Еламан ҚАБДІЛӘШІМ
Жақында «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының ұйымдастыруымен Сақау Мәукеұлының 225 жылдығына арналған «Сара сөздің саңлағы» облыстық оқушылар айтысы өтті. Сөз сайысына өңіріміздің 12 оқушысы қатысты. Айтысты тамашалап отырып, оқушылардың талабына сүйсініп, қадамына тілектес болдық. Барлығы арқаланып, арындап тұр… «Әттеген-ай!» дейтін тұстар да қылтиып көрініп қалды.
Біз бүгін сол айтыста көзбен көріп, құлақпен естіп куә болған, «Пах!» дегізген, «Қап!» дегізген жайттарды тілге тиек етпекпіз.
Сөз сайысын Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың 8-сынып оқушысы Иманғазы Қадырхан мен «Жас дарын» мектебінің 9-сынып оқушысы Мүслім Макаров бастады.
Мүслім қарсыласын:
«…Тәжірибе жоқ майданға кіре бермей,
Қадырхан, отырысың біртүрлі екен,
Хан ұлындай қасқайып шіренердей.
Айтпақшы, сен күреске қатысасың,
Отырсың «опытный» тренердей.
Арсалаңдап айтысқа қайдан келдің,
Шеголдармен күресіп жүре бермей?!», – деп қағытты.
Бұл сөзге өр елін өлеңмен баурауға бел буған Қадырхан: «Өзі ақын, өзі батыр бабаларым, болмаймын ба Балуан Шолақтардай», – деп жауап берді.
Келесі кезекте Мүсілім: «…Алтынсарин мектебінен келгеннен соң, алтыннен кем түспесін өлең-жырың», – деп Қадырхан білім алатын мектептің қадірін арттыра сөз арнады.
Қадырхан әзіл сөзге жүйрік екен. Қарсыласына:
«…Өзіңді жүндей түту керек бүгін,
Сол кезде басылады өр екпінің.
Бүгін менен жеңіліп барған кезде,
Саған жаман ұрсады-ау директорың», – деп оқушылар айтысының табиғатына сай сықақтады.
Бұл шабуылға Мүслім дайын болып шықты.
«Армандаймыз көз салып алыстарға,
Шүкір біз жеңілмейміз намыс барда.
Жеңеріңді алдын ала қайдан білдің,
Қазылар арасында таныс бар ма?», – деп әзілді әзілмен тойтара жауап берді ол.
Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің шәкірті, Егіндібұлақ мектебінің 10-сынып оқушысы Күннұр Солтанбай мен Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың 10-сынып оқушысы Бейбарыс Рафаиловтың сөз тартысы шыңдалып келе жатқан жастардың өр екпініне куә қылды.
Куә болғандардың қарасы аз болды. Тура мағынасында. Айтыс тамашалауға екі жүз адамдық залдың төрттен бір бөлігі ғана жиналды. Оның жартысы – қаладағы әскери бөлімнің сарбаздары. Ұйымдастырушылар арнайы шақырыпты. Сарбаздар әр қайырым сайын қол соғып, ақындарды қолдаудан танбады. Бейбарыс осы сәтті орайлы пайдаланып:
«Әр ай сайын осылай айтыс болып,
Астарыңнан, ағайын, тақ кетпесін.
Сарбаздар көп келіпті көрермен боп,
Айтыстан соң әскерге ап кетпесін», – деп бір қайырды. Бұл шумаққа сарбаздар шуласып қошемет көрсетті.
Осы ретте айта кеткеніміз дұрыс болар, айтысты сағынып келген оқушыларды қолдаушы қауым ағылып келуі керек еді. Өкінішке орай, олай болмады. Алдағы уақытта өтетін оқушылар айтысында мектеп ұжымы – сыныптастар, ұстаздар, көрермен қатарын толықтыруға ниетті болса екен. Себебі, айтыс – ұлттық құндылық, ол мектеп қабырғасынан санаға сіңіп, бойға даруы керек. Бұл бағыттағы жұмысқа Білім басқармасы мен бөлімдер жауапты болғаны жөн.
Айтыс аламанына қайта оралайық. Бұл жұпта Күннұрдың сөздері салмақты, тіркестері татымды, ұйқастары шымыр болды:
«…Ал енді бір көсіліп көрейінші,
Таңасырған тұлпардай бабымда едім…
Топ ортаңды қыздырам өлеңменен,
Жалындап, лаулап тұрған шағым менің.
Көкпарды көрген жерде қол салатын,
Қарсыласқа қарулы, қарымды едім.
