Жер астында жұдырық
Ертістің Жармақ пристанынан шығатын жолмен жүрген кісі Екібастың шахтасына келеді. Шахта төртеу. Бұл шахтыдан көмір шығарылады. Екібас ағылшын байының қолында – шахтаның тек аты шахты демесеңіз – салынған үйлері жеткіліксіз, машина-саймандары, механизмі нашар, аюдың қазған інінен айырмасы аз бір үңгірлер.
Мардан шахтаның бірінде вагон айдаушы откатчик болып істейді. Ол ертеңгі бестен кешкі беске шейін жер астында болады. Шахтаның асты қараңғы. Жыланның ініндей тар, індікеш. Қолда күңгірт жанатын толағай шам. Жер астында жүрген жұмысшылар тобықтан қара балшық кешеді. Шахтада әуе ауыр, адам ылғи күл қағып, көмір жұтады. Жұмысшылардың ақысы аз, жұмысы ауыр. Жұмыскерлердің үстінен қойылған толып жатқан сатылы подрядчик, мастер, десятниктер болады. Осылардың күн көруі жұмыскерлердің есебінде. Араларында адам айтқысыз пара жүреді. Жұмысшылардың ақысын аз кесу былай тұрсын, шахтаның ішкі тәртібінде толып жатқан алымдар болады. Өзгені былай қойғанда Марданның алатын айлығынан мынандай шығындар ұсталатын еді: пәтерге, соғыс пайдасына, дәретхана тазалаттыруға, өлгендерді көмуге, тұзға, шамға, отынға, басқа тағы сондайлар. Бұлардан бөлек түрлі штрафтан да көз ашуға болмайтын еді.
Марданға қызмет жағынан ұрымтал келетін Тоқай дейтін ноғай подрядчигі. Ол өзі Семейде алыпсатарлық қылып жүріп, кейін ол жұмысынан береке таппаған соң Екібас шахтасы ашылғанда осында орналасқан. Қолы хат-шот біледі. Келгеннен бері-ақ подрядчик. Тоқай тегі, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейді. Жамбасына бір тікен қадалғандай күндіз-түні тынбай шахтаны аралап жүреді. Жұмыстың басы-қасында болып, ешбір жұмысшыға жылы ұшырамайтын жылан сықылды адам. Жұмыскердің кілт еткен бір жерін көріп қалса орысшалап боқтап, теуіп, түртіп қалатын оның үйренген дағдысы. Тоқайдың осы қылығына жұмыскердің көбі-ақ азуын басады. Тек азу ғана басады. Әйтпесе одан асырып Тоқайға қылар қайрат жоқ…
Тоқайдың қарауындағының көбі қазақ жұмыскері. Ол бір жағынан жеуге жұмсақ деп жуас, тіл білмейтін, тәртіпке түсінбейтін қазақ жұмысшыларын өзіне қызметке алса, екінші жақтан оны завод бастығы қазақтарға тіл білетіндігінен пайдаланып әдейі қойды. Сондықтан, қазақ жұмысшыларының көбінің ісі осы Тоқайға байланысты. Ол да көбінесе жаңадан келген қазақ, орыс, татар жұмысшыларын жеуге кіріседі. Өйткені, жаңа келушілер алғашында жұмыс жайын жақсы білмейтіндер болады Көрінген кісіге көз түрткі болып, қырдан келген қойдай тосырқап, мүгедек болып қалады. Тоқайлар осыдан пайдаланып «қабаққа жарай албасты» болып, әбден дәнігіп алған. Шахтаны аралағанда өзіне қарайтын жұмыскерлерді боқтап, не теуіп, түртіп жүреді.
Бір күні Мардан штректің бір бұрылысынан вагонді сақырлатып айдап келе жатқанда Тоқай тұр екен.
– Тоқта!, – деді. Мардан тұра қалды.
– Вагонға көмір қалай орта салынған?
– Орта емес қой, абзи. Тегі мұның сыртына сал демесеңіз…
Тоқай сонан әрі тілге келген жоқ. Марданды дүмге бір теуіп қалды. Мардан жерге жұрындай түсті. Мардан басын көтерсе, Тоқай жай ғана адымдап әрі кетіп бара жатыр екен. Мардан «әттең» деп азуын басып, ыза боп тұрды да жайына кетті.
