Шарбақты ауданында Ғабдул-Уахит хазіреттің 170 жылдығына арналған «Иманның шашқан шуағын» атты аймақтық айтыста көрермен көңілінен шыққан Мақсат Ақанов (Қарағанды қаласы) пен Бейбіт Бөженнің (Ақтоғай ауданы) сөз сайысын оықрамн назарына ұсынамыз:
Мақсат Ақанов:
Мекені даналар мен даралардың,
Тарихта дәл осылай бағаландың.
Ассалаумағалейкум, асыл халқым.
Жақсылап өздеріңе қарап алдым.
Алдыменен сұрайын амандығын,
Отырған аталар мен аналардың.
Меніңше, мәні менен мағынасы зор,
Шарбақты жасап жатқан шаралардың.
Көңілін көтерейін көрерменнің,
Көрігін қыздырайын аламанның.
Еліне Хазіреттің келіп тұрмын,
Жерінен Қазыбектей бабалардың.
Сіздерге сәлем айтты Мұзағаңның
Жырына арқау болған Қарағандым.
Қасиетіңнен айналдым, о, Маралдым,
Ән болып әлемге атың таралар мың.
Шарбақты, шағын аудан болғаныңмен,
Жүрегінде орның бар әр адамның.
Мұзбалақ Мұзафардың туған жері,
Жасынан жырын жаттап қалам алдым.
Шатаспасам, Шарбақтыға бәрі қарыз,
«Балдырғанмен» ер жеткен балалардың.
Мақтанған Хазіреттей алыппенен,
Қазақы той басталды қалыппенен.
Тек бір ғана ішіп-жеп кету емес,
Тарихыңды жатқандай танып терең,
Айтыс, күрес, аламан, аударыспақ,
Санамыз жаңғырғандай салтпенен.
Қой қырқу, қой көтеру, асық ату,
Ас боп жатыр дәстүрді дәріптеген.
Көрпе тігу, қамшы өру, ұршық иіру,
Табақ жасап, алаша әдіптеген.
Той болған соң осылай болу керек,
Барлығын бастағандай «Әліппеден».
Дәл мынадай ауқымды астарыңыз,
Екі күнде бітпейді-ау деп қауіптенем.
Асығат айтқаннан соң жолға шықтым,
Асығып қауышуға халықпенен,
Шаруамды ысырып жетіп келдім,
Шарбақтыны жырлауға шабытпенен.
Көктемді ойлап қалам күз екен деп,
Көлді де ойлап қалам мұз екен деп.
Осылай бар өмірім өтіп жатыр,
Осы аңқаулығымды түзетем деп.
Бүгінде де дәл сондай бір жағдай боп тұр,
Инені ұстағандай біз екен деп.
О, тоба, қасымызға сен келгенде,
О баста ойламаппын сіз екен деп.
Бұрын тек қыздарменен айтысушы ем,
Біржаннан бізге қалған із екен деп.
Бейбіт, Бейбіт дегенге қайдан білейін,
Қуанып мәз боп келсем, қыз екен деп.
Көзімде жанып кеп ем шоқ бар құсап,
Енді міне отырмын жоқтауды сап.
Бейбітпен дуэт болам деп жүр едім,
Әйгілі әнші Серік Тоқтар құсап.
Шошайып сен келгенде шошып кеттім,
Қасыма жетіп келген шоқпар құсап.
Сыбанып, жетіп келсем, білегімді,
Құдайым бердің-ау деп тілегімді.
Сөйтсем бұл Бейбіт деген еркек екен,
Сұлу деп ойлап жүрсем, гүл ерінді.
Бұрында айтысқанын көрмеп едім,
Көрсем де ұмытыппын іреңіңді.
Асығат-ау түсіндіріп айтпайсың ба,
Осылай үзгенің не күдерімді?!
Тоқтар болам деп келіп отырғанда,
Тоқтата жаздадың ғой жүрегімді.
