2006 жылы Орал қаласында өткен Мұхит сал Мерәліұлының 165 жылдығына арналған халықаралық айтыста екібастұздық Алмагүл Жүгінісова оралдық ақын Асылбек Ишановпен сөз сайыстырды. Өмірден ерте өткен қос ақынның, «Қыз бен жігіт» айтысының үлгісіндегі жыр қағысын оқырман назарына ұсынамыз.
Асылбек Ишанов:
Алланың өзі берген бойға сенім,
Жүзіңді көру бақыт тойда сенің.
Қорғауға намысыңды мен де келдім,
Құдайдан дұға тілеп жайғас, елім.
Ассалаумағалейкум, Ақжайығым,
Жазармын есіміңді айға сенің.
Тойларың құтты болсын деп айтайын,
Сал Мұхит бабамыздай қайда серің?!
«Айдайын» алты қырдан асыратын,
Аспаннан бұлтқа асатын сайраса ерің.
Артына мал қалдырмай, ән қалдырған,
Оралады ұлылығың ойға сенің.
Бесігімді «Айнамкөзбен» тербеп әжем,
Рухыңды сіңіріп еді бойға сенің.
Мен шаппай, халқым, бүгін кім шабады?
Сендерсіз қанатымды жаймас едім.
Ең алғаш мен айтысқа шыққан кезде,
Көзіңе түсіп едім тайда сенің.
Мен сенің тұмар таққан дүлдүлің ем,
Толғасам, тобығымнан таймас едім.
Төгейін топан жырды төкпелетіп,
Ақинақ алмас-жырды қайрашы, елім.
Алысты жақын қылған атқан оқтай,
Намысты нар халықтың найзасы едім.
Алмагүл, сен қайдағы, мен қайдағы,
Өзіңді Ақжайықтың көрді аймағы.
Армысың, Екібастұздың ерке қызы,
Бармысың Павлодардың балқаймағы.
Сұлуды көрген кезде бұл Асылбек,
Өзінің бойдақтығын енді ойлады.
Айналдым қасиетіңнен мырза Құдай,
Жұп қылып өзіңізді тең байлады.
Жастық-ай, Жайықтағы жайраңдаған,
Ау, қыздар белгілі еді айлаң маған.
Бірақ та айтысқа сен жаңа шықтың,
Жүрегім менің, қалқам, жайланбаған.
Айналдым, Алмагүлжан, ақ жүзіңнен,
Жайықтың көктеміндей жайраңдаған.
Сал Мұхит бола кетсем осы жерде,
Үлкен той болар еді тойланбаған.
Шай құйсаң, Айнамкөз деп ән салар ем
Екі ағаш, бір алманы айыра алмаған.
Мен саған жылқышының әнін айтып,
Сезімін сұлу қыздың ойрандаған.
Бірақ та, Мұхит болу қайда бізге,
Ұлылық соған лайық, қайда ол маған.
Сезімің мәңгілікке ән құраған,
Сен неткен бақытты едің, қайран бабам.
Алмагүл Жүгінісова:
Армысың, асыл әлеумет,
Ырысқа бастар ырымы.
Баптаса Батыс бақ тілеп,
Арғымақ болар құлыны.
Исатай мен Махамбет
Атанған қазақ ұлығы.
Құрманғазы, Динаның
Алысқа жеткен құрығы.
Қубала, Қадыр, Жұбандар –
Кәусар сөздің тұнығы.
Батыста туған қыз едім,
Өрілген жырмен бұрымы.
Қырық жігітке жүк болар,
Қыздарыңның қылығы.
Мұхиттың тойын тойлаттың,
Жырменен биік тұғыры.
Бармысың, туған ел-жұртым,
Ардақтай білген ұлыны.
Асылдың болса сынығы,
Түбінде қаптың қала ма?
Елім деп келдім елжіреп,
Жыр арнап, Жайық, жағаңа.
Еділ мен Ертіс арасын
Жалғаған жырмен шағала.
Баяным, сәлем-кептерін
ұшырды, қанат тала ма?
Сабындыкөл мен Жасыбай,
Сімірсең, шөлің қана ма?
Ақбеттау қалды қол бұлғап,
Не жетер сенің бағаңа.
Додаға түскен дірілдеп,
Қолдау бер мендей балаңа.
