Жылдар ауысып заман парағы жаңарғанмен, жүректің еншісінде қалған сәттер болады. Сондай сәттердің бірі – Тоқтар ағаның Баянауылға алғаш табан тіреуі.

Батырдың табаны нағашы жұрт топырағына тиген мезетте дала тынысын ішіне тартып, таулар үнсіз, көл беті айнадай тына қалды.

Баянауыл аспанында сол күні тарихтың жаңа жарығы жанды.

 

***

Баянауыл – ата-бабаның ізі қалған қасиетті топырақ, ананың әлдиімен бірге жүрекке сіңген әуен. Қанша тау асып, қанша сәулетті қала көрсең де, туған жерге деген мәңгілік сағыныш, көңілдің түкпірінде бір сезім үнемі маздап тұрады.

Ақбет тауының көгілдір шыңына көтерілгенде, аршалы аңғардан соққан самал бетті аймалап, жан дүниеңді әлдилегендей болады. Кешкісін қызыл шапақ қыраттардың қырын алтынға малып, аспан мен жерді жалынға орайды. Сол сәтте сен табиғатқа емес, ата-бабаның үнсіз рухына тіл қатқандай күй кешесің. Әр төбе – бір тарихтың ізі, әр жартас – халық жанының куәсі іспетті.

Мұндағы қарағайдың да мінезі бөлек. Кейде дәні тастың қуысына түсіп, тіршілікке орын жоқтай көрінеді. Бірақ өмірдің өз заңы бар: кішкентай бүршік тасты жарып шығып, күнге, желге қарсы бой түзейді. Бұл төзімнің, мойымас қайсар рухтың нышаны.

Сол қайсарлық Баянауылдың ұлыларының бойынан табылды. Есімдері ұғымға айналған:

Әз Тәйтеке би ел дәстүрін жалғап, «Жеті жарғының» нұрлы сәулесін жеткізді; Бұқар жырау елдік өсиетті жырына арқау етсе, Шоң, Торайғыр, Шорман билер әділ сөзімен ел есінде қалды; Мәшһүр Жүсіп халық рухының киесін танытты; Сұлтанмахмұт Торайғыров жаңа заманның үні болды; Жаяу Мұса даланың әнін еркіндіктің тынысына айналдырды; Қаныш Сәтбаев – ғылымның шамшырағы; Әлкей Марғұлан – тарихтың тереңін аршыған ғұлама; Хабиболла Оспанов – ғылым көгін кеңейткен зерделі тұлға; Жүсіпбек Аймауытов – әдебиеттің темірқазығы; Зейін Шашкин – адам жанының нәзік иірімін кестелеген шебер; Жұмат Шанин – қазақ сахнасының тұңғыш режиссері; Шәкен Айманов – киноның алтын дәуірін бастаған қайраткер.

Бұлардың бәрінің ғұмыры Баянауылдың қарағайындай: тасты жарып шыққан бүршік секілді, ауырлықты жеңіп, нұрға ұмтылған тағдыр. Олар ақылымен де, өнерімен де, әділдігімен де ұрпаққа жол нұсқады, ел рухын биіктетті. Баянауыл – табиғат пен тарихтың тылсым тоғысқан мекені, төзім мен рухтың мәңгілік айғағы.

«Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген сөздің де түп төркіні осында шығар. Баянауыл – Шоқан Уәлихановтың, Сәкен Сейфуллиннің, Тоқтар Әубәкіровтің нағашы жұрты. Солардың бойындағы терең ой, өр рух осы топырақтың иісінен, осы таулардың тынысынан дарыған.

Тоқтар ағамыз көкке самғаған сәт бар қазақтың жүрегін дүр сілкіндірген ұлы мезет еді. Ел рухы аспанға көтерілді. Бірақ мен үшін бір жұмбақ әлі шешілген жоқ: ол нағашы жұртына табан тигізіп көрмепті. Әр жолы аты аталған сайын, көңілдің түкпірінде бір үміт жылтырап тұратын: «Бір күні ол келеді… Міндетті түрде келеді!»

Бұл сенім ақылдан емес, тамырдан туған. Өйткені кейде адамды өзінің еркі емес, тағдырдың көрінбес қолы жетелейді. Ал сол тағдырдың ең берік, ең мейірлі тірегі ананың аруағы.

Міне, сол ой кей-кейде көкірегімде қозғалып, беймәлім сағынышқа айналып сыздайды; сол сауал жанымды әлсін-әлсін толқытып, тынышымды бұзады.

***

Сол жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде бас сарапшы болып қызмет істеп жүрген едім. Жұмыс – ауыр, уақыт – тығыз. Бірақ күн сайын, тынымсыз қарбаластың арасында, көңілдің бір түкпірінен: «Тоқтар ағаны нағашы жұртына, Баянауылға шақыру керек!» – деген ой қайта-қайта қылаң беретін.

Бір жолы ауылға барғанда осы ойымды әкеме айттым. Әкем біраз үнсіз отырды. Кәдімгі сабырлы қалпында маған көз тастады да:

– Балам, кіріс. Менің атымнан шақыр. Хабарын айт, біз дайын болайық, – деді.

