Қобылан ақын Бөрібайұлы бала күнінен бастап өлең шығара бастаған. Қашан қартайып өлгенше өмірдің нашарлық, жоқтық жайы, балалары туралы айтқан. Қобыланның әкесі Бөрібай ақын. Ол XVIII ғасырда жасаған. Бөрібай ақынның ел аузында көп сөзі қалмаған. Оның атақты Шоң биге айтқан бір ауыз өлеңі ғана белгілі. Қобылан ақынның да көп сөзін ел ұмытқан, сонда да Қобыланның өлеңдерін жақсы көрген ел кейбір сөздерін сақтап қалған.

Ақбура Қобылан ақынның өлеңдері көп болған. Соның бірі «Бау ашар» деп аталады. Қобылан ақын өте кедей болған адам. Жайлауға елмен бірге көше алмайды. Жатақта қалады. Әкесі Бөрібай ақын өліп қалған кезі. Қобылан далаға шықса, тау жағында өрт көрінеді. Қобылан шешесіне келіп, өрт келе жатыр, нәрсемізді өзенге қарай сүйреп апарайық депті. Шешесі жас баланың сөзін бір жағынан елемейді. Өртке қарайды да:

– Келе қоймас, жата тұрайық, – депті. Сөйткенше өрт келіп қалыпты, нәрсесі күйіп кетіпті. Сонда Қобылан баланың айтқаны:

Кебежем күйіп кетті сөресімен,

Ішінде құрт-май деген бір асымен.

Келмейді деп бұл өртті әжем айтты,

Өзектің келіп қалды жырасымен.

Сауып ішетін азырақ ешкісі болады екен, соған айтқаны:

Ешкі деген малымыз лақ қана,

Сауып алса борбайы бұлақ қана.

Қаймағы мен қаспағы тамақ тәтті,

Бағарында барамыз жылап қана.

Қобылан үй болып қалған кезінде, қазақтың қонақасы деген рәсіміне кедей болса да қарсы болмаған. Осы жайлы бірсыпыра өлең айтқан адам.

Қонаққа бір керегі ет пен қымыз,

Бар болса адал дәмін ауыз тигіз.

Аз беріп, көп жалынып құтылып қал,

Қонағың тойғанымен шықпас мүйіз.

 

Соғым арық ет өзі қара кесек,

Ет қана жақтырмайды пара берсек.

Әуеден жауған қар да таусылады,

Бір сайдан күнде барып ала берсек.

 

Қонағым бабың қиын күйің қатты,

Қондырмасам қоясың жаман атты.

Сен ет демесең мен кет демейін,

Келе бер қай озғанның жүйрік атты.

 

Қонағым өкпелейді тоймаған соң,

Неге тойсын көп соғым соймаған соң.

Қобыланның боталы түйесі бар екен. Ботасының атын Қауажақ деп қояды. Бота енесіне ере алмай, өріске кете алмайды. Енесі қайта-қайта келіп, емізіп тұрса керек. Соған айтқаны:

Қауажақ жете алмайды өрісіне,

Өлсе томар кіреді-ау терісіне.

Мал басы кей адамның өлмей өсед,

Міне қара құдайдың бересіне.

Тағы бір сөзінде:

Бәлеге мың бір атты кім жетеді,

Түйені алып сиырдан дәм етеді.

Қосамын ептеп-септеп улақ-сулақ,

Өспек түгіл көтінен кер кетеді.

Келіні мен баласы туралы айтқан сөзі екен. Қобыланның жалғыз өгізі бар екен. Сол елде Дансат абыз деген кісі бір жұмысына сұрай келіпті. Үлкен баласы бергізбейді. Сонда Қобыланның айтқаны:

Қара жолға атанған қайран күнім,

Қанша жорға болсам да шықты мінім.

Бала ер жетіп аяқтан алғаннан соң,

Ағайынға кетеді-ау енді сыным.

Үлкен баласы бөлек үй болып, кенже баласының қолына шығады. Келін мен бала онша түзу қарамайтын болса керек. Сонда айтқаны:

Баланың ең жақсысы кенжесі екен,

Тәтті, дәмді бар болса сол жесе екен.

Қатын алып, баланы сүйгеннен соң,

Кәрісін жақтырмайды о несі екен.

Келініне айтқаны:

Кәрілік шіркін келдің көзіменен,

Келін жақсы көрмейді көзіменен.

Тарсылдатып таяқпен ұрмаса да,

Ұрғандай қып жүреді сөзіменен.

Добавить комментарий