Үзеңгі бауым үзіліп кетпес менің,
Жыр туыңды көтерем, қалың елім», – деген шумақтармен Күннұр сөздік қоры мол, тілі бай екенін көрсетті.
Білім инновация лицейінің 7-сынып оқушысы Әділет Айтжанов пен сөз сайысының ең кенже қатысушысы, Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің шәкірті – Шапық Шөкин атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Совет Жансерік арасындағы айтыста Әділеттің тәжірибесі мол екені байқалды.
Әділет:
«…Жағым түсіп қалғанша бір жырлайын,
Жамбылдың жасын емес жырын берді.
Шыққан соң айтыс дейтін аламанға,
Ұнатпаймын үркіп, қорқып, бүгілгенді.
Ұлыстың ұлы күні айтысыңа
Ұлылықты ұстанған ұлың келді.
Айғайлап, аттандасаң Ақан-қазақ,
Құлагердей шабуға құлын келді». Немесе:
«…Жасымнан осы өнерді серік қылдым.
Сақау Мәукеұлының айтысында,
Тереңнен маржан сөзді теріп тұрмын.
Баянтауда туғанмен Сақау бабам,
Талайды мен-мен деген деміктірдің.
Ақан сері бабаммен айтысыпты,
Ол жайлы кітап оқып, көріп білдім.
Ақан бабам сыйлапты бас киімін
Бірі екен деп намысты бөрікті ұлдың.
Мен сол бабам секілді болсам деумен,
Бойдағы өнеріме сеніп тұрмын,
Бас киімін қайтейін қарсыластың,
Бас жүлдеңді алуға келіп тұрмын», – деп төкпелетіп, өзінің арқалы ақын екенін дәлелдей білді.
Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың 10-сынып оқушысы Қазбек Ибрахим мен Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің шәкірті – Ш.Айманов атындағы мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы Мирас Қапаш біз күткен үдеден шыға алмады. Әсіресе, Мирас ақынға артылар сенім де, жауапкершілік те мол еді. Өйткені ол облыстық деңгейде үздік шығып, республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» айтысына жолдама алған ақын еді. Айтулы аламанға әзірлік ретінде ол бұл сөз сайысында шашасына шаң жұқтырмауы керек еді. Бірақ…
Мирас дайындығы аз екенін аңғартты. Ойын жинақтап айтыса алмады. Және өлеңге қойылатын басты талап – ұйқасты сөз айта алмады. Өзінің үш қайырымында да ұқсас сөздермен жырлады:
«Тұрғандай сырын шертіп далам аңыз,
Ұлы өнерді оңайға баламаңыз.
Жорғадай жолға түскен біз келеміз,
Шыңдалып айтыс сайын қадамымыз.
Қара сөздің сырына терең бойлап,
Аталы сөз айта алу – бізге парыз.
Ауылдан қадам басып шыққан сәттен,
Артылған ел үмітін ұмытпаймыз.
Жиылған айтыс десе, бәрін тастап,
Халыққа жыр төгуден жалықпаймыз.
Армысың, қолдаушым боп келген жұртым,
Ешқашан жырдың туын құлатпаймыз.
Өлеңге шөлдеп келген жолаушыға,
Шөл қандырар мөп-мөлдір бұлақтаймыз.
Әр күні жазылатын сауап болып,
Қабыл болсын кеп қалған оразамыз», – деп бастады ол өлеңін.
Бұдан кейінші шумағында: «Байтақ далам», «Жайраңдаған», «Бал тамбаған», «Айта алмаған», «Жарқылдаған», «Лапылдаған»… деп жыр түзіп, сөз тізіп келіп, «…Өлмес жырын қалдырды Сақау бабам», – деп түйіндеді. Бұл шумақтың өзінде «Айта алмаған» деп екі рет қайталады.
Келесі қайырымында:
«Бабалардың ізімен желпініппін:
Бұқар бабам – жалғасы ер түріктің.
Мәшһүр бабам түсінде аян берген
Көтеш ақын үлгісі өткірліктің.
Сексенде сертке ұстаған домбырасын,
Қобылан ақын үлгісі тектіліктің.
Осылардың жалғасы Сақау бабам,
Шекпенін кие білген шерлі үміттің.
Тауға қарап ұлитын тарлан тағдыр
Көк бөріден тараған бөлтірікпін», – деп өлеңдетті. Бұл шумақтан да балталасаң бұзылмас ұйқас таппадық. Және шерлі үміт деген эпитет қолдану да ұтымды тәсіл емес.
