Оқырман назарына күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Арқа, Қаратау күйлерін насихаттаушы Жанғали Жүзбаймен сұхбатты ұсынамыз…
– Күй өнері деген жай ғана музыкалық шығармалардың тізімі немесе топтамасы емес.Күй – қазақ халқының тарихының шежіресі, жаратылысының, табиғатының сипаттамасы, – деп бастады әңгімесін күйші.
– Жанғали аға, күй туралы әңгіме айтылғанда, ең алдымен, санамызға бұл музыкалық жанрдың халқымыздың аспаптық пьесасы деген ой оралады. Әр күйдің тарихы, айтар ойы, жеткізер сөзі бар. Біз соны ұғып, қадірлеп, қастерлей алмай жүрген секілдіміз…
– Мысалы, «Жорға аюды», «Сарыөзенді», «Бұлғынсусарды» тартсаң, байырғы заманның сарыны екені білінеді.
Одан бері қарай «Ақсақ құланды» тартсаң, көз алдыңа Алтын орданың дәуірі, алып империяның кезеңі келеді. Асан қайғының «Ел айырылған» күйі ойнатылғанда, Алтын орданың ыдыраған кезі ойға оралады.
Беріректегі Байжігіт күйлерін тыңдасақ, Қазақ хандығының құрылған кезі, құдіретті кезі елестейді.
Қазақта «Қалмақ күйлері» деген күйлер бар. Кейде «Қазақтың қалмақ күйлері» дейді, кейде «Қалмақтың қара жорғасы» деп атайды. Бұл күйлер, ел айтып жүргендей қалмақтың күйлері емес. Бұл – қазақ пен қалмақ соғысы кезінде шыққан күйлердің легі.
Одан кейін отаршылдық заман келді. Ол уақытта колониялық саясатпен ақ патша заманының кезіндегі, музыка тілімен айтсақ, «Қарсылық күйлері» дүниеге келді. Бірақ, меніңше, «Қарсылық күйлері» деген атау дұрыс емес секілді.
Ақ патшаның қазақ даласына дендеп кіріп жатқан колониялық саясатының кезеңін баяндайтын күйлер – Құрманғазыда. Оның күйлері жай ғана күй емес. Мысалы, «Перовский» күйін алайық. Перовский деген кім? Ол анау Орынбордан, мынау Ақмешітке дейінгі далада қазақтың қанын судай ағызған, ірі отаршыл генерал-губернатор еді. Қанішер басқарған өлкеде Құрманғазы өмір сүрді. Сол кезде Исатай мен Махамбеттің ұлт азаттық көтерілісі жаншылып, басылды. Міне, «Көбікшашқан», «Кісенашқан», «Түрмеден қашқан» секілді қайғылы күйлер ақ патшаның озбырлық кезеңін баяндайды.
Құрманғазы – қазақтың ірі тұлғасы. Оның күйшілігі, сазгерлігі бір төбе, ал, қайраткерлігі бір бөлек әңгіме.
Одан кейін кешегі партия, Сталин туралы күйлер бар.
Күйге жай қарауға болмайды. Осылардың барлығы – біздің төл тарихымыз. Бұлар – күй арқылы жеткен сол заманның ақпараты.
Құрманғазы шығармашылығына Ертіс-Баян өңірінен қызығушылық танытып отырғандарыңызға мен ерекше сүйсініп отырмын. Оның да себебі бар.
– Ол қандай себеп, аға?!
– Құрманғазының күйлерін алып келген көптеген күйші бар, оның басында Дина Нұрпейісова тұр. Күйшінің өмірбаянын зерттеген Ахмет Жұбанов бар.
Ал, Павлодар өлкесінің бір ерекшелігі бар. Ол ерекшілік – Рүстембек Омаров деген тұлғамен байланысты. Ол – қазіргі Құрманғазы оркестрінің құрылуына, оның деңгейінің өсіне өмірін арнаған адам. Құрманғазы күйлерін нақты тартқан, дәлме-дәл жеткізген ең виртуоз домбырашылардың бірі.
Рүстембек Омаровтың Құрманғазы оркестрінде концертмейстер болғанын, қаншама шәкірт тәрбиелегенін, қазақтың мықты күйшілеріне ұстаз болғанын мен айтпай-ақ қояйын. Оны жұрт жақсы біледі.