Екінші күні Тоқай Марданға төменде кездесті. Келді де байланыса кетті:
– Сен парды неге көтермедің?
– Парды көтер деп маған кім айтты? Десятник үй деп айтқан жоқ қой…
– Мә, саған, айтқан жоқ! Сволоч!, – деп Марданды бұл жолы бүйірден теуіп қалды. Мардан аяғынан шап ете түсті. Ұсталған аяқтан бір жаққа бұра бір тартып қалғанда Тоқай Марданның астына түсіп қалды. Қараңғылау шахтада, қара көмірдің ішінде апай да топай. Мардан Тоқайды тізерлеп-тізерлеп жіберді. Астына түскен Тоқайдың үнін шығартпай тіземен нығарлап жатқанда Қыпшақпай келіп айырып жіберді. Тоқай орнынан әлсіреп азар тұрып, боқтай-боқтай кетіп қалды. Бірақ ол жерде қайта соқтығуға өзі де сескеніп қалып еді.
Ертеңінде Мардан конторға шақырылды да, шахтадан бұзақы есебінде бұйрық беріліп, жұмыстан шығарылып тасталды.
Мардан қызметтен шығарылған соң он шақты күн жұмыссыз жүрді. Әркімге бір жалбарынды. Қызмет сұрады. Бірақ қызмет табу оңай шаруа болмады. Мардан сияқты талай қазақ, крестьян топ-тобымен келіп жұмыс сұрап таба алмай кетіп жатты. Әсіресе заводтан «бұзақы» атағын алып шыққан Марданға да қызмет табу оңай болып па? Оған орналасу өте қиын болды. Ақырында шахтаның астында штрек бастығы Герасимов деген кәрі жұмыскер жолығып Марданға бүйрегі бұра кетті.
– Жүр, сені мен Антон Антоничқа алып кірейін, – деп Марданды конторға ертіп келді. Управляющий:
– Бұл бұзық, жанжалқой, – деп Тоқайды ұрғандығын айтты. Бірақ оған Герасимов өзіне бір қарулы жұмыскер керек екендігін дәлелдеп, Марданды жұмысқа сұранып болмады. Ақырында управляющий:
– Жарайды, оның қылығына сен жауапты болсаң, өз қол астыңа берейін, – деді. Герасимов оған ырза болып Марданды қызметке кіргізіп алып шықты. Мардан шахтаға келген соң Герасимов оны жер астындағы суды үске шығарып тұратын камаронға машинист етіп орналастырды. Мардан осы жұмысқа кірісті.
Көнбесең көшеде қаласың
Екібаста қазақтың жұмысшылары ғана емес, байлары да жұмыс істейді. Бір бай заводқа отын жеткізеді. Бір бай су тартады. Бір бай Ертіспен екі ортаға жүк жүргізеді. Сондайлардың бірі болып Байғұлдың балалары завод жұмысына араласады. Байғұлдың Әкіш, Демеу дегендері шахтаның әр жұмысын кезінде көтеріп алып, пайда келтіріп тұрады. Бұлардың тоқсан шамалы жылқысы бар. Көбі ат. Шахтаның суын шығарып, сырттан тас жеткізудің подрядін осы Байғұл балалары алған. Заводтың дабысын алыстан естіп қыр қазағы Екібасты сөз қылғанда: Әкіш, Демеулер Екібаста бір жағын орысшылап, бір жағын мұсылманшылап алуан түрлі амалмен ақша табуға айналғанда ағайын, бауыр дегеннің бірін де білмей ұмытып кетеді. Тиыннан теңге туғызып, бірді-бірге тасқабақтай қағыстырып, қутың-қутың етеді. Есек құрты мұрнынан түсіп жетіліп тұр дейді деп, осы Әкіштерді сөз қылады. Байғұлдың Әкіші саудагер, қара жұдырықтау болса, Демеу хат-шот білетін. Исахан хазіреттен тәлім алған халфелеу адам еді. Мардан мына шахтаға келген кезде ол шыртия киініп, шіреніп басып заводты атпен ғана аралап жүретін мырза сүрейлеу болатын. Ол сол жылы Қозыке деген байдың қызын алам деп дәме де қылып жүретін еді. Елден заводқа пайда іздеп шұбап келіп жататын көп қара қазақты пайдаланып, делдалдықпен ақысын жеп қоятын осы Байғұл балаларына Марданның қызметі де ұштасып кетті.