Астана аспанын сұрғылт перде жауып, көшелермен сарғыш жел ысқырып, күздің ызғары сүйекке өтеді. Таңғы салқын адамды иығын қымтай жүруге үйреткен шақтың бір күні 2005 жылдың 16 қарашасында, тәуекелге бел буып, тікелей телефон арқылы Тоқтар ағамызға қоңырау шалдым. Тұтқаның ар жағынан таныс та, бейтаныс қоңыр дауыс естілді:

– Тыңдап тұрмын, – деді.

Сәлем беріп, өзімді таныстырдым. «Баянауылданмын» дегенімде бір жылылық күттім, бәлкім елең етер деп ойладым. Бірақ даусында салқындық бар еді.

– Не шаруамен? – деді ол қысқа ғана.

– Аға, сізбен жолығайын деп едім…

– Көмекшіме хабарлас. График бойынша қабылдаймын, – деді де, тұтқаны қоя салды.

Сол сәтте кеудемді әлдебір салқын сезім биледі. «Жүзбе-жүз сөйлескенде бәрі басқаша болар?!» деп өзімді жұбаттым. Бірақ іштей бір күдік мазамды қашырды.

Арада екі күн өткенде көмекшісі хабарласты:

– Ертең сағат үште қабылдайды, – деді.

Бұл хабарды ести сала бойымды қуаныш пен толқу қатар биледі. Кеудемде әлдебір үміт оты қайта маздап, алыстан соққан жылы самалдай жанымды сергітті.

Белгіленген уақыт таяғанда Парламент үйіне жеттім. Ішке енсем, Тоқтар аға қабылдау үстінде екен. Үстел үстінде үйіліп жатқан хаттар мен құжаттар – елдің аманаты, әр парақтың артында тағдыр тұрғандай.

Қызылорда облысынан сайланғанымен, оған еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар ағылып келіп жатады екен. Қабылдау бөлмесінде Семейден, Қостанайдан, Қызылордадан және басқа да өңірлерден келген адамдар отыр. Әрқайсысының жүзінде – үміттің сәулесі, жанарында – сенімнің оты. Бірі жолдың жайын айтпақ, бірі өндіріс мәселесін көтермек, енді бірі жеке мұңын арқалап келіпті. Сол көзқарастардың бәрінен: «Шешіп береді, қол ұшын созады» деген іштей сенімнің жылуы сезіледі.

Тоқтар аға әр адамды байыппен тыңдайды. Сөз арасында бірде жылы жымиып, бірде ойлана бас изейді. Әр аманатқа жауапкершілікпен қарайтыны байқалады – ешкімнің сөзін елеусіз қалдырмайды. Қолына телефон алып, тиісті орындарға тікелей қоңырау шалып, мәселелерді ретімен шешіп беріп отыр.

Сол сәтте мен оның тек депутат емес, елдің мұңын жүрегімен сезетін азамат екенін ұқтым. Жанарындағы байсалдылықта – елге деген сүйіспеншілік, ісіндегі іскерлікте – халыққа деген адалдық бар еді.

Жүрегімде сол сәтте таңданыс пен құрмет қатар ұялады – нағыз халық перзенті осындай болса керек.

Сағат тілі үшті соққанда мені қабылдады. Кең бөлме іші тыныш, қабырғадағы сағаттың тықылы ғана естіледі. Тоқтар аға орнынан көтеріліп, сәлемімді алып, жүзіме қарады.

– Ал, інім, сенің шаруаң не еді? – деді сабырлы, бірақ сәл салқындау үнмен.

Мен асықпай, ішкі толқынымды жасырып сөз бастадым:

– Шаруамен келгенім жоқ, аға. Анаңыздың туған жері Баянауылға шақырып келдім, – дедім.

Осы бір сөзден кейін әңгіменің ауаны күрт өзгеріп сала берді. Әлгі салқындықтың сызаты баяу еріп, жүзіне жылылық ұялады. Көзінен алыста қалған сағыныштың жылы табы сезілді.

Мен әкемнің сәлемін жеткізіп, оның ауыр тағдыр жолын баяндадым. Кейде иегімен баяу бас изеп, Тоқтар аға үнсіз тыңдап отырды. Сосын ауыр тыныстап:

– Ох, ты… ол кісімен жолығу керек екен, – деді ойлы қалыппен.

Сәлден соң:

– Шешемнің шежіресін білмеймін. Аты мен әкесінің атынан басқа ештеңе жадымда қалмапты. Маған соны жазып әкел, – деді.

Даусында әлдебір сағыныштың сазы, алыста қалған ананың үні бар еді. Сол сәтте мен оның көзінен туған жердің, ананың мейірімін іздеген перзенттің мұңын көрдім – батырдың да жүрегі елжірейді екен…

Жұмысқа келе салысымен әкеме хабарластым. Тоқтар ағаның өтінішін жеткіздім. Әкем көненің көзі, елдің жадын жүрегінде тасқа қашап сақтаған адам. Үнсіз тыңдап отырды. Телефон тұтқасының арғы жағынан тынысының өзі тереңнен, уақыттың қойнауынан жеткендей естілді. Сәлден соң, баяу ғана, ғасырдың салмағын арқалаған үнімен сөз бастады:

– Қамияның әкесі Еңсебайдың түбі – Сүйіндік, Қаржас, – деді ол ойлы да байсалды үнмен. – Қыстаулары Баянауылдың Қарағанды облысымен шектесетін бетіндегі ескі жондарда, Сарт деген ауыл бар, сол маң. Топырағында батырлардың ізі, тастарында абыздардың табы қалған жер – ол…

Дауысы тереңнен, ескі заманның жаңғырығындай естілді. Сол сөздердің әр буынында даланың иісі, тарихтың демі бар еді.

