Ардың ісіне баланған әдебиетті жаратушылар да, таратушылар да жеке тұлғалар. Әдебиет ең алдымен, кездейсоқ келген пенделерден аман болғаны жөн. Осы жағынан келгенде, өңірдегі әдебиет ғылымына ден қойған азаматтарымыздың саусақпен санарлық екені жасырын емес. Әйтсе де фольклортану саласының керекулік ғұлама әулиелерден басталып, ғылымилану тұғырының да осы өңірде биіктегені қуантады. Фольклордың басы Мәшһүр Жүсіп бабамыз болса, орта тұста Ә.Марғұлан мен Б.Уақатовтың тұлғалары менмұндалайды. Ал оның ғылыми тараптануы Мәшһүр бабамыздың ұрпақтарымен жалғасын тауып жатқаны ақиқат. Мәшһүр Жүсіп туралы алғашқы ғылыми жұмыс та өңірдің болашақ әдебиетші ғалымының еншісіне бұйырыпты. 1994 жылдың ақпан айында «М.Ж. Көпеевтің әдеби мұрасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғалды. Ғылыми жұмыс иесі – Сейфитден Назымбекұлы Сүтжанов.
Сейфитден Назымбекұлы әдебиетке, әдебиеттану іліміне осылай келді десек кейінгінің сөзіндей әсер етер. Оның әдебиетке қызығушылығы ерте жастан басталған. Кеңестің содыр таяқ ұстаған тұсында Керекудің орталығы бір ғана қазақ мектебі арқылы қазақы білім таратты. Мектептің «Абай» атын иеленгенінің де игі әсері болды. Бұл бір. Екіншіден, ол уақытта Абай есімінен алауыздық алшақтап, басшы да басын ие бастаған шақ болса керек. Үшіншіден, болашағына үлкен үмітпен қарайтын қазақтың қариясы баласын осы мектепке жетелейтін. Сондай балғын жастың бірі – Сейфитден еді. Бала Сейфитденде кеудемсоқтық жоқ еді. Менмендіктен де ада болатын. Бойына біткен бір қасиет үндемей жүріп іс бітіретін. Білім алу да солай болды. Ешкімнен озып та кетпеді, кейінгі топқа да қосылмады. Бірақ қазіргі күні сонау 1968 жылға көз жіберсеңіз, Абай мектебін бітіргендердің әдебиетке тұрақтағаны, тек тұрақтағаны ғана емес, өзінің шығармашылық бақытын тапқаны Сейфитден Назымбекұлы ма дерсің?!
Қазақ мектебін бітірген, оның ішінде керекулік қазақ мектепте оқыған, арғы көңіл түкпірінде қазаққа деген сүйіспеншілігі жасырынған немесе қазақтың күйін күйттеймін деген кез келген бозбала болашағын КазГУ-мен, оның ішінде филология немесе журналистика саласымен байланыстырады. Бозбала Сейфитден де бағын Алматы шаһарынан іздеді. Сәтін салғанын қараңызшы, 1968 жылы армандаған оқуына түсіп, қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетін 1974 жылы бітіріп шығады. Бес-алты жыл мәдени ортаның талапкері болған, әрі жарқылдаған жиырма бестегі жігіт елге қайтуды емес, кайтса сол қалада қалуды ойлайды да, ойластырады. Жастықтың табы мен жігіттіктің ойы оны он бес жылдай уақыт ҚР Мемлекеттік кітап палатасына тұрақтатады. Әуелі библиограф, сосын аға редактор болып жұмыс істейді.