Бір күні Байғұлдың Демеуі келіп жігіттерге су тұратын котелды тазарттырды. Жиырма шақты жігіт шахтаға су жіберетін үлкен қазанды жуып-шайып тазалауға кірісті. Мардан да осы жиырманың ішінде еді. Жұмыс істеп жатқан жиырма жігіттің қасында екі қолын жан қалтасына салып Демеу жігіттерге әмір айтып тұр еді. Ол Марданға:
– Суды неге төгесің? – деп ақырып қалды. Мардан Демеудің бұл ақырысын ауырлағандай аларып, оның бетіне қарады. Демеу оған қарады. Қарағанда қарсы алдында өзіне ырылдағалы тұрған қасқырды таныды. «Не де болса мұны жаныштап тастайын» деген ой болса керек. Демеу Марданға тепсініп боқтауын үдете берді.
Мардан адамның ауыры. Оның мінезі құйған қорғасындай салмақты. Ол кейбіреулерше көрінген кісіге жанасып, сөйленген сөзге ілінісе бермейді. Бірақ оған біреудің таяғынан гөрі тілі тезірек етеді. Ол өзін ұрған таяққа шыдаса да қорлаған сөзге шыдамайды. Оның ашуы бұрқ етіп бір-ақ қайнаса түйе тулағандай қылады. Мейлі ұлық болсын, кім болсын – Мардан қолында өліп қалады. Ол Тоқаймен де солай болған еді. Мына Демеудің де үш-төрт боқтауы өткен соң қайнап кетті, шыдамады. Қолындағы қызулы ыстық темір кесеумен Байғұлдың Демеуін қағып қалды. Демеу «Аттан!» деп атып кетті. Темір көсеу тиген жерін қарып түссе керек. Демеу кесеу тиген жерін ұстап, ойбайлап, олай-бұлай жүгіріп тыпырлады да қалды. Жігіттердің ешбіреуі Демеуге болысқан жоқ. Бір ауыз сөз айтпай өз жұмыстарын істей берісті. Демеу осыған ыза болып, Марданды ұрайын десе де жақындауға бата алмай от басып алған тауықтай шырылдап біраз айналып жүрді де, ыңқылдап үйіне кетті.
Жігіттер Марданға:
– Енді сен қос қолаңыңды жиып, кетуге дайындала бер, – деп Марданның қызметтен шығарылатындығын күні бұрын кесіп-пішті. Айтқанындай Демеу Марданды жамандаған соң ертеңіне управляющий Марданды қызметтен тағы шығарып тастады.
Мардан тағы қаңғырып көшеде қалды.
Бет былай
Герасимов Марданның бір жақыны сықылды. Ол Мардандарға өз жайын жақсылап айтпағанмен де Мардандарды бір түрлі жан тартады. Сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысымен Герасимов көп жұмысшыларды өзіне тартып алған. Оны орыс жұмысшылары түгіл қазақ жұмысшылары да аса қадірлейді. Өзінің мұң-мұқтажын да ақылдасады. Марданның білуінше бұл Оралдан келген кәрі жұмыскер. Өзі білімді, көпшіл, мінезі жақсы. Әр істің артын ойлап істейтін, анау-мынауға, қылжыңдыққа жеңілдік істемейтін сабырлы, салқын қанды адам. Ал, Герасимовтың Мардандарға тіпті белгісіз жағы да бар еді. Ол Герасимовтың төңкерісшілдігі. Герасимов 1905 жылдың төңкеріс қозғалысына қатысқан саналы, өжет жұмыскердің бірі. Ол Оралдағы Тагил заводының ескі жұмыскері. Ондағы бай Димидовтың компаниясына қарсы көтеріліс жасап, іс тастаған. Әлденеше забастовкеге қатысқан кісі. Кейін бұлар байлар, әкімдер тарапынан қуғынға ұшырап, ұсталып, абақтыда екі жарым жыл жатып, Алтай жағына жер аударылған. Мұның Оралдағы қатын-баласы, үйі быт-шыт болған. Бұл Алтайдағы Риддер заводына жіберіліп, кейін Риддерден ескі жұмысшы есебінде завод компаниясы Морозов сияқты жолдастарымен осы Екібасқа әкеліп жұмысқа салған. Сонан бері осы Герасимовтар бұл шахтада жұмыс істейді.
