Қазақ ауыз әдебиетінің ежелден келе жатқан бір саласы – айтыс. Ел алдында екі ақынның табанасты сөз тауып айтатын сайысы болғандықтан бұл – поэзия жанрында ең күрделі де қиын өнер жанры есептеледі. Осы күнде айтыс түркі халықтарының ішінде қазақ пен қырғызда ерекше дамыған. Айтыс – біздің қанымызбен тамырлас, рухымызбен рухтас асыл өнер. Өткен ғасырда «Айтыс – cөз барымтасы» деп Мұхтар Әуезов атап өткен болатын. «Айтыс» деген атау айтысу, тартысу, дауласу, сынасу мағынасын береді. Айтыс – ақындар үшін сөз таласы, сөз барымтасы, сөз майданы ғана емес. Ол – ақындық өнерді салыстыратын, жауаптаса отырып, білім өресін байқататын жер.


Айтыста ақындар елдік мүдде, ерлік тақырыбы, халықтың әлеуметтік жағдай қатарлы үлкен тақырыптарды тілге тиек етіп отырған. Сол себепті айтысқа түсетін әрбір ақын айтысқа шығу үшін үлкен дайындықпен келетін болған. Айтысқа түскен ақындар ой тапқырлық, сөзгерлік, өнерпаздық ерекшеліктерімен қарсыласына кезек-кезек шабуыл жасап, сөз таластыру арқылы тыңдаушыны қызықтырып, елітіп отырады. Сол арқылы айтыскер ақын халықтың арман мен мұратын, ел аңсаған шындықты, қарапайым жұрттың қал-жағдайын тілге тиек ете, өзі жасаған дәуірдің алға ілгерлеуіне үлестерін қосқан. Айтыс, бұрын да, қазір де осы айрықша ерекшелігінен айырылған жоқ. Замана көшіне ілесіп дамып, толысып, кемелденіп келеді деуге әбден болады.

Қазіргі кезде әр өңірдегі айтыс ақындары бұрыннан келе жатқан халықтық мектептерін дамытуды қолға алды. Айтыскер азаматтар ақындық мектептің өзіне тән сөз саптау, мақам-сазы, ұрпақ жалғастығы секілді ерекшеліктеріне баса мән беруде. Байырғы үрдісті жаңғыртып, осыған сай шәкірт тәрбиелеп, жергілікті айтыс ерекшелігіне үңіле түсіп, қолынан келгенше өз үлестерін қосуда. Айтыс ақындығына баулитын ұстаздар көне айтыс үлгілерінің, өзіне тән ерекшеліктерін екшеп алып, жас шәкірттердің бойына сіңіруге күш салып жатқаны бәрімізді қуантарлық жағдай.
Осы салада ұстаздық еткен төрт жыл ішінде оқушылар арасындағы он рет облыстық, жеті рет аудандық айтысқа, алты республикалық мүшәйраға, бірнеше көркем сөз оқуларына шәкірт дайындап қатыстырдым. Дайындаған шәкірттерім жүлделі орынсыз қалған емес. Аудандық өнер мектебінің ішінен ашылған ақындар сыныбына бар күш-жігер, қабілетіммен ұстаздық етіп келемін. Ақындыққа баулитын ұстаз ретінде айтпағым, әр жылғы мәдени шараларға белсене қатысқан шәкірттерімнің әрбір жеткен жеңісі мен жеңілісі мені мол ізденіске жетелейді. Анығын айтқанда, ақындар сыныбына келген әр оқушының бойындағы ақындық талантын ашу, оны айтыскер болуға жетелеу оңай емес екені көпке аян.

Мен тек қана айтыс ақындығын баулудағы бірер әдісті тілге тиек етпекпін. Айтыскерлерді дайындау төмендегідей бірнеше кезеңге бөлінеді: Бірінші кезең – аспапта (домбырада) мақам тартуға үйрету. Екінші кезең – cөз саптауға үйрету (өлең тармағын жазу). Үшінші кезең – қайым айтысқа үйрету (тармақ ұйқастарын табуын айту). Төртінші кезең – түре айтысқа үйрету (бір шумақтан жауаптасып айтысу). Бесінші кезең – cүре айтысқа үйрету (ұзақ-сонар толғап жырлауға дағдылану). Осы дайындық барысының кезең-кезеңін толықтай үйреніп болған шәкірт, ел алдына сахнаға шығуға дайын болады. Осы кезеңдердің ішінде ең маңыздысы 5-кезең – сүре айтыс кезеңі көп еңбектену мен ізденуді қажет етеді. Мол еңбек қана осы сүре айтыстың шыңына жетелейді. Сүре айтыс кезеңінде төл әдебиетіміздің үлгілерін терең меңгерген, әр саладан мол хабары бар, құнарлы ойлы нағыз талант иесі ғана өте алады.

