Павлодар облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тағзым» облыстық ақындар айтысында Алтынбек Мақсатхан (Ақсу қаласы) мен Жеңісбек Пәзіл (Баянауыл ауданы) сөз сайыстырды. Порталымыздың мұрағатында сақталған айтысты оқырман назарына ұсынамыз:

Жеңісбек:

Ассалаумағалайкум, ағайындар,

Өлеңді сары алтынға балайтындар.

Суырылып топ ортаңнан жыр бастасам,

Тыңдап бір тақым қысар талайың бар.

Ақыным деп отырсаң үміт артып,

Көңілдегі сөзіңді табайын дәл.

Мендағы жүйрігің ем топқа қосқан,

Бойында тұлпар текті қуаты бар!

Үйірін қайта тапқан тұяғың ем,

«Жоғалып-табылдыдай» бір аты бар.

Ұлы дала мәңгілік  бесігінде,

Тәуелсіз Қазақстан Отаным бар.

Хан Тәңірдің баурайынан бастау алған,

Тас бұлақпын Балқашқа құятын дәл.

Іленің аңғарынан арна тартқан,

Үйсіннің Күнбиіндей ұлы аты бар.

Ат басын Атажұртқа бұрған ұлдың,

Тот баспас, сары алтындай мұраты бар.

Күреңбайдай сыншылар отырғанда,

Құлагердей шаңдатып шабайын дәл.

 

Өлеңнің еніп кірдік ауылына,

Қаумалаған бас иіп қауымыма!

Ал енді сынды көзбен құлақ түргін,

Баянтаудан кеп жеткен тау ұлына.

Билер менен хандардың ізі қалған,

Тарихтың бойласаң парағына.

Ертіс-Баян  киелі  топырағы,

Ежелден құт дарыған құрсағына.

Бейбіт күнді бабалар аңсап өтті,

Селкеу түспей қашанда танымына.

70 жыл бодандықта қиналған ғой,

Құдай жоқ деп құйдырып құлағына.

Алланың пендесіне берері бар,

Күмәнын келтірмеген жаратқанға.

Осы күн басымызға бақ боп қонды,

Нұр шуағы бұйырып ұрпақтарға.

Тойлатып  30 жылды жатырмыз ғой,

Қашанда көп көрмесін бұл бақты Алла.

 

Босатып жырдың тізгінін,

Халықпен ақын тілдескен.

Алтынбек ақын қасымда,

Қос ішектей үйлескен.

Бабалар біздің дүр болған,

Шешен тілі наркескен.

Елім деп өткен ерлерім,

Етігімен су кешкен.

Белі талып тұлпардың,

Ауыздығымен су ішкен.

Адыр-адыр жолдармен,

Асып бір түскен белестен.

Азуы қатты дұшпанмен,

Жалаң қолменен белдескен.

Намысқа тисе соқтығып,

Тіке барып тірескен.

Кеңескенмен кеңескен,

Егескенмен егескен.

Елі менен жері үшін,

Түн қатып жүріп күрескен.

Ұрпағым деп бел шешпей,

Ас өткізген өңештен.

Кезек бердім өзіңе,

Ал шауып көр, Алтынбек,

Айдарыңнан жел ескен.

 

Алтынбек:

Бас иіп амандастым білікті елмен,

Салтын сақтап дәстүр мен ғұрпын көрген.

Ағайын, білесіздер бірнеше жыл,

Далама ковид дейтін бүлік келген.

Талай айтыс кейінге шегерілді,

Осынау бір індеттен үріккеннен.

Бірақ та Аллам беріп жеңілдігін,

Бүгін міне жүздестік ұлықты елмен.

Ассалаумағалайкүм ағайындар!

«Ашықты» сканерлеп кіріп келген.

 

Айтысқа келген жандар жырды іздейді,

Жақсы адамдар жанына нұрды іздейді.

Вакцина алғандарың дұрыс болды-ау!

Онсыз қазір жақсы атқа мінгізбейді.

Статусың жап-жасыл болмаса егер,

Қай жақта да сені еркін жүргізбейді.

Ана өмірде жұмаққа кіргізбеуші ет,

Бұл жақта дүниеге кіргізбейді.

 

Шайтандай баспасақ та жаман жолды,

Мың сынақтан жанымыз аман қалды.

Сан түрлі бүліктерді шығарса да,

Қара жер көтеріп жүр надандарды.

Еркектер мен еркектер көңіл қосып,

Бетіңе безеретін балаң болды.

Ақырзаман бағып тұр есігіңді,

Топанда, топырда өткен заман болды.

Ковидтың емін таптық дегенменен,

Алтынбек өзге жайға алаң болды.

Біз қалай құтқарамыз иман дейтін,

Вакцина салдырмаған адамдарды.

 

Алтош қалай тырнаққа ілінеді,

Қарсыластан қатулық білінеді.

Мен бірақ бүгін саған төтеп берем,

Қымыздай күшейетін күбідегі.

Бұл фәни Сүлейменнің жүзігіндей,

Тіршілік қылу мұрат тірідегі.

Діңгегін балта шаппас дегенменен,

Емен де мезгіл жетсе бүгіледі.

Екі аяқты адамды былай қойып,

Төрт аяқты тұлпар да сүрінеді.

 

Жеңісбек:

Аталы сөз алдыңда құт арайың,

Шөлдеріңді қандырып отырайын.

Әуіп пірім деп  шыққанда ел алдына,

Тілімді жаңылдырма, бір Құдайым.

Екпіндеп тас үгітер шағым осы,

Несіне шаппай жатып алқынайын.

Айтыстың  дала заңы осы емес пе,

Шап берер шабытымды шалқытайын.

Қаныңды қас өнерге желпіндіріп,

Сұлу жырмен бойыңды балқытайын.

Қызыл тілді алдыңда сойдақтатсам,

Шамаң болса түйілгін қырандайын.

Сүріндірем деп мені отырсың-ау,

Жеңісбек әрқашанда бұған дайын.

Қолтығыңды жаза алмай қалып жүрме,

Қыстауда көбек болған құнандайын.

 

Ақын деп бізге халық жайған құшақ,

Сенімін біз ақтайық адам құсап.

Бұл күнде үш ұғымнан алшақтадық,

Тайғанақ мұзда тұрған табан құсап.

Ертеңіміз не болар деген оймен,

Аһ ұрамыз көңілге алаңды сап.

Түбіріңнен айырылсаң құрисың деп,

Айтып кеткен емес пе атам қазақ.

Сол түбірдің біреуі «Ұят болады»,

Әбес сөз, оғаш қылық жасамасақ.

Ал екінші түбірің «Обал болады»,

Тірі жанға қиянат жасамасақ.

Ал үшінші түбірің «Сауап болады»,

Ізгіліктің нұрына шомыла алсақ.

Болашағың нұрлы деп айтар едік,

Ұрпақтан үш ізгілік көре алсақ.

 

Бұқарасын жыр қылған,

Бұхардың келдім жерінен.

Етегіне ел сыйған,

Едігенің келдім жерінен.

Мәшһүр қылған қазақты,

Мәшһүрдің келдім жерінен.

Тарихыңды тіріліткен,

Әлкейдің келдім жерінен.

«Ақ сиса» деп ән салған,

Жаяу Мұсаның келдім жерінен.

Қара сөздің қамбасы,

Жүсіпбектің келдім жерінен.

Қазақта тұңғыш режиссер,

Жұматтың келдім жерінен.

Қазақ киносының атасы,

Шәкеннің келдім жерінен.

Алаштың жазған ұранын,

Сұлтанмахмұттың келдім жерінен.

Қазақтың энергетиігі,

Шапықтың келдім жерінен.

Ғылым академиясын ашып берген,

Қаныштың келдім жерінен.

Қасиетті Баянауылым,

Кімдер тумады жеріңнен,

Кімдер шықпады еліңнен.

Топырағы алтын, суы бал,

Атақтылардың елі тегінен.

Аруақтанып сөйлесем,

Өз-өзінен деме бөлінген.

Баянда солар туғанмен,

Алаш деп тері төгілген.

 

Алтынбек:

Ақын едік өретін жырдан қамшы,

Жамбылдай жайсаң елге жыр қамдаушы.

Тәуелсіздік айтысы өтеді деп,

Кереку қалың елге қылған жаршы.

Қастерлі азаттықты ал, ақындар,

Тілдің күші жеткенше жырлаңдаршы.

Тәуелсіздік батырлары кім десеңдер,

Алтынбекті мұқият тыңдаңдаршы.

Заманбектей батырың болған еді,

Болмаған барымташы, құн даулаушы.

Алтынбек Сәрсенбаев тағы да бар,

Тарихқа көз тастасаң, тұнған тамшы.

Болмасам да ұқсап бақсам  мен соларға,

Ағайын қиқу салып шулаңдаршы.

Есімі Алтынбек деп мына ұлдың,

Қазылар маған қақпан құрмаңдаршы.

Тәуелсіздік тұсында бізге тағы,

Құлагердің тағдырын қылмаңдаршы.

 

Айналдым Алаш дейтін ұраныңнан,

Шаң шығарып шабайын құла жырдан.

Рухыма балта шапқан кесір заман,

Қырып сап айырған ед қыраныңнан.

Халық жауы атанып жатсадағы,

Ерлерім-ай елім деп дұға қылған.

Содан бері 30 жыл өте шықты,

Күн артынан ай аунап, жыл ағылған.

Ел үшін шаһид болған ерлеріме,

Жаратқан орын бергін жұмағынан.

Ағайын өткен күнді ұмытпайық,

Бейбіт заман болғанмен мұң арылған.

Астанада бүр жарған бәйтерегім,

Арыстардың қанымен суарылған.

 

Керекуім мекенсің бай боп жатқан,

Қойнауында байлығы қайнап жатқан.

Бұл күнде бұндай өлке аз болып тұр,

Қазақтардың намысын қайрап жатқан.

Желтоқсан айы болса қалары көп,

Тәуелсіздік тұнығын лайлап жатқан.

Миллиардтаған ақшаны желге шашып,

Көшесіне шыршаны байлап жатқан.

Тек қазір Керекуім сен боп тұрсың,

Алауды өшірмеген Қайрат жаққан.

Аяз ата алдамай ел мен жұртын,

Төрінде ақындары сайрап жатқан.

Жаңа жылды тойламай дүркіретіп,

Тәуелсіздік мейрамын тойлап жатқан.

 

Жақсының сыйлайтыны гүл секілді,

Жаманның шашатыны күл секілді.

Жырымды ұсынайын жайсаң елге,

Ақынның алдаспаны тіл секілді.

Мен бірақ бұл ағамнан қорқып тұрмын,

Тышқаннан қоқып тұрған піл секілді.

«Жуастан жуан шығады» деуші еді ғой,

Қазақтың сол мәтелі шын секілді.

 

Ұстаздық ұлы жолды сүйген ағам,

Білімнің ұлылығын білген ағам.

Ауылда білім енді қайдан болсын,

Жұмысын тастап кепті сенген ағам.

«Шәкірттерге сабақ жоқ» деді ме екен,

Ауылда мұғалім боп жүрген ағам.

 

Жеңісбек:

Алтындай інім айтса қалай болам?

Не нәрсе болсадағы орай қылам.

Алдын ала сабақты өткергенмін,

Ыбырайдың жолына адал болам.

 

Айтпаса ақиқатты таңдай сыздар,

Бабаның ізін қалай жалғайсыздар!

Алаштың арда туған батырлары,

Елеусіз ешқашанда қалмайсыздар.

Ұлт мұратын ойлаған арыстарым,

Жарқырап атқан бізге таңдайсыздар.

Әлихан – халқымыздың қаһарманы,

Тағдырын ойлағанда жүрек сыздар.

Думаға Әлиханды жібергізбей,

Павлодарда қамаған опасыздар.

Үш ай бойы ұстапты тар қапаста,

Арманы мен арын таптап имансыздар.

Елдің жүгін көтерген қара нарға,

Шіркін деуден әріге бармайсыздар.

Жоғарыда отырған жағалылар,

Ел жайын қашан енді ойлайсыздар.

Бейбіт күн биліктегі көкелерге,

Астананы бір күнде сыйлайсыздар.

Ақ түрмеде қинаған Әлиханды,

Мәнісіне терең неге бармайсыңдар.

Павлодарға атын беруге лайық қой,

Әлиханның атын неге қимайсыздар?!

 

Ой артынан ой туып,

Жыр өзеніндей тасыдық.

Шерленіп төксем өлеңді,

Дертіңді айттым ғасырлық.

Арғымақтай аттайын,

Сауырға енді қамшы ұрдық.

Танытып ақындық өремді,

Тобыңа түсіп алқандақ.

Алдыңда бүгін өлеңді,

Сар қымыздай сапырдық.

Ағайын сізге тілерім,

Бастарыңа берсін амандық,

Астарыңа келсін адалдық.

Алтынбек інім, аман бол,

Бойыңда болсын сабырлық.

Биікке сені шығарсын,

Ұлы өнерім ақындық.

Ұрпағыңа жалғассын,

Бабадан қалған асылдық.

 

Алтынбек:

Көрермен жыр жауынын төккіз десе,

Болмайды дер кезінде бөккізбесе.

Ақиқат қақпасына гол  кірмейді,

Соққыны ақындарға тепкізбесе.

Айтысқа келгендерің ұлтты сүю,

Аллаһты сүйген жандар Мекке іздесе.

Біздің айтыс кешегі Сүйінбаймен,

Жамбыл салған жарасар текті із десе,

Отыз тістен шыққан сөз жетімсірер,

Жететін жерлеріне жеткізбесе,

Ал ағайын финалда жолығайық,

Кім сенеді бесбармақ етсіз десе.

Алтынбек бірақ та еш ренжімейді,

Қазылар өткізсе де, өткізбесе!

Добавить комментарий