Әкемнің дауысы бірте-бірте алыстағы сарынға айналып, көз алдыма өткеннің елесі орала бастады: ақ шаңқан киіз үйлер, көк аспан астында боз жусанның иісі бұрқырайды, ат дүбірі алыс тау ішінен жаңғырып естіледі. Бәрі де баяғы аналардың алақаны тиген, бабалардың табаны басқан жерден ағып келіп тұрғандай.

– Еңсебайдың әкесі мен менің әжем Кіштай бір әулеттен, – деді әкем толғана сөйлеп. – Сол тектен шыққан әйелдердің бәрі мейірімді, сабырлы, тектілік біткен жандар еді. Қамия да сондай болған…

Даусының арасынан әлдебір сағыныштың дірілі сезілді. Ол да сол ананың иісін, сол топырақтың қасиетін сағынып отырғандай секілді. Телефонның арғы жағындағы үн менің кеудемде баяу тербеліп, жүрегімнің түбіне бір жылы сәуле құйды.

Әкем айтқан шежіре – тарихтың өзі еді. Әр есім жай ғана дерек емес, бір дәуірдің ізі, әр буын ұрпақтың тамыры. Әр сөз – өткен мен бүгінді жалғаған көзге көрінбес жіп. Сол жіптің ұшында ананың рухы мен туған жердің мәңгілік демі тұрды.

Кереку қаласында тұратын Тоқтар ағаның нағашысы Маукеннің баласы, көп жылдар бойы қаржы саласында еңбек еткен Берік ағаға сол күні-ақ хабарластым. Кешкісін ол Керекуден толық шежірені факспен жолдап жіберді.

Қолымдағы парақтар сарғыш тартқан уақыттың айнасындай еді. Әр жолынан – бабалардың демі, сары даланың иісі аңқып тұрды. Мен шежірені түрлі түсті қағазға бастырып, төрт дана етіп әзірледім.

Тоқтар ағаға хабарластым. Бұл жолы дауысы бұрынғыдай емес, әлдеқайдан тереңнен шыққан қоңыр тыныспен жұмсарып естілді:

– Келе бер, – деді қысқа ғана.

Кабинетінде баяғыдай емес, өзгеше бір тыныштық орнапты. Ол шежіреге үнсіз үңілді. Саусақтарының ұшы әр есімді баяу сипап өтеді. Сәлден соң, әлсіз ғана күрсінді.

– Рахмет, – деді ақырын. – Анамның ата-тегін енді білдім. Баянауылға баратын күнді өзім айтам.

Сол сәтте оның жанарынан ерекше бір от ұшқындады – бал дәурен балалық шағының елесін, ананың иісін аңсаған жүректің оты. Ал алғашқыдағы ресми суықтық баяу еріп, орнын қазақы мейірім мен туыстық жылылық басты.

Қоштасарда ол жымиып, иығымнан қағып тұрып:

– Жақсы іс бастадың, бауырым, – деді.

Жанымда бір жұмсақ жылу толқыны тербелді. Шіркін, адамды ұлылыққа жетелейтін де, жүрегін мейірімге бөлейтін де – туған жердің топырағы, ата-бабаның аманаты, ананың рухы ғой.

***

Қыс ортасы. Ақпанның жиырмасы. Астананың аспаны тұнжырап, сұрғылт бұлттардың астында қала бейне бір мұңға шомғандай. Кәдімгі жұмыс күндерінің бірі. Сағат тілі кешкі бесті еңсеріп үлгермеген.

Кенет кеңседегі тікелей телефон шыр ете қалды.

Тұтқаны көтергенім сол еді:

– Аубакировпын, Нұрлан, срочно кел! – деген дауыс естілді.

Тоқтар ағаның даусын жазбай таныдым. Әдеттегідей байсалды емес, қобалжыған, алаңдаулы. Жүрегім зу етіп, бірден орнымнан атып тұрып, асығыс жетіп бардым.

Кабинетінде жалғыз отыр екен. Жүзінде бір алапат ойдың табы бар. Көзі кірпік қақпай, тереңге қадалған. Мені көріп орнынан баяу көтерілді.

– Жаңа ғана Қарағандыдан келдім, – деді де, ауыр күрсінді. – Таң алдында апатқа ұшырай жаздадым…

Әңгімесін тыңдап отырғанда, әр сөзі жүрегіме пышақтай қадалды.

– Кеше кешке Қарағандыдан шықтым. Теміртауда жездемнің үйіне соғып, шай ішіп, түнгі сағат бірге таман жолға шықтым. Рөлде өзім ғана едім. Қараңғы түн, жол ауыр. Қанша дегенмен шаршағандық жеңіп кетеді ғой, бір мезет көзім ілініп кетіпті…

Шешем: «Ұлым, оңға бұр!» деп иығымнан қағып жіберді. Көзімді ашып қалсам,  машина қарсы жолаққа шығып, небәрі он бес метр жерде КамАЗ қарсы келе жатыр…

Рульді бұрып жіберіп кюветке түсіп кеттім де сол жерде жарты сағаттай есеңгіріп отырдым. Алла сақтады. Таң ата Теміртауға қайтып барып, бірден шешемнің зиратына бардым. Құран оқыдым. Іштей: «Мама, сенің туған жеріңе барамын» деп серт бердім.