Дегенмен, Мирас танытқан бір тапқырлық – айтыс басталған кезде Ибраһимнің орындығы тайып кетіп, құлап қала жаздаған сәтті мүлт жібермей: «Толқығаның соншалық, құлап жатсың, бұл жерде шыдай алмай екпініме» деп «тісін» көрсетуі болды.
Әйтсе де бұл «соққыға» қарсыластың жауабы әзір екен:
«…Бұл Мирасты ағайын депті мықты.
Орындықтан абайсыз құлап қалдым,
Құдайым бермеген ғой ептілікті.
Орындықтан құлауым ештеңе емес,
Сөзімнен құламасам жеткілікті», – деп жауап берді Ибраһим.
«Сақаудың айтысына келгеннен соң, Сақауланып тұрғаным жарамайды», – дегенді де Ибраһим айтып, айтыс сахнасына алғаш рет шықса да, алар асуы мол екенін аңғартты. Ең бастысы, әр айтыс сайын ысылып, ынталана түскені маңызды.
Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың 8-сынып оқушысы Мейіржан Баршынбаев мен Ақсу қаласы, Жамбыл орта мектебінің 8-сынып оқушысы Нұрбол Берікбол жұбында, біздіңше, Мейіржанның бабы да, бағы да шапты. Ол сөзін:
«…Жасымнан жақұт өлең сыңар маған.
Қошеметіңді естісем, құмарланам.
Азат күнде осылай айтысуды,
Батпандай бақ қып берген шығар маған?!», – деп бастады.
Бұдан кейінгі шумақтарында ел өміріндегі ең елеулі оқиғалардың бірі Мәжіліс депутаттарын сайлау жайын тілге тиек етіп, бала жүрегінде ширыққан оймақтай ойын ортаға салды:
«…Бүгінде депутаттың қос түрі бар,
Болғанда Парламентім төр, ошағы.
Біріншісі мінберге шығап алып,
Би болдым деп иыққа тон асады.
Екіншісі халықпен бірге болып
Жұртының жүрегіне жол ашады», – деп биік мінберге көтерілген ағаларын халыққа қызмет қылуға шақырды.
Нұрбол болса, үш қайырымда да «Республикалық айтысқа, барыпсың ғой, бауырым, шығар жерің шың болды. Дұрыстап айтыс менімен, әйтпесе бәрі құр болды. Ұят болып қалады, жеңе алмай қалсаң Нұрболды», – деп бір, «…Жырымды ары жалғасам. Ұят болып қалмай ма, бірінші рет кеп тұрып, бірінші орын алмасам», – деп екі, «Мәмәйіттей ауылдан Керекуге бет бұрдым, Мейіржандай жігітті, жеңу үшін кеп тұрмын», – деп үш қайталады.
Біздіңше, айтыс ақыны тез арада арылуға тиісті бір әдет бар. Ол – өзінің жеңіс үшін келіп тұрғанын жиі еске салуы, «Сен мені жеңе алмайсың!», «Мен сенен мықтымын!», – деп қарсыластың мысын басу әдісі. Бұл жаман әдет оқушыларда ғана емес, үлкен ақындарда да бар. Ақын, жүлдеге лайық екенін өлеңімен, өнерімен көрсетуі керек. Ал, «Ауылдан қалаға бет бұрғанын, жеңіс үшін кеп тұрғанын» қанша шабыттанып айтса да, ол дайындық деңгейінің төмен екенінің белгісі. Сондықтан оқушыларды жетектеп жүрген ұстаздар шәкіртінің білім игеріп, жан-жақтылыққа бейім болуына аса мән берсе жөн.
Бұл жұптың сөз сайысын, «Мән бермей мәртебе мен шыңдарға аса, Ақын ақын болар ма шыңдалмаса?!», – деп түйіндеді Мейіржан. Бұл сөз әр оқушының көкейінде сайрап, миында қайнап тұруға тиісті.
Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы Нұршапағат Сәулет пен Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің шәкірті – Шапық Шөкин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Мәуіт Нұрахметтің сөз сайысында Нұршапағаттың мына бір шумағы ерекше қошеметке ие болды:
«…Кешегілер біздерге берді бәрін,
Солардың ерліктерін жаттау керек,
Сахнада мақауланбай, сақауланбай,
Сақаулардың үмітін ақтау керек,
Алтын құрсақ Баянның перзенті ғой,
Баба жолмен баланы баптау керек,
Өнегемен айталған асыл сөздер,
Сөрелерде шаң басып жатпау керек,
Кешімізде ән қылып айтып қоймай,
Есімізде мәңгілік сақтау керек».