Герасимовқа өмірдің қалай бара жатқандығы алақанындағыдай анық. Ол байларға қаны қас, төңкерісшіл. Герасимов шахтада тек азуын жасырған арыстан есебінде жұмыс істейді. Ақырындап жұмысшыларды төңкеріске баулиды.
Герасимовтың бастауымен Екібаста істейтін большевиктердің жасырын ұйымы бар. Бұл ұйымның адамы көп болмағанымен, берік табанды адамдар. Олар жайлап, жасырынып біраздан бері жұмыс істейді. Бірақ бұл күнге шейін Герасимовтар бұл жасырын ұйымына қазақтардан жұмыскерлерді қатыстырған емес еді. Тек қазақтарға олар жабайы жұмысшы есебінде ғана қарап, олардың жалпы жоқ-жітігіне қарасып жәй жәрдемдерін ғана істейтін еді. Герасимов Марданды да жұмыстан шығып қалғанда орналастыруы сол жалпы мұқтажға болысу ретінде көрсеткен көмегі болатын. Бірақ Герасимов өз жұмыстарына енді қазақ жұмыскерлерін де тартуға талаптанды.
Жұмыстан шығарылып, көшеде қаңғырып қалған Мардан Герасимовқа тағы жолықты. Демеумен жанжалдасып, қызметтен шығып қалғанын айтты.
– Тынысым тарылды. Сіз бір ақыл айтпас па екенсіз деп сізге келдім, – деді. Герасимов басын шайқап отырып, сөзге кірісті. Сөз сарыны Марданға шешіле сөйлескен кісі сияқтанды:
– Сенің бұл тез қатар мінезіңнің пайдасы да бар, зияны да бар. Мұның пайдасы – сен өз басыңды қорлатпайсың, намысыңды таптатпайсың, өз басыңды байларға, жуликтерге басындырмайсың. Сені көрген өзге жұмыскерлердің рухы көтеріледі. Бай мен жұмысшылардың арасы ашыла береді. Бұл жақсы-ақ. Ал, зияны – сен жалғыздан-жалғыз бір подрядчикті сабағанмен онан дүние өзгермейді. Өзің қаңғырып жұмыстан шығарыласың, басың сотқа байланады. Егерде сен өзіңе де, көпке де пайдалы жұмыс істеймін десең – осылардың жұмысын істей жүріп, байларға, жуликтерге қарсы өзіңдей жұмыскерлерді көбейтетін бол. Өз білгеніңді оларға үйрет. Байлардың, олардың құйыршықтарының жұмыскерлерге өмірге қас екенін миына сіңір. Сөйтіп, байларға жалпақ наразылық істейтін болалық. Не істесек те тұтас істейтін болалық. Біріміз үшін мыңымыз, мыңымыз үшін бәріміз шұрқ етіп түсе қалатын болалық. Егерде бір буда сыпыртқыны тұтасынан сындырса, қолдың күші жетпейді. Егер ол буда шыбықты бір-бірлесе бәрін де оңай сындыруға болады. Міне, осыдан мысал алу керек, егер біз осындағы жұмыскерлердің ішінен отыз-қырық жұмыскерді түсіндіріп алсақ, қалғанын артымыздан ертіп алуымыз оңай. Көпті артымыздан ертіп алып, байларға тізе қылатын болсақ – міне сонда оларға ауыр тиеді…, – деді.
Марданның ойына жаңа-жаңа пікірлер келіп, оның сарайына күшті ағынды, тәтті бұлақ құйылғандай болды. Герасимовтың сөзіне айрандай ұйып, құлағын төсеп, тағы-тағы айт дегендей Мардан сүйсініп, тыңдап отыра берді.