Сөзінің әр үні – жан дүниесінің қақ айырылғанын сездіріп тұрды. Адам баласы ғарышты бағындырғанымен, ана рухының алдында әлсіз. Көкте жұлдыздармен сырласқан Тоқтар аға сол түні анасының рухымен тілдескендей болды.

– Нұрлан, – деді ол менің көзіме тік қарап, – менің Баянауылға баруым керек. Бұл менің анама берген уәдем. Бүрсүгіні жолға шығамыз. Екі-үш күнге программа жаса.

Осы сөзден кейін менің де бойым жеңілдеп қалды. Көңілімде көптен бері жүрген ойды Тоқтар ағаның өзі айтқаны жүрегімді елжіретті.

Кеңседен шыға сала әкеме хабарластым. Бар жайды айттым. Керекудегі Берік ағаға, аудан әкімі Қорабай Шәкірұлына жеткіздім. Барлығының да үні қуанышты, жүректері толқулы.

– Уақытылы айтқаның жақсы болды. Біз дайын боламыз, – деді әкім сабырмен.

***

Ақпан  – қатал. Таң әрең атады, күн болса асыға еңкейеді. Аяз жердің демін қарып, желдің өткір тілі сүйекке дейін өтеді.

Жиырма екінші ақпанда біз екі машина болып Баянауылға жолға шықтық. Қарлы даланың үнсіздігін бұзған тек дөңгелек астындағы қардың сықыры ғана. Сол сықыр  бір қалыпты ырғақпен соққан жүрек дүрсілі сияқты, ойға жетелейді.

Теміртауға Нығмет жездесінің үйіне соқтық.

– Енді міне, анасының топырағына, нағашыларының еліне бара жатыр, – деді жездесі, толқынысын жасыра алмай. Сөзінде қуаныш та, ақжарма көңіл де бар еді. Алыста қалған жылдардың елесі, жүректің түкпірінде шөгіп жатқан бір мұң, сол сәтте көзге көрінбей тұрса да, барын сездіріп тұрды.

Тоқтар аға жай ғана басын изеп:

– Сізге әдейі келдім. Бірге жүрейік, – деді.

Шексіз дала бізбен үнсіз тілдесіп отырды. Қар арасынан сығалаған тобылғы бұтақтары, ақ тұманға сіңіп бара жатқан жоталар мен мүлгіген кеңістік, бәрі де көзге ілінбес ғұмыр өрнегіндей. Әр белгі, әр тыныс  жаратылыстың өз өрісінен сыр ұқтырып тұр.

Машина іші тып-тыныш. Бірақ ол үнсіздік жан дүниенің терең толқыны.  Тоқтар ағаның жанарында жылылық ойнап, ойға шомып, маңдайы сәл тырысқандай болып, әлденені еске алғаны сезіледі. Сыр бермегенімен, жүрек түбінде: «Мына сапарды  уақыттың үнсіз қолы жетектеп келе жатыр» деген сенімнен айнымағанын аңғару қиын емес.

Осылайша, оның нағашы жұртына алғаш табан тірер сәті басталып келе жатты…

Ақкелін шоқысының тұсына тоқтадық. Тоқтар ағамыз көліктен түсті. Көз алдындағы кең дала оған аспаннан да кең, жүрекке де жақын көрінді. Төбенің баурайы ақ қарға оранып, қарауытып тұрған тастар ежелгі тарихтың тілсіз әуені секілді күбірлеп тұр. Қысқы тыныштық қоюлана түсіп, дала мүлгіп қалған. Алыстан аппақ жамылған ауылдың қарасы мұнартып көрінеді.

– Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың кіндік қаны тамған, Ұлы ғалым дүниеге келген мекен, – дедім Тоқтар ағаның жүзіне қарап.

Сол сәтте оның жанарында өзгеше бір нұр жылт етті – іңкәр құрметтің, рухани тағзымның нұры. Көңілінде тек Қанышқа емес, осы қасиетті топыраққа деген үнсіз ілтипат бар еді.

Күн еңкейіп, көкжиек сұрғылт-қызғылт бояуға малынғанда, біз Баянауылға жеттік. Қалың қардың ортасында қалқиып тұрған «Факел» демалыс үйінің шамдары алыстан жылылық шашып тұр.

Қарлы түннің қатаң тынысын да әлдебір жұмсақ, мейірімді жылылық жеңіп, алыстан келген жолаушыны бауырына тартқандай. Түнгі тыныштықта тау самалы кеудеңді ашып жібереді. Ауа мұздай, бірақ деміңе бірге енетін бір ғажайып тазалық, бір еркіндік бар.

Тоқтар аға көпке дейін ұйықтамай, сырттағы ақ әлемге қадала қарап, терезе алдында үнсіз отырды. Мүмкін, сол сәтте ол қыстың қою тынысының арасынан ана рухының, нағашы жұртының үнін естігендей болып, жүрегінің тереңінде уақыттың құпия есігі ашылғанын сезінген шығар.