Елге егемендіктің лебі ескен тұста, алдыңғы бозбала, кейінгі жігіт Сейфитден де жүріп өткен жолын саралайды. Тегін кетті дей алмас, бірақ бір олқылықтың бары сезіледі. Кешегі Абай мектебінің қызуы қайда, кейінгі КазГУ-лік ұстаздары не деп еді? Бәрін қойшы, бойдағы борыш қайда? Мазалаған ой ақыры сыртқа шықты. Алланың бергені сол болар, ойына оралған істің сәті туа кететіні мойынына жазылған ба дерсің? Ендігі еңбек жолын (1989-1992) ҰҒА-ның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде бастайды да, 1992-1998 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарады. Бұл аралықта, жоғарыда айтқанымыздай, ғылым кандидаты деген ғылыми дәрежені иеленді. Жоғары оқу орнындағы қызметі көп нәрсеге жетеледі. Оқығанның ғана жолы даңғыл екенін түсіндірді. Ғылым жолы – ынтықсаң, жетелейтінін түсінді. Осы соңғы алты жыл оны жоғары мектептен ұзап кетпейтінін көрсетті. Расында да солай болды. Содан бері өткен аз-көп уақытта С.Н. Сүтжанов өз туған жерінің жоғары оқу орындарында қызмет етіп келеді. Бір кездері оқытушы болып енген еді, одан кейінгі жылдары сатылап өсіп, профессорлық лауазымға жетті. ЖОО-ның кафедра меңгерушісі, факультет деканы сынды қызметтерді де атқарды. Қаламы ұшталып, оқу құралдары мен монографиялық ізденістерін ғылыми қауымға ұсынды. Еліміздің баспасөз беттерінде қазақтың мәдени-ағарту бағытына орайластырылған мақалалар тізбесін жарыққа шығарды. Сөйтіп, ол газет-журнал, көпшілік-танымдық, ғылыми-әдістемелік кітап ақтарған оқырманның жақын танысына айналды.
С.Н. Сүтжановтың ғылыми еңбегі Мәшһүр мұрасымен басталды. 1994 жылғы кандидаттық диссертация қорғалғанға дейін, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің таңдамалы екі томдығы жарық көрген болатын. С. Дәуітовтің құрастыруымен шыққан шығарма – кеңес дәуірінің соңғы кезеңі мен егемен елдің алғашқы басылымдарының бірі еді. Себебі таңдамалының І томы 1990 жылы жарық көрсе, ІІ томы 1992 жылы жарияланды. С. Дәуітовтің көрсетуінде: «Революцияға дейін ақынның бірнеше кітаптары жарық көрсе, совет дәуірінде таңдамалы шығармалар жинағы алғаш рет шығарылып отыр». Кейіннен мәшһүртану бүкілелдік бағдарламаға айналғандай болып, қомақты жұмыстар жүргізілді. Жаңа ғасырдың алғашқы бес-алты жылында Мәшһүр әлемі көптомдық кітап болып жарқырай бастады. Ал осы ғасырдың екінші онжылдығында Мәшһүр бабамыздың еңбектері 20 томдық кітапқа сыйдырылды. Бұл – ұжымдық еңбек болатын.
Мұнан басқа жеке авторлық шығармалар да қазақ мәдениетінің қазынасын толтырып жатты. Соның бірі – С.Н. Сүтжановтың Мәшһүртану курсы (Дәрістер жинағы). Аты мен заты басқа бұл кітап білім ордалары қызметкерлерінің таптырмас құралына айналды. Тіпті, бұл шығарма С. Сүтжановтың өзіне де ең ыстық, ең жақын еңбек болып саналады. Егер ғалымның бүгінгі уақытқа дейінгі жарияланымдар саны 200-ден асып жығылады десек, соның ішінде ерекше көз тартып тұратыны осы «Дәрістер жинағы». Себебі басқа еңбектерін, мәселен, үш монография, жеті оқу құралы, жүзден аса мақалалары деп тізбектеуге болады. Ал «Дәрістер жинағы» бұл санамаққа көнбейді. Ол бір рет қана шықты, әрі тарихи тұрғыдан бірінші. Дәрістер жинағы 2009 жылы шықты. Одан кейін қайталанып басылмады. Мәшһүрдің көптомдығының басында жалғыз тұрды. Мәшһүрді көпшілікке таныстырудың алғашқы құралы болды. С.Н. Сүтжанов мәшһүртану іліміне алғашында «М.Ж. Көпейұлының шығармашылық өмірбаяны» атты әдістемелік нұсқауымен келді (Алматы, 1994), кейін «Мәшһүр мұрасы» атты оқу құралымен орнықтырды (Павлодар, 2001). Ал «Дәрістер жинағымен» қорытындылады. Оның үстіне «Дәрістер жинағы» деген атау алғаш алаш азаматы Қ. Жұбановта кездескен болатын. С.Н. Сүтжанов дәрісінің тарихилығы осы «дәріспен» ұштасқандығында еді. Бұл аталған еңбектердің қай-қайсысы болсын, қазақтың ғылыми-әдістемелік ізденісінде алғашқы орында тұрды. Осы еңбектердің арқасында бір мүшел оқырман қалыптасты десек, артық айтқандық болмас. Себебі оқырманның іздегені алдынан шығып, Мәшһүр бабамыздың библиографиясы мен тарихи шығармаларының құндылығын «іздемей-ақ таптырды». Ал қазіргі жарық көрген баба шығармалары толықтығымен көңіл түбінен орын алса керек. Әйтпесе, бұлақ басында тұрған С.Сүтжанов еңбегінің сүт қаймақтығы анық та, қанық болатын.