– Күй өнеріне деген көзқарас қалай қалыптасуы керек? Шын мәнінде күйдің қағысы арқылы оның ырғақтық мәнін, динамикасын, сыр-сипатын ұғына білу керек емес пе? Қазір домбыраны сабалап, тез-тез, жылдам-жылдам ойнаса, «Ой, пәлі-ай!», деп желпініп қалатынымызды жасыра алмаспыз…
– Бізде Құрманғазы бар, Тәттімбет бар, Дәулеткерей бар, Қазанғап бар, Сүгір бар, Әбікен Хасенов бар, бергі замандағы Төлеген Момбеков бар. Олардың барлығы біз секілді «күнаһарлау» ұрпаққа керемет мол мұра қалдырып кетті. Енді ол мұраны біз не істейміз? Бағалаймыз ба? Бағаламаймыз ба? Бұл –біздің қазіргі ұрпақтың мойнына артылған үлкен міндеттің бірі. Бағалау керек пе, жоқ па?!
Өкінішке орай, қазіргі қоғамның талғамы өзгеріп кетті. Күйге елжірейтін адамдар некен-саяқ болып қалды. Оның себебін біреулер жаһанданудан іздейді: «Жаһандық музыканың нөпірі қазақтың руханиятын басып кетті», – деп айтады. Енді біреулер екінші бір себеп айтады: «Біз бір қалыпта тұра береміз бе? Біздің өнеріміз дамуы керек» – деген әңгімені айтады да, күйді синтездеп тартуға, күйді концерттік формаға енгізуге, күйді поппурилік деңгейге жеткізуге әрекет жасайды. Біреулер «Тойдың деңгейінде, думан-салтанатта күйді пайдалансақ, біздің күйіміздің деңгейі өсіп кетеді» деп ойлайды. Біреулер «Эстрадалық вариантта Голливудқа барып күй тарсақ, қазақ ұлтының даңқын асырамыз», – деп айтады. Бұған бәлендей деп жауап беру қиын. Мүмкін солай болуы рас та шығар? Қазір «Бұл дұрыс па, дұрыс емес пе?» деген сұрақпен қазақ қауымының жүрегі ауырып жүр.
Мүмкін, біреулер «Біз еуропалық білімді де алуымыз керек. Еуропалық шығармаларды, джаз қайырымдарын да домбыраға салуымыз керек», – деп айтар. Әрине соның барлығын жасауға қарсы емеспін. Бірақ бұл қазаққа керек пе? Жоқ, Еуропаға керек пе? Әңгіме осында…
– Жалпы, күйді қалай түсіну керек? Кәсіби маман ретінде күйді қабылдау, жүректен шыққан әуенді жүрекке жеткізу жолдарын көрсетіп берсеңіз.
– Ата-бабамыздан қалған қасиетті заттар болады ғой, мысалы киіз үй, атамыздан қалған бөрік, шапан, сол секілді қастерлі заттар. Оларды біз құрмет тұтып, жоғары ұстаймыз.
Күй де сол секілді. Күй жалғыз қазақтың емес, адамзаттың маңдайына біткен қасиетті материалдық емес құндылық ретінде 2014 жылы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген. Егер әлем солай бағалап жатса, біз неге солай бағаламаймыз. Неліктен қасиетті күйдің сарыны, тілі туған топырағына, өзінің халқына қызмет етпейді?!
Кеше дүниеден өтіп кеткен, ірі тұлғамыз, өзі күйші, өзі кинодраматург, өзі жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Домбыраға тіл бітсе» деген мақаласы бар. Сол мақаланы қайталап отып отырып, мен де ойлаймын: «Егер домбыраға тіл бітсе, не дер еді бізге? Өкпелер ме еді? Кейінгі ұрпаққа ренжір ме еді? Сөгер ме еді бізді?». Мені күйдің тыңдалмауы секілді мәселелер толғандырады.
Бірақ қара аспанды төндіріп отыра бермеуіміз керек. Қалайда күй өнерін, оның ішінде төлтума күйшілік салтты, дәстүрді қайтадан жаңғыртуымыз қажет.
...Қазақта күй тональдық жағынан екі үлкен топқа бөлінеді. Олар: қоңыр және алқоңыр күйлер. Қоңыр – қазіргі минор әуен, алқоңыр – қазіргі мажор әуен (Бұ лтерминдер домбыраның бұрауына да байланысты). Мысалы, «ля-ре» бұрауы кейде қоңыр, кейде алқоңыр бұрау деп аталады. Ал, қазіргі «ре-соль» бұрауы және одан жоғары бұраулар қазақта «шыңылтыр бұрау» деп аталады. Күйде екі түрлі композициялық құрылым кездеседі. Ол – «буынды» және «буынсыз» күйлер. Буынды күй бір әуенді реприза арқылы, қайталау арқылы жасалады. Мысалы, Ә.Хасеновтың орындауындағы Тәттімбеттің «Қосбасары» қамырықты әуеннің үш рет қайталануынан тұрады. Буынсыз күйде қайталау болмайды. Ол үлкен бір әуеннен тұрады. Қазақтың шексіз көп күйі – осы екі түрлі құрылымның сансыз көп вариациясы... Таласбек Әсемқұловтың «Домбыраға тіл бітсе» мақаласынан.