Таңғы күн сәулесі қардан шағылысып, тау бөктерін алтын нұрға бөлеп тұр. Баянауылдың ауасы ерекше: суық болса да, бойыңды тазартып, кеудеңе бір жаңа тыныс ұялатады. Әр дем  жанның тынысы ғана емес, өмірдің өз әуені; әр қадам  табиғаттың үнсіз ырғағымен біте қайнасқан әсем қозғалыс.

Біз демалыс үйінен шықтық. Қарға оранған көшелер, үйлердің төбесінен көтерілген көк түтін аспанмен араласып жатыр.

Ауыл тіршілігі өз ырғақ, өз тынысымен. Адамдардың жүзінде мейірім бар, көзінде таныс жылылық.

Алғаш аялдаған жеріміз – академик Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейі. Есіктің алдында иін тірескен ел сап түзеп, күтіп тұр екен. Ыстық ықыластың лебі алыстан сезілді – елдің жүзінде қуаныш, жүрегінде мақтаныш.

Аулаға кірген сәтте қасқайып тұрған Қаныш Имантайұлының мүсіні алдымыздан үнсіз қарсы алғандай болды. Тоқтар аға еш кідірместен тура солай беттеді. Ауыр қадамдары терең ойдың салмағындай сезілді. Мүсін алдына келіп, иықтарын тіктеп, аз-кем үнсіз тұрып, басын иді. Бұл тағзым – тас мүсінге ғана емес, ұлт рухына, ұлы жерлеске, ғылымның мәңгілік шамшырағына жасалған құрмет еді. Күн сәулесі оның жүзіне түсіп, жанарынан мақтаныш пен сағыныштың қос оты жылт етті. Сосын ол халыққа қарай бұрылып, оң қолын кеудесіне қойып, ықыласпен иілді.

Аудан әкімі Қорабай Шәкірұлы алға шығып:

– Елдің ардағы, қазақтың тұңғыш ғарышкері, бүгін Сіз Баянауылдың төріне, нағашы жұртыңыздың топырағына табан тіредіңіз. Қош келдіңіз! – деді толқып.

Сол мезетте екі жігіт ортаға күміс ертоқымды қарагер ат жетектеп шықты. Таңғы күннің нұры ертоқымның өрнегіне шағылысып, тұлпардың айбатын асқақтата түсті.

Алдымен Тоқтар ағаның иығына құндыз шапан жабылып, басына құндыз бөрік кигізілді.

Аудан әкімі қолтықтап, тұлпарға мінгізді. Ат үстіне қонған сәтте қалың жұрттың қошемет үні аспанға өрлеп, қыстың мұнарлы аспанын жарып жібергендей болды. Халықтың ыстық ықыласы мен ата дәстүрмен жасалған құрметке Тоқтар ағаның жүзіне толқу мен ризашылық қатар ұялады.

Кездесу музей ішінде жалғасты. Есіктен енген сәтте-ақ жұрт Қаныш Имантайұлының ғұмыр жолынан сыр шертетін суреттер мен жәдігерлердің үнсіз сөйлеп тұрғанын сезді. Тіпті тас, қағаз, темірдің өзі бір мезет тіріліп, тарихтың тереңінен сыр ақтарғандай.

Қорабай Шәкірұлының кіріспе лебізі зал ішін толқындатты. Әр сөзі салмақты, әр иірімінде елдің өткені мен бүгіні сабақтасып жатты. Ол Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа көтерілген сәтін, сол бір ұлт рухын дүр сілкіндірген күнді тебірене еске алды. Әр тіркесі жұрттың көкірегіне шоқ болып түсті.

Аудан әкімінің сөзінде тек құрмет емес, терең толғаныс бар еді. Сол толғаныс зал ішін кернеп, жиналған жұртты бір-біріне бұрынғыдан да жақындатып жіберді. Уақыт сол сәтте тоқтап қалғандай.

Тоқтар аға сөз алған сәтте бәрі тынши қалды. Оның үні – баяу да байсалды, бірақ әр сөзінен қуат, жылылық сезілді. Ғарыштағы сәттерін әңгімелеп,  туған елдің тағдырына ой жүгіртті. Әрбір сұраққа байыппен жауап қатты. Оның сөзінен туған жерге деген махаббат, ана топыраққа деген іңкәрлік, елге деген сенім сезіліп тұрды.

Жұрттың жүзінен қуаныштың табы байқалды. Әркім осы сәтті жүрегіне таңбалап алғысы келгендей. Бұл – тек кездесу емес, ұлт рухының бір сәтке бірігіп, бір жүректей соққан шағы еді.

Кездесу соңында жұрт Қаныш Имантайұлының ескерткіші алдында естелік суретке түсті.

Тоқтар аға асықпай музейді аралады. Әр жәдігерге аялдап, үнсіз ойға шомды. Ғалымның өмір жолынан сыр шерткен құжаттар мен құралдарға ерекше ықыласпен үңілді. Көзінде – іңкәр құрмет, жанарында – терең толғаныс.