Оқушылар айтыс барысында «Көрермен соғып отыр қос қолдарын» (Ибрагим), «Сөздеріміз кетпесін ұсалып тым» (Мейіржан), «Желдей ескен нұрмен тең» (Нұрбол) деген секілді стилистикалық қателіктерге жол беріп жатты. Сонымен бірге, тақырыпты зерттеуде, ізденуде жалқаулыққа салынғаны көзге ұрып тұрды.
Оқушылар айтысындағы есте қалған ұтымды шумақтарды тізіп шықтық. Сол арқылы кімнің дайындығы мығым, кімдікі осал екенін аңғартқандаймыз.
Бірінші айналымда біз куә болған бәйге осындай. Ал, екінші айналымда ақындар сарқылуға айналды. Бұл сөзімізге дәлел ретінде бір-екі мысал келтірейік.
Бірінші кезеңде ірі сөйлеген Күннұр:
«…Негізі жәй келем деп ойлап едім,
Финалға өтіп кеттім сол болды ғой», – деп ақтық мәреде «не болғанын» ұқпай аңтарылды.
Ал, Нұрбол Берікбол:
«…Айып етпе, ағайын,
Ұйқаспаса сөздерім…
Енді шықсам айтысқа,
Батылырақ боламын…», – деп уәде беріп, ауылына аттанды.
Бүгінде халықаралық, республикалық деңгейде атой салып жүрген Тілек Сейітов, Аспанбек Шұғатай, Рауан Қайдар, Абзал Қабдраш, Оразбек Саяхат, Қайролла Хафиз, Мәрес Байрон сынды ақындардың тұсауы оқушылар айтысында кесілген. Демек, дарияның тұмабастауын таза ұстауымыз керек. Біз тілге тиек еткен оқушылар айтысында бірнеше мәселенің төбесі көрінді. Сол кемшіліктерді оң шешу арқылы ғана айтыс өнерін кеңінен насихаттап, ақындарды шыңдай алмақпыз. Әрине, ең бастысы – талант пен талап. Одан кейін, ұстаздың берген білімі, көрсеткен өнегесі, үйреткен өнері. Осылар ұштасқанда ғана нәтиже болмақ.
Өңірімізде айтыс өнерін өрістету жолында талай жылдан бері тер төгіп келе жатқан айтыскер ақын, «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбеков оқушылар айтысы жиі ұйымдастырылса ғана ақындардың шеберлігі шыңдалатынын айтады.
– Оқушылар айтысы жылда өтеді. Бірақ, сирек. «Шаңырақ» облыстық орталығының қолдауымен былтыр Ы.Алтынсарин мектебінің 50 жылдығына арналған республикалық оқушылар айтысын өткіздік. Биыл, әзірге, бір рет қана өтті. Жазда Баянауылда ұйымдастыру жоспарлануда.
Ал, жастар айтысы тұрақты өтіп тұрады. Кейде «Айтыс көп өтіп жатыр» деген сын айтылады. Қанша айтыс өтсе де, көптік етпейді. Айтыс деген – мектеп. Әр айтыста ақын өзінің шама-шарқын біледі, соған қарай ізденіп, шыңдалады. Додаға түскен сайын деңгейі өседі. Тәжірибе жинайды, жіберген кемшіліктерін тауып, түзеуге тырысады. Сонда ғана айтыскер ақындар жарқырап шығады.
Облыстық білім басқармасы жылдағы жоспарына 1 оқушылар айтысын енгізіп қойса, нұр үстіне нұр болар еді. Оқушылар арасындағы ең үлкен дода – Алматы қаласында өтетін «Жыр алыбы – Жамбыл» айтысы. Тұрақты түрде қатарынан жиырма жылдай өтіп келеді. Ол айтыста қаншама оқушымыз жүлдегер атанды. Сондай деңгейде өңірімізде бір сөз сайысы дәстүрлі түрде өткізілуі керек, – дейді Асығат Тұрғанбеков.
Оқушы ақындарға қолдау көрсетудің тамаша үлгісі – оларға сапалы домбыра, сахналық әдемі киім тіктіріп беру. Облысымыздың абыройын арқалап жүрген оқушы ақындарға осы жағынан қаржылай қолдау жасалса, бұл оқушы үшін жақсы мотивация болар еді. Өткен жылдары, Асығат Сәулетұлы бас болып, ұстаздар қауымы бір оқушыға домбыра алып берген екен. Осы ретте ол: «Білім және Мәдениет басқармалары айтыскер ақындардың материалдық жағынан сақадай сай болуына қолдау танытса екен», – деген тілегін де жеткізді.