– Айта кетіңізші, қазіргі заман қазағы күйді түсіну түйсігінен қалай ажырап қалды?
– Баяғы біздің Алаш қайраткерлерінің «Мен жастарға сенемін» деп айтатын өсиет сөзі бар ғой. Сол секілді біз де жастарға сенім артамыз. Кейде мен қапаланған кезде, «Кейінгі жастар болмаса, үлкендерден қайыр жоқ-ау» деп қаламын. Оның бір себебін айтайын. Күйдің бүгінгідей жағдайға келуіне, күйдің бұзылуына біздің буын – мен және менің тұстастарым, қатарластарым біраз «еңбек етті». Өкінішке қарай. Мойындауға тиіспіз. Егер біз күйге адал болсақ, кейінгі ұрпақ еш уақытта ешқайда кетпес еді. Олар үлгіні бізден көрді. «Түрік маршын» біз тарттық, Ференц Листтің «Рапсодиясын» біз тарттық, Йозеф Гайденнің «Венгер рондоларын» біз тарттық, орыстың Н.Будашкин сияқты композиторларының шығармаларын біз орындадық.
– Күй өнеріне биліктің, жоғары жақтағылардың қолдауы қаншалықты қажет?
– Қандай халық болса да, өзінің қастерлейтін құндылықтары болады: Тілі, діні, руханияты, мәдениеті, тұрмысы, салты. Егер бұлар бұзылса, бәрі бұзылады. Сондықтан қазақтың күй, ән, би өнері қайтадан жаңғыртуды күтіп отыр.Бұл менің өкпешіл пікірім е мес, эмоциямен айтылған ренішті сөзім емес.
Бұл – Мәжілістің төрінде айтылған мәселе.Заңгер, депутат Абзал Құспан мемлекеттен ұлттық өнерді дамытуға көк тиын бөлінбейтінін айтты.Керісінше, Еуропаның, католиг әлемінің классикалық музыкасын дамытуға, шоу бизнесті қолдауға қыруар қаржы бөлінеді. Кейінгі онжылдықта қазақтың бірде-бір дәстүрлі күйшісі хаттамамен өтетін мемлекеттік үлкен концертке қатысқан жоқ.
Міне, осындай мәселелер де толғандырады бізді. Бірақ толғандырғанмен не істей аламыз? Біз – Құрманғазының «Кішкентай» деген күйі секілді, кішкентай адамбыз. Бұны үлкен адамдар шешуі керек. Сондықтан жастарға сенім-үміт артқаннан басқа ештеңе істей алмаймын.
– Сөзіңіз аузыңызда. Жоғарыда, Мағжан бабамыздың ұлағатты сөзін жайжан-жай айтып отырған жоқ сияқтысыз. Ендеше, бүгінгі буыннан, ібасар жастардан кімдерді ерекше айта аласыз?
– Жастар бізге қарағанда күйге әлдеқайда адал. Жастардың ішінде таланттар өте көп. Әсересе Ертіс-Баян өлкесінде күйдің төлтума сарынын сақтап жүрген аса өнерпаз жігіттер бары мені қуантады. Олардың көбі қазір халыққа танылып қалған күйшілер. Қайрат Айтбаев, Сәбит Барлыбаев секілді жақсы күйшілерге сүйсінемін. Сондықтан Рүстембек Омаровтың ізбасарлары жаман болмайды деп ойлаймын.
Павлодар – қазақтың ұясы, қазақ өркениетін ғасырлар бойы алға сүйреген ғұламалардың мекені. Бұған ешкім де дауа айта алмайды. Бұндай өлкенің музыкасы да байтақ болған. Затаеевичтің кітабын алып оқысаң, таң қаласың. Қаншама сал-сері, қаншама буынсыз күйші дүниеден өткен. Солардың бәрінің өнегесін жалғап жүрген өнерпаздардың барына қуанам.
Күйдің аймақтық, өлкелік мәселелері бар. Менің Павлодарды баса айтып отырғаным сондықтан. Мысалы, күй атасы Құрманғазыны алайық. Ұлыларды мерейтойларына орай ғана емес, үнемі ұлықтап отыруымыз керек. Жыл сайын, ай сайын, сағат сайын… Мемлекеттік қаулыға қарамай-ақ, өзіміздің асылдарымызды қастерлеп, қадірлеп отыруымыз қажет.
– Жанғали аға, күйді ұғатын, оған жанашыр маман ретінде тұщымды ойлар айтып, күй өнерін сақтап қалу бағытында толымды пікірлеріңізге қанық болдық. Шыны керек, толқып, тебірендік. Сұхбатыңызға мың алғыс. Шығармашылықтың шыңынан түспеңіз.
Әңгімелескен – Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.
(Суреттер ашық ғаламтор желісінен алынды)