С.Н. Сүтжановты өңірлік алаш азаматтарын түгендеуші ғалым десек болады. Өйткені ғылыми мақалаларының өзегін С. Торайғыров, С. Дөнентаев, Қ. Кемеңгеров сынды ағартушылар құрады. Мәселен, «Алаш ұранды әдебиеттің алтын діңгегі» атты мақаласында: «Баянның баурайында бапталып, Ақбеттің шыңында шындалған жас Сұлтанмахмұт киелі сөз өнерінің өрісіне баспасөз арқылы аяқ басты. Әуелде көсемсөзші ретінде көсілген ол әдебиеттің басқа да жанрларында қалам қарымын қалыптастырды. Публицистикадан бастап, поэзия, проза және драматургия салаларындағы сапалы дүниелер оның дарынын ғана емес, ізденісті іздерінің де нышандарын аңғартады» – депті. Ақиқатында, Сұлтанмахмұтты тану мен таныту – әдебиетші ретінде өзін таныту еді. Бұл жағынан келгенде С.Н. Сүтжанов та кенде емес. Ғалымның баспасөз беттеріндегі мақалалары осыған дәлел. Ал поэзия, проза, драматургияға ғалым қалам тартпағанымен, осы жанрларды зерделеу әрекетіне тартқаны анық.
Ал «Дәуіріне үн қосқан» атты мақаласында: «С. Дөнентаев өзі өмір сүрген қоғамның саяси-әлеуметтік қатпарын жиі сезініп, халқының қажетін өтеу, сұранысын екшеу тұрғысында қалам қарымын аямады. Бұл тұрғыда ол қазақтың бай ауыз әдебиетімен ғана шектелмей, Абай, Дәрдменд, Тоқай сынды классиктердің шығармашылығынан нәр алды. Соларға еліктеп алғашқы туындыларын жазды. Сәбит ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тақырыптық, жанрлық, идеялық тұрғыда өркендеуіне ерекше үлес қосып, әсіресе сатира саласының дамуына айтарлықтай еңбек етті. Бұл салада оның ежелгі және жаңа шығыс түркі поэзиясынан сусындап, үлгі алғаны аңғарылады. Сөйтіп, дәуір талабына орай түркі түлектерімен, Алаш азаматтарымен бірлестік тапқанын анық аңғарамыз», — дейді. Әдетте, мұндай мазмұндағы мақалаларда айтылған ой-тұжырым алда болар ізденіске жол сілтейді. Осыдан да болса керек, «түркі түлектері, Алаш азаматтары» тіркестері кейіннен үлкен ғылыми еңбекті түзуге алып келді.
Алаштың арда азаматтарын алға қойған С.Н. Сүтжанов олардың соңынан ерген өңір азаматтарын да ұмыт қалдырмай, мақалалар жазды. Ә. Марғұлан, З. Шашкин, Қ. Бекхожин, Е. Бекмаханов, Қ. Ыдырысов шығармашылығы қаламына үйіріліп, шығарма иелерінің әр қыры, көркем әдебиеттегі үні, тіпті кейіпкері арқылы сомдалған өз бейнелері ғылыми арнаға құйылды. Бұл — С.Н. Сүтжанов мақалаларының көкейтестілігі болатын. Ғалым С.Н. Сүтжанов бірде: «Әлкей Марғұланның аса көрнекті еңбектерінің бірі — оның Манас туралы зерттеуі. Ғұлама ғалымның арқасында қазақтың қайталанбас жұлдызы Шоқан Уәлихановтың асыл мұрасы тарихтан лайықты орын алды. Бір ғұламаға татырлық осы еңбектің өзі ғана оның есімін тарих тозаңынан тыс ұстай алар еді. Алайда Әлкей Марғұлан онымен шектелген жоқ. “Беғазы-Дәндібай мәдениеті” деп аталып кеткен қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеп, археологиялық және тарихи жаңалық ашып, кейінгі ұрпаққа, әлемдік ғылымға мұра етіп қалдырды. Ол өзінің даласына деген сүйіспеншілігін өмірінің соңына дейін тұмардай сақтап, оны иманына айналдырды. Қарқаралы, Баянауыл, Ұлытау, Байқоңыр бойындағы мүсіндердің, таңбалардың тарихын зерттеуін — қазақ ғылымына қосылған өлшеусіз еңбек деп білеміз» — деп бір тұжырымдады.