– Дарынды балалармен жұмыс жасаған соң олардың бір орында тұралап қалғанын қаламаймын. Өнері жан-жақты дамыса деймін. Олардың жинақтарын шығару, шығармашылық кездесулер ұйымдастыру, кәсіби студияларда өлең-жырларын таспаға түсіру, оны тарату секілді жоспарлар бар. Оған, әрине, қаражат қажет. Себебі бұл шаруалар қалай болса солай өтетін көп жиынның бірі емес, көркемдігі жоғары, мазмұны бай іс-шара болуы керек, – дейді Асығат Сәулетұлы.
Айтысты дамыту үшін оқушы ақындарды даярлауға, ұстаздың білім беру әдістемесіне, шеберлігіне, біліктілігіне аса көңіл бөлген маңызды. Кей-кездері нәтиже үшін әнші балаға сөз жазып беріп, дайын айтыс жасауға қадамдар жасалып жатады. Олай ету оқушыға дым бермейді, айтысқа дем бермейді.
Баянауылдағы Жаяу Мұса атындағы мектептің «Ақындар сыныбына» жетекшілік ететін ақын Жеңісбек Пәзіл оқушыларды айтысқа дайындау барысында қазақтың қара өлеңіне басымдық береді.
– Мен сабақ барысында, оқушыларды қара өлеңмен қайымдасу шеберлігіне бейімдеймін. Жас ақындарды қарсыласының ойын дөп басып топшылай алмаудан, жауап бере алмай тосылып қалудан сақтандырамын. Ең негізгісі, қарсыласты «жетектеп әкелу» әдісіне үйретемін. Ол дегеніміз – қарсылас ақынды өлең ойымен орап әкеліп, өзі жақсы білетін тақырыпқа бұрып, түйінді ойдан ұтып, алдын орап әкету, – дейді ұстаз.
Жеңісбек Пәзілұлының айтуынша, «Ақындар сыныбы» қосымша білім беретін орталық болғандықтан, кей кездері орта білім беретін мектептің мұғалімдерімен түсініспеушілік орын алып жатады екен. Орта мектепте оқитын оқушы ақындық білімін шыңдау үшін Жеңісбек ақынның алдына келеді. Мұғалімнің көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін сайыстарда әлгі оқушыға талас басталады. Ұстаздар: «Ақындар мектебінің» атынан емес, өзінің орта білім беретін мектебінің атынан шығуы керек» деген талап қоя бастайтын көрінеді. Бірде газет бетіне жеңімпаз оқушыға Өнер мектебінде Жеңісбек Пәзілұлының жетекшілік ететіні басылып, аяғы дүрдараздыққа ұласқан екен. Ондай түсініспеушілікке жол беруге болмайтынын алға тартқан Жеңісбек ақын: «Менің ең басты мақсатым, көрсеткішке қол жеткізу емес, баланың табиғи таланты мен таудай талабын ұштау», – дейді.
Ал, айтыскер ақын, ұстаз Мәрес Байрон: «Өңірде оқушылар айтысының дамып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялататын жағдай», – дейді. Ол бірнеше себепті алға тартты.
– Бұрын оқушылар айтысында екі үлкен мектептің жұмысы ғана көрінетін. Баянауыл ауданының оқушылары мен Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның оқушылары ғана алғы шепте жүретін. Қазір өзге де мектептерде – Ақсу қаласындағы Мәмәйіт ауылында, «Жас дарын» мамандандырылған мектебінде ақындық үйірмелер ашылды. Бұл – бір. Осының арқасында оқушы ақындардың қатары толығып жатыр. Екіншіден, айтыстағы жүлде қорының көбеюі. Оған дәлел жақында өткен оқушылар айтысында Бас жүлдеге 200 мың теңге тігілді. Бұл – оқушылар үшін үлкен ақша. «Өнер сатылмайды, бағаланады», – дегендей, жас талапты ынталандыру мақсатында қаржыны ұлғайту керек. Үшіншіден, айтыссүйер қауымның ықыласы артып келеді. Әсересе, қалталы азаматтардың көрермен арасынан суырылып шығып, ақындарға жеке сыйақы тағайындауы ерекше мәнге ие. Айтыс көрермендердің жанашырлығы, қолдауы арқылы дамиды», – дейді айтыскер ақын.