Герасимов көп нәрсе айтты. Сөзінің түйіндерін айналдырып келіп, жұмысшылардың жайына, заводтың байына әкеп тірей берді. Мардан өзі үлкен оқушының алдынан сабақ алғандай санасы ашыла бастады. Ақырында Герасимовтың үйінен кетерде:
– Мен сіздің айтқан сөзіңіздің барлығына әбден қандым. Маған оңым-солымды таныта бастадыңыз. Енді мен сіздің айтқаныңызбен болайын, өз қанатыңызға алыңыз, – дегенді айтты. Герасимов те қолынан келген жәрдемін істейтін болып, екеуі қолдарын қатты қысысып айрылысты.
Аяқтау
Күн суық. Үскірік үзілмей соғып тұрады. Мардан Ақшақтың механический мастерскойында тәжірибеші есебінде жұмыс істейді. Онда Морозов деген жұмыскер табельщик. Осы табельщик Морозовтың жасырын ұйымының адамы екенін Марданға Герасимов таныстырған. Герасимов болып, Морозов болып Марданды мастерскойға осылар орналастырған. Осында орналасқаннан бері бұрқылдатып істеп жатыр.
Морозов пен Марданның шығарда жаны басқа. Морозов та бойдақ жұмыскер. Екеуі тамақты бір ішеді. Бір бөлмеде жатады.
Күн жексенбі еді. Кешке жақын Мардан мен Морозов шулаған дабысқа елегізіп далаға шықса мынандай жәйді көрді.
У-шу. Айқай-ұйқай, жанжал. Бірнеше адамдар шахтада істейтін Австрия тұтқындарының үшеуін қуып келеді екен. Тұтқындардың өне бойы қан. Шахтадағы Соловьев деген десятник, Тоқай подрядчик, Әкіш подрядчик, Демеу халфе – барлығы да аттысы атты, жаяуы жаяу мастарды құтыртып, бұларды қудырып келеді екен. Жанжалға қатысқандардың барлығы да ішкен. Қай-қайдағы қулар жиылған. Қуғанның ішінде Мардандардың ағайыны атақты шпана Омар деген карташы да бар. Арақтан оның екі көзі қып-қызыл болып айналып кетіпті. Қазақ жігіттеріне шақыртқы қылып балуан Омар тұтқындарға тас лақтырып келеді. Өзі жын ұрғандай айқайлайды.
– Ұр иттерді! – дейді десятник Соловьев.
– Тұмсығынан соқ! – деп Омардың қолына тас беpiп келеді Төкіш подрядчик.
Тұтқындардың өне бойы дал-дұл. Жалаң аяқ, жалаң бас. Бет аузы көрінбейтін қан, жара. Қырғи қуған бөденедей іннен-інге кіріп алдынан шыққан Морозовтарға тығыла берді. Морозов пен Мардан да ұмтылды. Морозов күшті, үлкен жігіттің бірі еді. Қолына бір сырғауылды алып тұтқындарды апалақтап қуып келе жатқандардың алдынан көлденең тұра қалды. Мардан жалма-жан жаралы тұтқындарды бөлмесіне кіргізіп, есігін жаба қойды.
– Аяқтарыңды аттағандарың, өлесің! – деп Морозов сырғауылды сілтеп, үйді қорғап тұрды.
– Аш есікті, аш! – деп балуан Омар жынданған бұқадай тап-тап беріп, болмады. Мардан есікті Морозовқа тастай беріп, Омарға шап ете түсіп, жағасынан сілкіп-сілкіп отырғызып қойды. Марданның қалай отырғызып қойғанын тұмандай түсінген мас Омар жан-жағына жалт-жалт қарап, тынышталып қалды. Бұл арада десятниктер қыздырған хулигандар:
– Жауды шығарып бер! – деп бірін-бірі итеріп есікке топырлай бастады. Ол кезде он шақты жұмыскерді ертіп Герасимов бір жақтан шыға келді де, жұмыскерлерге тоқтам айтты:
– Ақымақтар, тұтқындарды не үшін ұрасыңдар? Оларда не айып бар? Олар да өздеріңдей жұмыскер. Бұларды да байлары, патшалары еріксіз соғысқа айдап жіберген. Бұлар сендердің жауың емес, туысқандарың… Сендерді құтыртқан адамдардың тіліне еріп, мұндай ақымақшылықты істемей, тараңдар! – деп еді, мас жұмыскерлер салбырап тұрып-тұрып тарасып кетті.