Енді бірде: «Әлбетте, қай қаламгердің болса да, шығармашылық өсу жолы оның ғұмырнамалық дереккөздерімен тығыз байланысты болмақ. Қаламгердің “Доктор Дарханов” романы оның өз өмірінен сыр шертеді десек, бас кейіпкердің прототипі де жазушының өзі екені айқын. Өйткені кейіпкер мен автордың өзара тығыз байланысы, жан күйзелісіндегі бірлігі кім-кімді болса да осындай ойға итермелейді» — деп З. Шашкин шығармашылығына бет бұрады. Ал «тарихтың тарланы» Е. Бекмахановтың тұлғасы тіптен бөлек: «Е. Бекмаханов — алашшыл ағалар жолын өмірлік мұрат етіп, осы жолда аянбай тер төккен, талмауыр тұстарда саз кешкен жандардың бірі. Әрине, бұны өмір жалғастығы, дәстүр сабақтастығы десек те, ол қасиет екінің бірінің бойына дарый бермесі анық. Бұның айғағы ретінде Ермұхан Бекмахановтың шығармашылық өмір жолы мен адамдық болмыс-бітімін, алға қойған мақсат-мұратын айтсақ болады».
«Әдебиет әлемінде ерен еңбегімен ерекшеленетін ұлы тұлғалар бар да, ескерусіз қалатын, бірақ ұлттық сөз өнерінің өрісін кеңейтіп, өркендеп-дамуына атсалысып, бір кісідей үлес қосқан қаламгерлердің де бар екенін ұмытпаған жөн. Солар сынды елеусіз қалып, аты аталмай, заты салмақтанбай жүргендердің бірі — биыл тоқсан жылдығын атап өткелі отырған мерейтой иесі, жерлес ақын ағамыз Қабдыкәрім Ыдырысов», — деген де С.Н. Сүтжанов. «Қалижан Бекхожин жарты ғасырға жуық әдебиет майданына белсене араласып, оның барлық саласында дерлік өнімді еңбек етіп, тамсантар туындылар бергені баршаға белгілі. Алайда, ол сөз сарасы — өлеңмен өрнектелген өшпес дүниелерімен ерекшеленді. Ол өмір бойы сөз киесіне деген иелігін сездіріп, өршіл дауысынан бір тынбады.
Тағы бір айтарымыз — Қалекеңнің эпикалық жанрда қалам тартып, “Ақсақ құлан”, “Батыр Науан”, “Аппақ-нәме” дастандарын жазуы ұлттық ұяны аңсауы, Алаш арыстарының аманатын арқалауы десек болады. Әсіресе оның сталиндік репрессия кезінде, саясаттың салқынынан сескенбей, орыс империясының отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық күрестің сардары Кенесары Қасымұлы мен Наурызбай батырды халық қаһарманы етіп суреттеуі — ерен ерлік емей, немене?!
Сол дастандағы:
Жүрегім өрт болады ер дегенде,
Ерді айтсам, еңіреген ел дегенде.
Ежелден ерлік істі елім сүйген,
Сондықтан сүйсінемін ерге мен де… – деген жолдар Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баянымен» үндестік тауып жатқан жоқ па?! Бұл — сонау Түркі қағанаты тұсында тасқа қашалып жазылған дастан — Күлтегіннен бастау алған ерлікті, елдікті жырлаудың көркем дәстүрі-ау, сірә?!» — деп түгендегені де ақиқат.