Көсіліп мен де көрейін,
Қарайлап қауқар-шамама.
Мұхиттың бүгін шыңына
Ақындар қайтар бір шығып.
Оң жағыңнан ай туар,
Шығысыңнан күн шығып.
Көрікті ойдың келбеті,
Көкейде қалмас тұншығып.
Төреден шыққан текті ұлың
Өнерді сүйген құлшынып.
Таңдайдағы бұлбұлым,
Маңдайдағы дүлдүлім,
Қазақтың қара әуені
Құдіретіңе құлшылық.
Мұхиттай асылдарменен
Батыстың елі еңселі.
Өзіңді жырға қоссам деп,
Сағынып келдім, мен сені.
Асылбек ақын, армысың,
Жүйірік деп айтады ел сені.
Жарқылдасын ендеше,
Сендегі жырдың семсері.
Қарап отырмай өзі де
Айнамкөзге теңеді.
Қиқулап елім отырса,
Аламанда жеңеді.
Алмагүлге әйтеуір
Сұлусың-ай деп еді.
Мақтап-мақтап әйтеуір
Алдап соққың келеді.
Түркінің текті ұрпағы ең
Талайға сесті айбары.
Жайықтың ерке ұлы едің
Жыр сипап өскен айдары.
Бірлігіңнің бүгінде
Бұзылмасын қаймағы.
Он жерден мықты болсаң да
Алдырмас түлкі айлалы.
Асылбек Ишанов:
Алмагүл өз әлінше арындай ма
Айтатын өлеңі де табылмай ма?
Түлкімін, алдырмаймын деп отырған.
Жеткізем сұлу, қалқа, қолыңды айға.
Түлкі де жаратқанның құбылысы,
Құбылыс бір құдайға бағынбай ма?
Алмагүл, сұлулықтың ізі екенсің,
Суреті сұлу біткен күз екенсің.
Сермейін мен де семсер өлеңімді
Қалайша көңілімді мұз етерсің?!
Даусыңнан айналайын, қалқам сенің,
Алдынан Ақ Жайықтың жүз өтерсің.
Өзі ме деп қалып ем Айнамкөздің,
Әйтеуір маған лайық қыз екенсің.
Қалайша ел алдында шаппай қойдым,
Ғашық боп Алмагүлді мақтай қойдым.
Өмірі іздегенім өзің едің,
Жайықтан бір сыңарды таппай қойдым.
Алмагүл, айдай біткен жекем еді,
Парызым ел алдында өтеледі.
Хор қызы дәл өзіңдей болад деуші еді
Сол дұрыс, сендіреді өте мені.
Сен өзің білуші ме ең бұл Оралды
Бұрынғы өткен жандар Теке деді.
Жайғасып сол Текенің қақ төріне
Жас жігіт сұлу қызды жетеледі.
Жайыққа лайық келін осы емес пе
Ағайын, маған ерсең не етер еді?!
Көндім деп айта салсаң, әлсіз жүрек
тап қазір жарылып-ақ кетер еді.
Бұл елге келін болсаң, Алмагүлжан,
Ұрпағың арманына жетер еді.
Ер Мәншүк, Қыз Жібектей бола алсаңыз,
Мынау ел төбесіне көтереді.
Өйткені, менің мына Ақ Жайығым,
Батырлық, сұлулықтың мекені еді.
Жеткенде қиялымның шамасы көп,
Берілсін Әлмакөштің бағасы дөп.
Екеуіміз қосыла алсақ осы жақта
Айтар ек бұл ғашықтар қаласы деп.
Мен саған гүл сыйласам дарасы деп
Сен маған ұл сыйласаң данасы деп.
Мұхит деп біз есімін қояр едік,
Бұл күнде бар қазақтың бабасы деп.
Сол бала әнші болса сал Мұхиттай
Жұрт қайтар қалың елдің ағасы деп.
Әлмакөш, екеуімізді ел білмей ме
Мұхиттың панасы мен мамасы деп.
Алмагүл Жүгінісова:
Мұхиттай дана бабаның
Көкірегі толған күй сандық.
Сұлуларды көргендей
Көкірегің кетер күй шалқып.
Алмагүлге әйтеуір
Сүйемін сені дей салып.
Аспандағы айға қол созба,
Есіңді жи Ишанов.
Батыста туған қыз едім
Жыр сипап өскен кекілді.
Бойымда бар ед қайраты
Әлия, Мәншүк секілді.
Сарқыты ем Майра, демедім
Шапқанда тағам кетілді.
Асылдың қалған сынығы
Алдырмасқа бекінді.
Шағанның бойын жайлаған
Оралдық жұртым құттысың.
Үш жүз жыл болған казактар
Ұлықтаймыз деп ұлтты шын.
Ұлтжанды қазақтарың да,
Жиып ап ұл мен ұлт қызын.
Оқиғасы қыркүйек
Алаңға алып шықты шын.
Дауылға қарсы тұрып ең
Алдыңда асқар күтті сын.
Казагың тыныш жатыр ма
Іс болар ма еді құпты шын.
Ұйытқан қазақ-казакты
Оралым неткен мықтысың.
Бодандық киіп қамытты,
Бостандық аңсап жүрілді.
Тар жол, тайғақ кешуден
Тарланың талай сүрінді.
Желтоқсанда жігерлі
Түңлігің түннен түрілді.
Қоқиланбасын, казактың
тізесі енді бүгілді.
Бір-ақ күнде, қазағым,
Қайсарлығың білінді.
Отыз көшең бір күнде
Қазақшаланып ілінді.
Отыз ұлым деп зарлаушы ең
Әндері Мұхит бір үлгі.
Басыңды көтер, ей, бабам,
Отыз ұлың тірілді.
Сұлуға қарап сұқтана,
Жыр оқитындайсың көзімнен.
Қутыңдаймын деп қыздарға
Жұрдай бопсың ғой төзімнен.
Келіншекке де, қызға да
Тау соғып беріп сөзіңнен.
Сайтанға санын соққызған
Суайттың нағыз өзі ме ең.
Асылбек Ишанов:
Текті сөз естісеңдер танымдыдан,
Мен өзі қарсы келсе бәрін қырам.
Суайттан сан соғады деп айтасың,
Осындай сөз естідім жалындыдан.
Бұл қыздар – бұл жалғанның гүлі емес пе?
Сондықтан бар еркекті табындырам.
Сен, қыздар, ұғасың ба, ер көңілін,
Қыз үшін бұл жалғанда бәрін қылам.
Мерейін Әлмакөштің өсіріңдер,
Алдында Ақ Жайық боп есіліңдер.
Отыз ұл сал Мұхиттың ұлдары емес
Білсеңіз ол тарихтың десі кімдер.
Сен өзің Ақтөбенің перзенті едің,
Ағайын, ел алдында шешіліңдер.
Медетбай Ақтөбеде өткен екен,
Осыны айтып, халқым, көсіліңдер.
Дегенмен бұл ағаттық кімде болмас
Ағайын, ақын қызды кешіріңдер.
Мен өзі Ишановпын, сойқан едім,
Алмагүл, айналайын, байқа дедім.
Осындай келін алсаң, қалай елім,
Сен өзің құт дарыған байтақ едің.
Айтайын бір сырымды саған ашып,
Тәубе деп біздер жүрміз тобаласып.
Ерекше білдірген соң сезімімді
Алмагүл, айтыстан соң далаға шық.
Шын айтам, жүрегімнің асау оты
Барады айдалаға ала қашып.
Көзіңе тесілумен күндер өтті,
Сөзіңе мына біздей бала ғашық.
Келін бол деп айтамын Ақ Жайыққа
Жүрейік жалғыз үйден араласып.
Қонақ қып мына отырған қалың елді
Ет асып, нән ошаққа қазан асып.
Қозым деп Дариға апам бір иіскесе
Талабың кетер еді одан асып.
Айтады Шолпан апам ақылын да
Жүреді жас кезіңде жағаласып.
Айтпақшы, жіберемін төркініңе
Оралдан шығып қайт деп қадам асып.
Ап қалсақ ел-жұртыңыз ренжімес,
Дер ме екен қап қойдық деп қара басып.
Құда боп, китін киіп, кешірімге
Бармай ма Павлодарға шара басым.
Алмагүл Жүгінісова:
Сұлу қыздарды көргенде
Бойыңды шабыт билей ме?
Алам деп мені қояды,
Құр сөзбен найза түйрей ме?
Күркіреуі көп болып
Сіркіреуі сирей ме?
Ағайын, бос құмыра
Даңғырауық келмей ме?