Бейбіт Бөжен:
Сен өзі бері шауып, ары шауып,
Маңдайыңның шылқылдап тері тамып,
Келе сап «Қыз екен деп қалдым» дейді,
Тұрмаған соң өзі де мені танып.
Бірақ та мен өзіңе ренжімеймін,
Кәрі әтешке боп көрінер бәрі тауық.
Мақсатжан, қарсыласты қорашсын ба,
Қалдырам сені жолда шаң астында.
Шарбақтының мақтауын асырды ғой,
Бұл өзі айласы ма, жобасы ма?
Сен өзі Шарбақтыға көшіп келші,
«Акимат» ақша берер жол, асыңа.
Егер де Шарбақтыға көшіп келсең,
Екі қолға бір күрек табасың да.
Маралдының тұзына қақталасың,
«Рачкиді» лақтырасың жол асыра.
Бір жазда қалтаңызға ақша түсіп,
Жигулидің аласың жаңасын да.
Саломкинмен бірігіп жол саласың,
«Супподрядчик» боп алып «долясына».
Көмір тасып жүресің жолдас болып,
Қарашашевтің «КамАЗ-ист» Колясына.
Ольгинканың қыздарына көз қысасың,
Поляковтың жүргенде «полясында».
Бірақ та Мақсат досым байқағайсың,
Ерекше қуанбағын сен осыған.
Бұл Шарбақты палуандардың мекені ғой,
Тентек айтсаң түсесің таласына.
Барлығын жеңемін деп желпінгенде,
Қызылтаңның қамалма қорасына.
Ұлықтап сөз сөйлесін ұлың бүгін,
Шарбақтым, көзіндейсің бұрынғының.
Кешегі Нұрекеннің жайлауы – бұл,
Жолын талай кесіпті жырындының.
Тақиясына үкі қадап бұрымдының,
Тақымына май тамызған тұлымдының.
Ғабдыл-Уахит Хазірет кіндік кескен,
Бұқарада өткізген құлын күнін.
Ассалаумағалейкум, арда қазақ,
Баршаңа құтты болсын дүбірлі күн.
Бұл Мақсаттың таңы да кеш атады,
Қуантқан ақын еді неше атаны.
Мақсат деген серіліктің үлгісі ғой,
Аптасына жеті рет бет ашады.
Мақсат деген төрт қыздың әкесі еді,
Түйеден төмен болмас еш атағы.
Бесігіңе бұйырсын бесінші ұл,
Шежірені тарқатып өс аталы.
Жұлдыз да жақсы емес пе бес бұрышты,
Мылтықтың да жақсы ғой бесатары.
Мақсат Аханов:
Бойыңда болмай тұр деп бесатарың,
Мылтығымда бар сенің не шатағың?!
Бейбіт келіп осылай тиісіп тұрса,
Белімді енді қалай босатамын.
Нервіме тие берсең, әйеліммен,
Сені де қоса қойып, қоса атамын.
Ол менің бойымдағы алтын қазық,
Шежіресін жалғаған неше атаның.
Табанымның тайғанын мұздан көргем,
Аяғымнан сыз өтсе, сыздан көргем.
Ешқашан ұлым жоқ деп өкінбеймін,
Құдайға сансыз шүкір қыздар берген.
Сұрасаңшы мынау елден қартайғанда,
Қорғайтын кім екенін ызғар, желден.
Ұлдың бәрі қатынмен кеткен кезде,
Адамдар бар рахатты қыздан көрген.
Орын ап отырғанда сахнадан,
Қалайша жауап бермей қапы қалам.
Несі бар көшпейтіндей Шарбақтыға,
Ел кезіп жүрмейді ме ақын адам?!
Жаңарқадан кеп мұнда ел басқарған,
Жаныма жүрген жоқ па жақын адам.
Үй мен көлік беріп күтіп алар,
Әзілхандай осындағы әкім ағам.