Қазіргі ғылым көп сұранысты қажет етеді. Барыңмен тоқтап қалуға да болмайды. Асығып, адасып кетуге де жол жоқ. Том-том еңбек жазудың да қажеттігі аз заманға кез болдық. Ендігі кезекте абыройыңды асқақтатар тұстың бір жағы — шәкірт дайындау болса, екінші жағы — ғылыми көзқарасыңды қысқа да нұсқа жазу арқылы жеткізу. Осы жағына көңіл аудара түссеңіз, С.Н. Сүтжанов мақалаларында айтылған ой сөрелерінің өміршеңдігіне куә боласыз. Жалпы, ғылыми мақаланың айтары — бастау да, жетері — монография. Жоғарыда тілге тиек болған «түркі түлектері, Алаш азаматтары» тіркестері «ХХ ғасыр басындағы қазақ және түркі халықтары әдебиетінің типологиялық сипаты» атты докторлық диссертацияда қозғалған мәселелер болатын. Диссертация 2006 жылы қорғалып, оң бағасын алды. Бұл жайт кейіннен «Алаш және түркі руханияты» атты қомақты еңбекке ұласты. Еңбек 2008 жылы жарияланды. Одан бері он жылдан асты. Бұл жылдар аталмыш еңбекте айтылған ғылыми тұжырымдарды тұрақтандыруға қызмет етті. Мүмкін, біз енді бастап жүрген шығармыз. Бірақ ғылымдар түйіспелілігі мәселесін С.Н. Сүтжанов шешкендей болып көрінеді. Ғалымдар арасындағы ғылыми қақтығыстан (конфликтіден) туындайтын контактология мәселесін өңірімізде екінші рет қолға алған ғалым — С.Н. Сүтжанов екені анық. Алғашқысы Б. Уақатовтың еншілігімен танылған болатын. Қалай болғанда да, ғалымдар сабақтастығы мен ғылыми ізденістердің жалғасуы — керекулік зерттеушілердің маңдайына жазылыпты.
С.Н. Сүтжанов аталмыш тақырыптың көкейтестілігін дөп басты. Әйтпегенде, егемендік алған туысқан бауырлар жаңа ғасыр асуында түпкітүркілік байланысты жоғалтуға шақ қалған-тын. Ғылыми еңбек соған серпін әкелді. Еңбектегі тектестік пен тамырластық, түрікшілдік концепция, алмасу барысындағы дәстүрлік үрдіс, тіпті сюжеттік және идеялық ұқсастықтар қайта қозғалып, ғылыми байланысты жаңғыртуға себеп болды. Іліп алып кеткен — қазақстандық ізденушілер. Ал көз қиығын салып, тісі батпай отырған — басқа бауырластар. Шындығында, қазіргі жаһанданушылық сипатта түркі тарихы мен әдеби байланыстарын жоғалту — барымыздан айырылу мен болашаққа күмәндану болып саналады. Осы ойда жүрген әдебиетші ғалым Анадолы түріктері мен Ресей бодандығындағы башқұрт, татар бауырларымыздың ел-жеріне барып, байланысты жаңғырту үстінде. Ғылыми еңбек тек қана туыстас жұрттың байланыстылығымен шектеліп қалмайды. Атасы басқа араб ғылымы мен үнді зиялыларының еңбектерін де зерттеп, олардың айтуындағы бүкілжұрттық идеяларды қостайды. Демек, шынайы контактология мәселесі қозғалып отыр. С.Н. Сүтжановтың бағалауындағы «Рухани алмасу арналары», «Қазақ және түркі руханияты», «Қазақ-түркі әдеби байланыстары», «Сопылық таным тағылымы», «Сопылық ғибратнама», «Түрік тектес халықтар әдебиеті» атты еңбектер аталған ғылыми арнаны кеңейтіп, ХХ ғасыр басындағы әдеби байланыстарды жоғары деңгейде тұрақтандырғаны анық.
«Сайып келгенде, зиялы деп аталатын әрбір ұлт өкілінің ғұмыры мен өнернамасын сөз ету арқылы біз олардың тарих толқынында жүрсе де, зайырлы ой-пікірден ауытқымауын айғақтап, Хақ жолындағы ақ, адал жандардың асыл қасиеттерін үлгі етеріміз анық», — деген әдебиетші-ғалым С.Н. Сүтжановтың да ғұмыры мен білімнамасында сөзді серік ету бар. Сөз арқылы «адал жандардың асыл қасиеттерін үлгі етері» де бар. Сөзі қалған немесе сөзі жеткен тұлғаларды талмай іздеп тауып, оқырманымен қауыштыруды да өзіне парыз санаған. Парызы мен міндетін қарызға ұластырмаған алашшыл азамат жаңа жастың асуына да жетті.
Осындай саналы ғұмырында білім мен ғылым жолында еңбек етіп, «әдебиетші-ғалым» деген атты иеленіп қана қоймай, оның абыройын асқақтатуға да атсалысып жүрген С.Н. Сүтжановты бергені мен берері тоғысқан, толысқан шағындағы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!
Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.