Соңында музейдің естелік кітабына  жүректің түбінен шыққан лебізін жазып қалдырды. Қалам ұшы жүрек дүрсілімен үндесіп тұрғандай еді:

«Баянауыл төңірегінде Қаныш ағамыздай кісі тууы тиісті. Ерекше жер – ерекше біртуар ағамыз! Қаныш ағамыз бүткіл әлемге жұлдыз болып жарқырады. Әрдайым қасиетті жерімізде Қаныш ағамыздай балалар дүниеге келе берсін! Мұражай жақсы қолда, күтуі өте жақсы екен. Рахмет! Тоқтар Әубәкіров. 23.02.06»

Осы жазудан кейін орнаған үнсіздік те өз алдына бір салтанат еді. Сол үнсіздікте ұлттың рухы, аруақтың демі, елдің мақтанышы бар еді. Екі-ақ сағатқа созылған бұл басқосу жұрттың жадында ғасырлық әсер қалдырып, әр жүрекке нұр құйылып, елдік сана тағы бір биікке көтерілді.

Ендігі сапардың бағыты – Егіндібұлақ ауылы. Кездесуден кейінгі толқыныстан ба, Тоқтар аға жол бойы үнсіз отырды. Тек сырғыған көліктің гуілі мен желдің баяу ызыңы ғана естіледі.

Жолай Қарашаттағы қорымға соғып, Қамия анамыздың туысы Маукеннің бейітіне құран бағыштады.

Содан соң Маукен нағашысының шаңырағына ат басын бұрды. Үй іші жылы шыраймен қарсы алып, дастарқан басында естеліктер мен ауылдың әңгімесі өрбіді. Сол сәтте Нығмет жездесі сол жылдардағы сырлы сәттерді еске алды.

***

Егіндібұлақ ауылының мектебі сол күні өзгеше бір нұрға оранғандай еді.  Ақпанның аязы бет қариды, бірақ ауада бір жұмсақ жылымықтың лебі сезіледі.  Мектеп залы лық толы. Бірі орындықта, бірі терезе түбінде, тағы бірі есік жақта тұр. Кең емес бөлмеде көңіл кең. Әр көзде – қуаныш, әр жүзде –  үміт. Сол сәтте залда ерекше бір үйлесім орнағандай. Әр жүректен екінші жүрекке жылылық тарайды, бәрін ортақ мейірім мен жақындық сезімі баурап алған.

Тоқтар аға мінбеге көтерілгенде зал тына қалды. Балалар көз алмай, оның әр қимылын, әр демін бағып отырды. Сол сәтте олардың жүрегінен нәзік бір сәуле ұшып шыққандай – арман мен сенімнің, болашаққа деген талпыныстың белгісі еді. «Міне, біздің қазақтың батыры – Тоқтар ағамыз!» деген ой әр жүректен жылы шуақ боп тарады. Балалар өздерін бұрын-соңды сезбеген биікте жүргендей көрді – ғарышқа бірге көтеріліп, арманына қол созғандай.

Сол сәтте Тоқтар аға залға көз жүгіртті. Көзі мөлдір, жүзі жылы, сөзі сабырлы еді. Даусы жұмсақ болғанымен, әр сөзі жүректің ең түкпіріне бойлап кірді:

– Ғарыштан жерге қарағанда, алдымен туған даламды іздедім, – деді ол баяу. – Қазақтың сайын сахарасын көргенде, ішім қуаныштан жарылардай болды. Сол сәтте әкемді, анамды, туған ауылды ойладым. Бүгін, міне, мен нағашыларымның еліне табан тіреп тұрмын. Бұл мен үшін шексіз қуаныш, балалық арманымның орындалған сәті!

Оның үні ғарыштан келген жаңғырықтай, бірақ жүректерге туған жердің иісіндей жылы естілді. Сол сәтте залдағы әрбір адам өзін биік аспанмен, ұлттың тағдырымен, мәңгілік арманмен байланысқандай сезінді.

Тоқтар аға алдыңғы қатарда отырған менің әкем – Мұқатай ақсақалға көз тастады, жүзіне ризашылық нұрын төгіп:

– Бүгін мен Сіздің шақыруыңызбен келдім, – деді ілтипатпен. – Бұл кездесу менің жүрегімдегі ең ыстық сәттің бірі. Сізсіз бұл мерейлі күннің өзі болмас еді. Өмір жолыңыз жайлы Нұрлан айтып берді, мен сол арқылы сізді таныдым.

Зал бір сәтке толқып, қол шапалақ пен үнсіз қуаныш араласып кетті. Тоқтар аға әкеме  жақындап, оны құшағына алды. Сол сәтте залдағы әр жүрекке тыныш, бірақ терең жылылық жайылды.

– Балалар, – деді, – мен сендердің армандарыңды көздеріңнен көріп тұрмын. Армандаңдар, бірақ арман – еңбек пен білімнің қанатында ғана биіктейді. Қазақ баласы бәріне де қабілетті. Сендерде жігер болса, жолдарыңды ештеңе бөгей алмайды. Балалардың жүзіндегі нұр – кез келген марапаттан қымбат еді. Көздерінде жарқ еткен арман сәулесі – болашақтың белгісіндей жарқырап тұрды.