Ағамның кір келтірмей атына мен
Жұмыстың бәрін-бәрін қатырар ем.
Тендердің бәрін өзім ұтып алып,
Теңгенің бәрін судай сапырар ем.
Колямен жүресің деп қор қылмашы,
Жаңағы сөздеріңді бақылар ем.
Қораға емес, інім, қол қойып мен,
Акиматтың төрінде отырар ем.
Еліңде отырған соң қожайын боп,
Мақсатты отырсың-ау қажайын деп.
Бірақ мен көшіп келе алмайды екем,
Көрерменге тұрсам да көзайым боп.
Себебі сен белгілі журналиссің,
Беретін бастықтардың сазайын көп,
Алдап-сулап ауылыңа шақырып ап,
Артымды отырсың-ау қазайын деп,
«Әкім жинап жатыр, – деп, жерлестерін»,
АП-ға отырсың-ау жазайын деп.
Көзіңе кигеніңмен көзілдірік,
Аузыңнан бара жатыр сөзің құрып.
Бес жылда бір шығасың бұл айтысқа,
Құдай қалай жаратқан төзімді қып.
Айтысқа емес күреске шыққаныңда,
Оқ бойы тұрар ма едің, озық жүріп.
Белді бір палуан боп шығар ма едің,
Белдескеннің барлығын езіп, жығып.
Күрес деген негізі күшті, кәйіп,
Жығылсаң да тақпайды ешкім айып.
Палуандардың елі деп қалдыңыз ғой,
Айтуға көрем осы тұсты лайық.
Маған мынандай, Бейбітжан, ой кеп отыр,
Айта бермей бұл ойды іс қылайық.
Ертең күрестен керемет жарыс болад,
Есіміңді ішіне қыстырайық.
Атың менен затың да кеп тұр екен,
Өзіңе жасасаңшы істі лайық.
Белгілі палуан боп шығарсың сен,
Бейбіттен қай жерің кем Ыстыбаев!?
Бейбіт Бөжен:
Алдыңда арыстандай жас атылды,
Қалтаңа салып берсем нашатырды.
«Акиматта отырам», – деп қояды,
Мақсаттың бұл болмасын тас атуы.
Шарбақтыға, Мақсатжан, көшіп келсең,
Осы ауылдың боласың бас ақыны.
Сөзімді қашандағы сазға бердім,
Көңілімді, Мақсатжан, назға бөлдім.
«Журналист боп жазасың», – деп қояды,
Әрине қалам ұстап маздап едім.
«Көптен бері көрінбедің», – деп қоясың,
Мен тарихтың беттерін қазған едім.
Осы ауылдан өтіп кеткен Темірғалы,
Соқыр Омар жайында жазған едім.
Айтысқа шықпасам да, Мақсат ақын,
Елімнің мәселесін қозғап едім.
Бауырлардың аяғына тұсау болмай,
Құрбандыққа шалынғаным аз ба менің?!
Жеңісімді аламын күштесем де,
Жарықтың, алма, ауызға түс десем де,
«Ыстыбаевтан қай жерің кем» деп отырсың,
Сыртынан мен де көйлек пішпесем де.
Ыстыбаевпен күрессем, жеңіп кетем,
Астында жатып алып тістесем де.
Көкейінда қараланып мойыл жатқан,
Келейін шаң көтеріп сайын жақтан.
Ғабдыл-Уахит Хазіретті білесіздер,
Сүренің сәулесімен сойылдатқан.
Атамын деп кеп қалған солдаттарды,
Дұғаның қасиетімен дойырлатқан.
Хазірет сол заманда қазақ түгіл,
НКВД-ның солдаттарын мойындатқан.
Мақсатжан, қанық едік есіміңе,
Шарбақтының толғандай төсі гүлге.
Жеңгемді алып келіп кесенеге,
Өзіңмен жалғассын көшің бірге.
Қайран жеңгем, бір ұлға жерік болып,
Бурадай бір ұл келсін бесігіңе.
Мақсат Ақанов:
Киелі Шарбақтының ұлы елінде,
Басылып бара жатыр жігерің де.
Бесігіңе бір ұл бітсін деп тілеген,
Иншалла, қабыл болсын тілегің де.
Бірақ мен жаңағы сен айтып берген,
Амалдың істемеймін біреуін де.
Баланы адам емес, Алла береді,
Осындай иманым бар жүрегімде.
Бейбіт айтты екен деп бейітке кеп,
Әйеліммен алысып жүремін бе?!
Құдайым нұрын тұрғандай құйып көктен,
Беделі бабамыздың биік неткен.
Жасынан қартайғанша білім алып,
Бар ғұмырын халқына қиып кеткен.
Сауат ашу ісімен айналысып,
Сауапты ақыретіне жиып кеткен.
Бұқарадан әкелген бар білімін,
Бұқара халқына арнап, үйіп-төккен.
Үш ұлы да Ұлы Отан соғысында,
Үш жүздің ертеңі үшін шейіт кеткен.
Ақыретте жалғанның жігін ашып,
Адамдарды күнәдан тиып кеткен.
Тау тұлғалы бабама таң қаламын.
Тар қабірге қалайша сыйып кеткен?!
Құранға қылған шәксіз қызмет үшін,
Құдайым дәрежесін биіктеткен.
Алданбай дүниенің боқтығымен,
Аллаға амалы ғой сүйікті еткен.
Басына мылтық тіреп тұрса-дағы,
Әз басын тек Аллаға иіп кеткен.
Міншілдіктің атына мінбей кеткен,
Күншілдік күркесіне кірмей кеткен.
Ұйқы беріп, қайғы алған қайран бабам,
Ақыретінің қамы үшін күлмей кеткен.
Есілбайда ерінбей мешіт ашып,
Есіл бабам ерінбей дінді үйреткен.
Келдіқызда керемет мешіт салып,
Кемеңгер-ай, шаршауды білмей кеткен.
Дін үшін кеңеске де қарсы тұрып,
Тірлігі өткен екен кіл бейнетпен.
Алланың тура жолы тұрған кезде,
Ақ патшаның жолымен жүрмей кеткен.
Күні-түні дәріптеп бір Құдайды,
Күн көсемді көзіне ілмей кеткен.
Атыңнан айналайын, арда мекен,
Жеріңде ән бар екен, мән бар екен.
Жайнаған Маралдыдай көл бар екен,
Айналаң қарағайлы орман екен.
Алланың асыл дінін елге үйреткен,
Ғабдыл-Уахит хазірет молдаң екен.
Ұлдарыңның барлығы арлан екен,
Қыздарыңның барлығы арман екен.
Арман болмай қайтеді аруларың,
Естайдың есін алған Хорлан екен.
Маралдының маңайын жағажай қып,
Туристерді тартудың жолдары екен.
Ем алып кете-тұғын ел көбейіп,
Демалып кететіндер толған екен.
Бір сөзбен айтқан кезде бұл Шарбақты,
Алыпты шаруаны қолға бекем.
Бірлік пен берекенің арқасында,
Бастарыңа бақ-дәулет қонған екен.
Шекараның шетінде отырған ел,
Біз айтып тауыса алмайтын толғау екен.
Шарбақты бұл жай ғана шарбақ емес,
Аюдан қорғап тұрған қорған екен.
Бейбіт Бөжен:
Тағдырдың көнген талай ауырына,
Өмірдің шыдас берген дауылына.
Қазақтың жұрты мәігі жасай берсін,
Бақ тілеймін Шарбақты қауымына.
Мақсаттай ақын досым аман болғын,
Қамшы тиіп көрмесін сауырыңа.
Жолың жарқын болсыншы әрқашанда,
Өмірдің кезікпегін ауырына.
Мақсатқа бір шапалақ ұрыңыздар,
Күнде ақын келмейді ауылыңа.