Осы кезеңдегі айтыскер ақынның әріптесін «шырғаға тарту» әдісіне тоқталайын. Шырға – жасалған жоспар бойынша сатылы амалды жүзеге асыру кезеңі. Жеңіске жетудің алдын ала дайындалған жүйелі әдісі, ойланып-толғанып орындалған үй тапсырмасы. Айтыс барысында бір ақын екінші ақынды шырғаға тарту арқылы басып озып, ырықты орынға шығу үшін жасалады. Айтыс барысында бір ақын жеңіп, енді бір ақын жеңілуі шарт. Сондықтан аяқ асты жұпталған ақындар айтыстың қалыптасқан тәртібі бойынша айтысады. Сахнада сөз бастап амандық сәлем сұрасқан соң айтылатын мәселені қаузайды яғни тақырыпты жырлайды.

Сол кезде әріптесіне ой тастап, белгілі бір мәселе туралы ойын жеткізуді сұрақ етіп қояды. Немесе өзі сызған ой шеңберінің ішіне енгізуге тырысады. Ортаға тасталған мәселе туралы тосын сұраққа жан-жақты жауап айту үшін ақындарға мол білім керек болады. Міне сол мәселе туралы дөп басып айта алсаң жақсы, айта алмасаң қарсыласың іліп әкетіп ел көңілінен шығардай жырлайды да алға оза береді. Өйткені, сол мәселе туралы айтысқа келерден бұрын ізденіп, не айтатынын дайындалып, ой тапсырмасын пысықтап келген. Бұл әріптесті шырғаға түсіру болып есептеледі. Бұл әдісті білетін тісқаққан ақын қарсыласының салып отырған шиырына соқпай, көбінде айналып өтіп өз пайдасына шеше біледі.

«Әріптесін шырғаға тарту» әдісін жас айтыскер оқушыларға айтыс үстінде қалай қолдануға, шырға екенін қалай білуге болатынын нәзариялық жақтан айтып, іс жүзіндік дайындық кезеңдерде көрсетіп отырамын. Мәселен, «А» шәкірт жырлап келіп:

«Өнеге, тәлім алам өз тіліммен,
Өнерге құштарлықтан жең түрілген.
Озық елдің білімін меңгеруге,
Хабарың бар ма сенің шет тілінен?», – деп қарсыласқа ойлы сұрақ тастаған болып, өзі дайындалып келген тақырыпқа, яғни шырғаға тартады.

Мұны естіген «Б» шәкірт:
«Хабарың бар ма дейсің шет тілінен?
Қаймығып тоқтамаспын екпініңнен.
Ғылым тілі – шет тіл болғаннан соң,
Біз сияқты жас талап жақсы білген», – деп қайырып әріптесінің ойына ой қосады.

«А» шәкірттің де көздеп отырған жері де осы тақырыпқа назар аударту болатын. Осы жауаптан кейін сөз алған «А» шәкірт дайындалып келген көлемді жырын мүдірместен айтып ырықты орынға шығады.

Бұл әдісті айтыста ысылған ақындар да қолдана береді. Сөзіміз дәлелді болу үшін республикалық айтыстан осы «шырғаға тарту» әдісі туралы мысал келтірейік. «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» айтысында қытай қазақтарының арасынан озық шыққан ақын Зәйтолла Қанатбек:
«Аға, сізге ерсілеу көріне ме?
Мына біздің шетелде туғанымыз?», – деп, торғайлық ақын Айбек Қалиевке сұрақ тастайды. Бірақ тәжірибесі мол Айбек жетекке ермеді. Ол жаққа баспады.

Тағы бір сөзінде Қанатбек: «Оралман» деп отырсыз мына бізді», – деп шырға сөзін айтып салды. Айбек қолма-қол:
«Қанатбек, оралман деп қашан айттым,
Қандасым деп үзіліп отырмын ғой», – деп дәлелді жауап берді. Осы айтыста Қанатбек «оралман дедің» деп Айбекке қадала түсіп, шырғаға өзі тартып тұрғанын білдіріп қойды.

Қорытындылай келгенде айтыста әдіс қолданбайтын ақын кемде-кем. Жас айтыскерлер әр сөзіне баса көңіл бөлу керек. Ел алдында айтыстың түрлі әдісін қолданғанда, әдіс қолданған осы екен деп жаттанды дүниені айта беру айтыстың суырыпсалмалық қасиетін өшірмесе, өсірмейді! «Шырғаға тарту» әдісі не басқа әдіс-тәсіл болсын ол – алдын-ала жаттап дайындалған өлең сөзі. Айтыс үстінде қолма-қол суырыпсалып айтатын өлеңмен астарласып, қабысып келіп отыру керек. Сонда ғана тыңдаушыға ерсі көрінбейді, ел көңілінен шығып отырады.

Жеңісбек ПӘЗІЛҰЛЫ,

айтыскер ақын.

Добавить комментарий