Сахнаға ұстаз Егінбай Байдильдин көтеріліп, Тоқтар ағаға арнаған өлеңін оқыды. Жүректің тереңінен шыққан, жылылық пен сағыныштың тоғысы батырдың бойындағы мейірім мен батылдықты, ұлттың ұлы рухын сездіріп, залды толқытты.

Сөз тізгіні әкеме берілгенде, залда терең тыныштық орнап, әр сөздің салмағын сезген жұрт демін ішіне тартып тыңдап отыр.

Әкемнің даусы баяу, бірақ нық, жүректің түбінен шыққан үнмен естілді.

– Балам, – деді ол, – сенің асқақтаған биігің – халқымыздың асқақ арманының жалғасы. Ғарышқа көтерілгенде, тек өз тағдырыңды емес, бүкіл қазақ елінің үмітін, намысын бірге алып шықтың. Қаншама ғасырлар бойы даламыздың үстінде ұшқан ақсұңқардай, сен де сол ұлы кеңістікте самғадың. Әр ұрпақтың өз көгі бар, сол көкке көтерілер түбірің,  туған топырағың.

Ұшқан құс та ұясын табады. Міне, бүгін сол ұяңа нағашы жұртыңа табан тіреп тұрсың. Бүгінгі қадамың – ананың рухына, ел-жұртқа құрметің. Құтты болсын, қарағым.

Қолын жайып, батасын берді:

– Аспаның ашық, жолың жарық болсын, балам.

Ұшқан биігің – ұлттың биігіне айналсын.

Қадам басқан әр жеріңнен береке дарысын.

Ғарыштың тұңғиығынан көргеніңді – елдің игілігіне, ұрпақтың нәсібіне жұмса.

Туған жердің топырағы сені әрдайым желеп-жебесін.

Ана рухы мен елдің тілеуі сені қорғай жүрсін.

Тәңірі саған мықты денсаулық, нұрлы ақыл, шексіз сабыр берсін.

Биігің көбейсін, бағың арта берсін, қарағым.

Ұлың мен ұрпағың сенің жолыңды жалғастырсын.

Елінің еңсесін көтерген ердің абыройы мәңгі болсын!

Ақ бата залды жылы бір лепке толтырды. Тоқтар аға әкемнің қолын ұстап:

– Аға, мен үшін ең қымбат сый – сіздің батаңыз, – деді. Даусы бәсең, бірақ салмағы бар. Залда – тыныштық. Әлем – сәл аялдағандай. Бір сәтке ғарыш пен Егіндібұлақтың арасы жойылып, бәрі бір нүктеде тоғысты: адамның жүрегі.

Абыз өткеннің салмағын арқалап отыр, батыр болашақтың жүгін. Араларында көзге көрінбейтін үнсіз байланыс бар,  екеуі де сезіп тұр.

Кездесу соңында нағашысы Берік Мәукенұлы жылы лебізін білдірді. Тоқтар ағаға шапан жауып, ат мінгізді.

Кездесу мектеп оқушыларының терең дайындықпен, жүректен шыққан әдеби және музыкалық сазға толы концертімен жалғасты. Әр әуен, әр өлең оқушының жан дүниесін жарып шыққан сәуледей әсер қалдырды.

Сол күн Егіндібұлақ халқының жүрегінде мәңгіге жазылып қалған ерекше сәт болды. Арман мен мақтаныш, баталы сөз бен өлеңнің жылы лебі бәрі бір арнаға тоғысып, жұрттың жанына мәңгілік шуақ қалдырды.

***

Егіндібұлақтың аспанының сол түні өзгеше еді, жұлдыздар бір-біріне тізіліп, үнсіз шежіре оқып тұрғандай. Аспанның астында – абыз әкемнің қарашаңырағы. Үйдің іші мен сыртындағы уақыт арасы, бөлінбей кеткен бір кеңістік, өткен мен бүгіннің демі араласып тұр.

Жиналған жұрттың жүзінен толқу мен қуаныштың лебі сезілді. Тоқтар аға есіктен аттаған сәтте, үй іші бір сәт тына қалып, бәрі орнынан тұрып, ілтипатпен, құшақ жая қарсы алды. Сол сәттің өзінде бір терең мағына, бір рухани жылылық бар еді – бұл тек кездесу емес, абыздың аманатына айналған қасиетті тоғысу болатын.

Төрге мол дастарқан жайылды. Бірақ дастарқанның сәнін келтірген қысқы қымыз еді. Ол тостағанға құйылып, Тоқтар ағаға ұсынылды. Тауысып ішіп, аға іле-шала тағы сұрады:

– Қақаған қыста бұндай дәмді қымызды бірінші рет ішіп отырмын, – деді ризалықпен.

Әкем жымиып:

– Бұл мың бір ауруға дәру мамыр айының құнарлы қымызы, – деп қымызды сақтаудың құпиясын тарқатты.

Тоқтар аға бір қызық оқиғамен бөлісті:

– Бір күні түн ортасында қатты шөлдедім. Не ішсем де шөлім басылмайды. Әлде бір аңсар, әлде бір жанның сағынышы сияқты… Таңертең ұшаққа билет алып, Қарағандыға тарттым. Ұшақтан түсе ешқайда бұрылмастан таксимен базарға барып үш литр қымыз алдым да, басыма бір-ақ көтердім. Сол сәтте көзім шарадай жанып, бойым рақат сезімге бөленді. Тағы үш литр алып, Теміртаудағы әпкемнің үйіне бардым. Ішіп болған соң көзім ілініп кетіп, бір тәулік бойы ұйықтаппын. Ертеңінде Мәскеуге қайта ұшып кеттім, – деп езу тартты.

Бұл сөздердің артында жай ғана шөлді басу емес, туған жерге деген  сағыныштың ізі бар еді. Мәскеудің темір мен тасқа тұнған дүниесінде жүріп, ол қазақ даласының иісін, балалық шағының, туған ауылдың жазғы самалы мен ананың әлдиіндей мейірлі қымыздың дәмін аңсаған.

Осы сәтте үлкен астаумен ет әкелінді. Жал-жая мен қазының иісі бұрқ етіп, үйдің ішін қоңыр жылу кернеп кетті. Астаудың бетін тұтас жауып жатқан сере шыққан қазы көздің жауын алады.

Әкем:

– Бұл жылқыны Батыр келеді деген хабар шыққаннан бастап өз қолымнан баптап семірткенмін, – деді.

Тоқтар аға астаудан қаракесек етті ғана жеп отырды.

Сонда әкем әзіл мен мағынаны астастырып:

– Нағыз «Қаракесек» екенсің, – деп сере қазыны өз қолымен асатты.

Отырған ер-азаматтарға да кезекпен асатып шықты.

Әзіл-шыны аралас аудан әкімі Қорабай Шәкірұлы ескі дәстүрді еске салды:

– Бұрын ақсақалдар ет асатқанда қолын артына қойып, «құлдық» деп асайтын болған. «Асатпай жатып құлдық» деген сөз содан шыққан, – деді. Бәрінің көкейінде дәстүрге деген іштей құрмет жатты.

Кешті ауылдың абыройлы азаматы, шешен тілді інім Бауыржан жүргізіп отырды. Оның сөзі баяу, бірақ әр үні ескі домбыраның шегі сияқты дірілдеп, тыңдаушының жүрегін қытықтайды. Әңгіме өрбіп, тарих та, тұлғалар да, естеліктер де айтылды. Әрбір сөз көңілге түйін болып түсті.

Сол бір сәтте Тоқтар аға үнсіз қалып, алысты еске алғандай жымиып отырды да:

– Бір жолы аңға шыққанымыз бар еді… – деп бастады. – Таңнан кешке дейін бір көкжалдың ізіне түсіп қудық. Ақыры аэрошанамен шаршатып, алдына түстік. Шоқиып отыра қалды. Қасқайып қарап тұр. Сонда мен де тоқтап: «Сен – даланың батырысың, мен – адамның батыры. Жүз метр жерден атамын: тимесе – сенің жолың, тисе – менің сертім. Жүре бер!» дедім. Ақырын бұрылып, асықпай кете барды. Аттым… сұлады. Сол сәт еске түскендей, дауысында өкініштің табы сезілді. Жұрт үнсіз тыңдады. Әркімнің көз алдына көкжалдың өр бейнесі – соңғы қасқайып кеткен қимылы, жалт еткен отты қарашығы елестеді.

Дастарқан жиналар шақта әкем  бір ырым жасады. Тоқтар ағаға қымыз құйғызып:

– Бір ұртта, балам, – деді. Тоқтар аға бір ұрттап еді, әкем әлгі тостағанды қайтадан шараға құйғызып:

– Сенің сарқытыңды ауыл-аймақ түгел ішеді. Бұл қуанышты бөлісудің белгісі, – деді.

Сосын әкем сабырмен сөзін жалғап, жүрегіндегі бір өтінішін айтты:

– Әулетімізде дүниеге ұл келсе, сенің атыңды қояйын деп едік… рұқсат па?

Тоқтар аға орнынан серпіліп тұрып,  қос қолын көкке көтеріп:

– Рұқсат, аға! – деді мейірленіп.

Сол сөзбен бірге аспандағы бір жұлдыз кенет жарқ ете қалды.

Бұл жай тілек емес, жүректен шыққан шынайы құрметтің, ұрпаққа аманаттың белгісі еді.

Сол бір шаңырақтағы кеш… Ол түннің жылылығы әлі де жадымда. Үй ішіндегі әңгіме – баяу аққан өзендей, көңілге сіңіп, үнсіз ойға айналды. Ошақтың шоғы баяу маздап, өмірдің тынысын еске салды. Кеш тарқаса да, ешкім асықпады. Қарашаңырақтың қабырғаларында сол сәттің жылуы, әкемнің сөздерінің ізі қалғандай.

Тоқтар аға босағада сәл аялдап, аспанға көз салды. Көк жүзінде сансыз жұлдыз жымыңдайды. Солардың арасындағы бір жарығы өзгелерден ерекше – өз биігінде жарқыраған нұр секілді. Жұлдыздардың арасынан бір жарық бөлініп шығып, түн көгін тіліп өтті.

Кейін жұрт жиі айтатын:

– Сол түні аспаннан бір шырақ жарық ағып өткен еді, – дейтін.

Ол  жұлдыз емес, елге оралған рухтың нұры еді.

 

Нұрлан КҮЛЖАН.

Добавить комментарий