-мүлкіне қол сұққанды ұрлыққа жатқызады. Ислам дінінде ұрлықтың барлық түрі, соның ішінде қазақи ұрлық бармыта да харами деп саналған. «Шариғат заңы бойынша кісінің ұрлық жасағанын 2 адам куә деп дәлелдесе, онда ұрының қолы, не бір аяғының басы өкшесіне дейін кесілген. Ұрланған заты да түгел қайтарылған» Өсерұлы Н.Иман шарт.- Алматы:Қайнар, 1991.- 352 б. Ақыт ақынның «Ахиретте қоймайды, біреудің малын соймаңдар, Халалды ғана ас қып жүр, арамдық қып қоймаңдар» деп отырғаны сол заманда қазақ арасында кең тараған ұрлықтың бір түрі бармытаның харамдығы, оны мейлі мұқтаждық үшін жаса бәрібір «Харам малды батамен, тамақ болмас сойсаң да». Оның бұ дүниелік жазасы жоғарыдағы шариғи жаза болса, о дүниелік жазасы мәңгілік тозақ. Фәнидегі істеген жақсылы- жаманды, істеріңнің, әрбір халали-харами амалыңның бақилыққа өтердегі сұрауы бар:

Мүңкір, Нәңкүр періште,

Адамның сұрап қылмысын,

Алдың мен артың тексеріп,

Кезеніп шығар күрзісін.

Түзейді солар жабдығын,

Аюдайын ақырып,

Адамның шәргез қыңғысын,

Тәртіпке алар шақырып. (Ақыт қажы Үлімжіұлы. Жиһаншаһ: жыр, толғау, қисса-дастандар.- Баян-Өлгий, 1994.- 143 б.).

Ақыт ақынның негізгі аңсары ислами таным-түсінікте жатыр. Оның ойынша  адамның бұл өткінші дүниеге келуіндегі басты мақсаты Жаратушысын тану, Оны тану арқылы өзін тану. Әлемді, айналадағы дүниені, табиғатты, адамзаты, хайуанаттар мен махұлықатты (он сегіз мың ғаламды), яғни барлық жаратылысты жаратқан Бір Жаратушы бар екенін мойындап қана қоймай, соны таным талқысынан өткізіп барып бұл жалғандағы тіршілігінің мәнін түсінгенде ғана пенде өз мақсатына жетеді. Ол үшін әр адамның  Иманы толық болу керек, Иман Аллатағаланы танудың кілті, ал  имандылық – адамгершілік негізі. Ақын  адамгершілік ұстанымды ислами -шариғаттың харам, халал категорияларын астастыра отырып, салыстырмалы түрде түсіндіреді. Харами амалдардың барлығы да – хайуандық әрекет, халали амалдардардың баорлығы – адами әрекет деп қарайды. Сондықтан дін амалдарын толық орындап, адал өмір сүрсең Аллатағаланың нұрына (ақын пернелеуінде «Құмай құстың саясы») бөленесің дейді ақын:

Мұсылманға бұйырған,

Таза жүрек халалдық,

Таза жүрек досына,

Кім ойласын залалдық.

Құлшылық қыл ағайлар,

Періште мен адамзат,

Құлшылық үшін жаралдық.

Құлшылық керек адамға (Ақыт қажы Үлімжіұлы. Жиһаншаһ: жыр, толғау, қисса-дастандар.- Баян-Өлгий, 1994.- 143 б.).

Яғни құлшылық жасау- Жаратушыны мойындау, Жаратушыны мойындай отырып Оны тануға құштарлығың артады, иманың толығады. Иманы толық –Кәміл адамның (Абай да 38- сөзінде осы мәселені қозғайды) жүрегі таза болады. Ал «Мұсылманға бұйырған,таза жүрек халалдық» деп ақынның өзі айтып отырғандай бұл Жаратушының жаралғанға (адамға) көрсеткен тура жолы. Осы тура жолдың бағдаршамы халал амал, іс-әрекет, яғни Жаратушыға деген адалдық. Міне, ақынның жамағатқа үгіт-насихат ретіндегі жеткізбек уағызының мәні де осында.

Ақыт қажының ағартушылық тақырыптағы енді бір туындысы «Жиырма тоғыз әліп» атты өлеңі. Араб әліппиінің әр қайсысын өлең жолдарымен түсіндіріп, сипаттайтын ақынның осы өлеңі Абайдың жас шағында жазған шығармаларының бірі «Әлифби» өлеңімен сарындас. Абай өлеңінің сүйіктісіне хат үлгісінде жолдай отырып, әр жолын араб алфавитінің ретімен тізіп,  соңында «Үтір мен асты-үстілі жазуда бар, Болуға асты-үстілі көнсең өзің» деп интимдік сезімге бой алдырса, Ақытта арап жазуының таңбаларын  діни мазмұнда талдап көрсетеді. Бастапқы өлеңдеріндегі сияқты шығармашылығының басты аңсар- идеясы Алланың бірлігін паш ете толғайды:

Иман демек танымақ бір Құдайды,

Құдіреттпен жаратты күн мен айды.

Жеті қатты тоқтатқан біреуі жоқ,

Құдіреті бір Құдайдың осындайды.

Бір Құдай жоғары емес, төменде емес,

Еш тамақ алып және жеген емес.

Дегендер: «пәлен жерде» кәпір болар,

Тұрағым сондай жерде деген де емес.

Болмайды алды, арты, оң мен сол да,

Кезікпес іздегенмен және жолда.

Жүрсең де көкке шығып, жерге кіріп,

Көрмейсің бір Құдайды тағы сонда. (Ақыт қажы Үлімжіұлы. Жиһаншаһ: жыр, толғау, қисса-дастандар.- Баян-Өлгий, 1994.- 143 б.).

Ақынның қай шығармасын алып қарасың да мазмұн (тақырып пен идея) ортақтығы көрінеді. Ол ағартушылық сарын. Ақынның өзі:

Ұйқыдан көтер басыңды,

Өнерге көндір жасыңды,

Сенен басқа халықтың,

Ұйқысы шайдай ашылды, –

деп ұрандаса, енді бірде:

Мағрифаттан құр қалған,

Неше түрлі халық бар.

Соларға еріп құр қалмай,

Ғылым-білім танып қал, –

деп халқының ілгерлеушілікке ұмтылуын көксеп, өнер-білімге ұмтылдырады (Ақыт Үлімжіұлы. Таңдамалы шығармалары. Үрімжі, 1994.- 256 б.). Ақынның бұл аңсары өзі туып өскен аймақтағы Алтай, Қобда қазақтарына ғана емес, бүтін қазаққа арнаған үні, жалпы қазақтық ұстанған ар-намысы деп бағалауымыз керек.

Ұлт бостандығы үшін шаһит болған, барлық шығармашылық мұраты халқының береке- бірлігіне, өсіп-өрлеуіне бағыталған Ақыт ақынның қазақ әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірегейі екені әліптік ақиқат. Олай болса, ақынның шығармашылық мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеу кезек күттірмейтін іс.

Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий