Бүгін Павлодар облысына гастрольдік сапары аясында М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясын сахналады.

Еңлік пен Кебек туралы алғашқы жазба дерек 1892 жылы «Дала уалаяты» газетінің 31-ші және 39-шы сандарында жарияланған «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген мақалада келтіріледі. Кейіннен 1900 жылы тағы да осы газетте «Қазақ турасынан хикая» деген атпен шыққан.
Бізге «Еңлік-Кебек» дастанының екі нұсқасы белгілі. Оның біріншісі – 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан жеке кітап болып жарық көрген, Абай ұсынған тақырып бойынша Шәкәрім жазған «Жолсыз жаза яки кез болған іс» деген шығарма. Екіншісі – Мағауия Абайұлы жазған «Еңлік-Кебек» дастаны.

Мен жетінші сыныпта оқыған кезімде нағашы атамның кітапханасынан, «Бұл әңгіме – 1780 жылы шамасында осы Шыңғыс тауында Матай мен Тобықты арасында болған іс. Шариғатта әкесінің атастырғаны жас қызға неке есепті десе де, өзге дүниелік пайдасын ойламай, жалғыз ғана қызының қамын ойлап берер дегені. Әйтпесе «жас баланы сатып, пайдаланып, кем-кетікке беріп обалына қал» демейді. Мен соны ойлап, Еңлік-Кебекті соншалық жазалы демеймін», – деп қара сөзбен басталатын, Шәкәрім Құдайбердіұлының дастанын оқыған едім.
Поэмада қос ғашықтың алғашқы кездесуі жайлы былайша жырланады:
«Бораннан байқай алмай барар бетті,
Түн ішінде адасып Кебек кетті.
Осы Хақан өзеннің аяғында
қыстаған бір Матайға келіп жетті».

Солайша Кебек батыр Еңлік сұлудың үйіне түседі…
Ақынның позициясы анық аңғарылып отыратын поэмада Шәкәрім екі жастың махаббатын қолдап, елдің ұрда-жық надандығына налып, күйінеді. Халықтың қарабайыр тобырлығы қыршын кеткен екі жастың өліміне себеп болады. Бұл тұстарда ақын тіптен шиыршық атып, буырқана жырлайды.
«Өлім жазасы» жайлы ақын былай жырлайды:
«…Шеткі Ақшоқы басына алып шықты,
Қалайша өлтіруге кеңес қыпты.
Жас қой деп жаны ашыған бір адам жоқ,
Қолға түскен кісіге қатын мықты.
Кейбіреуі таспенен атпақ болды,
Кейбіреуі дарға да аспақ болды.
Аяғында мойнына арқан тағып,
Атқа байлап сүйретіп шаппақ болды.
Көп Найман екеуіне тұр анталап,
Бейне бір соятұғын малға балап.
Еңлік сонда еліне сөз сөйлейді,
Қасындағы жиылған көпке қарап:
«Ей, жұртым!
Бір-екі ауыз сөз айтайын,
Әйтеуір өлтіруің тұр ғой дайын.
«Өлерде үш тілек бар» деуші еді ғой,
Құдай үшін берсеңдер, мен сұрайын:
Кебекпен мені аз ғана араздастыр,
Өлген соң бірге қосып таспен бастыр.
Мына бала – Тобықты баласы ғой,
Мұны өлтірме, Кеңгірбай биге тапсыр».
«Үш тілегін алсын» деп жұрт кеңесті,
«Бердік» деп екеуінің қолын шешті.
Құшақтасып сүйісіп, қош айтысып,
«Ал, енді өлтіре бер, мейлің» десті.
Екеуінің мойнына арқан салып,
Екі аттың құйрығына байлап алып,
«Матайлап» ұран салып шауып-шауып,
Өлтіріп бір төбеге қойды апарып.
Тастады бесігімен баласын да,
Обалға өшіккен ел қарасын ба?
Еңлік-Кебек моласы бүгін де бар
Таймақ пен Ералының арасында…».

…Мұхтар Әуезовтің жеке кітапханасында сақталған Мағауия Абайұлы дастанын 1941 жылы Қайым Мұқаметханов баспаға әзірлеген. Бұл қолжазба тек 1960 жылы баспадан шығарылған «Дастандар» деген жинақта алғаш рет жарияланды.
Мұхтар Әуезов 1922 жылы 21 жасында «Еңлік-Кебек» трагедиясын осы дастанның арқауымен жазды. Пьеса 1943 жылы жаңа нұсқасымен жарық көрді.
Жазушы: «Шыңғыстың бұрынғы иесі матай болады. Сол матайды Кеңгірбай тұсында тобықты ру басылары алғаш ірге тепкен жерінен тайдырмақ болады. Бұның арты шабуылға ұласады. «Еңлік — Кебек» оқиғасы дәл осы алғашқы талас-тартыстың кезін көрсетуші еді», – деп түсініктеме береді.
Шығарма туралы аз-кем сөз – осы.
Ескірмес ескі де есті туынды павлодарлық көрерменнің көңілінен шықты.
Трагедияда Абыз бейнесін Бекжан Тұрыс, Кебекті – Әділет Базарбай, Еңлікті – Захира Рахымжан, Жапалды – Райымбек Бекет, Кеңгірбайды – Саят Мерекеұлы, Еспембетті – Болат Әбділманов, Көбейді – Асылбек Боранбай, Қарамеңде биді – Мұрат Нұрәсілов, Есенді – Қасым Демеу, Жомартты – Омар Қыйқымов, Кембайды – Бауыржан Манжігітов сомдады.

Оқырман назарына қойылымнан фоторепортаж ұсынамыз:

Добавить комментарий