Сол арада қайдан шыққаны белгісіз, аяқ астынан полицейский шыға келіп Герасимовке:
– Сен жаңа де сөйледің? Сол сөзің туралы конторға жауап бересің, – деп алып кетті.
Морозов жүгіріп жүріп, доктор әкеліп тұтқындардың жараларын көрсетті. Доктор жаралылардың жарасын байлап, аққан қандарын тыйды. Бұл уақытта Морозов терезесіне әдейі лақтырған тас терезенің құл-паршасын шығарып кетті. Жаралы тұтқындар одан сайын үрейленіп, қалтыранып, далаға шыға алмады. Морозов Марданды жұмсап, үйінде жайбарақат отырған смотрительді шақыртты. Смотритель ешнәрсе білмеген кісімсіп, шатақтың қайдан, кімнен шыққанын сұрастырған болды… Морозов жанжалдың жай-жапсарын айтып:
– Бұған доктор екеуіңіз ақты жасаңыз, істі сотқа тапсырыңыз, – деп ұсыныс қылды. Оны смотритель жүре тыңдап, тұтқындарға күле сөйлеп:
– Ешнәрсе емес. Сендердің жұмыскерлерің де біздің тұтқын солдаттарымызды ұрып жатқан шығар… – деп шығып кетті.
Қайда барса бытбылдық
Мардан мастерскойда істейді. Оның істейтіні шахтаға керек шелек, шәйнек, труба, тағы басқа сол сықылды қаңылтырдан істелетін нәрселер. Марданның қолы мұндайларға епті. Кейде мастерскойда жұмыс өте көп болады. Өйткені, бүгін бір аймақтың қараған ұста дүкені осы болғандықтан, бұл маслерскойға жан-жақты заказ да көп келеді. Біреудің шелегі тесілген, біреудің шелегі жоқ, біреудің самаурынына моржа керек – осының барлығы да Марданның мастерскойынан бітіп тұрады.
Бір күні мастерскойге берілген контордың наряды бойынша инженер Плотниковтың сарайының төбесін жабуға бұйрық болды. Бұл нарядпен Мардан инженер сарайын жабуға кірісті. Екі күнде сарайды жауып Мардан мастерскойге қайтты.
Ертеңіне мастерскойге инженер кіріп келді; келді де ол Марданға тіксиді:
– Сен дурак!
– Қалайша?
– Сарайымның төбесін жаман жауыпсың!
– Жаман десеңіз өзіңіз жақсылап жауып алыңыз!
– Сен жақсылап істеуге міндеттісің, ит! – деп инженер Марданды сөгіп ала жөнелді. Мардан аларып, инженердің бетіне қасқырша қарап қалды. Инженер онан сайын өршеленіп сөге берді. Мардан ашуы алқымына тығылып келіп қалды. Оның ойына Герасимовтың жалғыздап жанжалдаспа, жәй жүр дегені келе қойған жоқ. Плотниковтың сөзіне шыдамай күйіп кеткен Мардан ысқырынып тұрған инженерге балғаны ала-ақ ұмтылды. Инженер мастерскойдан шыға қашты…
Осы қақтығыспен Марданның тағдыры және шешілді. Ол конторға шақыртылып, жұмыстан шығарылып тасталды. Сөйтіп Мардан шахта маңынан екі-үш орыннан сотанақ болып қуылған соң әбден әйгілі тентек болып, еш жерге сыя алмайтын болды. Герасимов, Морозовтар да мұны енді көрнеу жақтап еш жерге орналастыра алмады.
Сонымен Мардан заводтан қуылған адам саналып Екібаста екі жарым ай қаңғып бос жүрді.
Қар сылпылдап еріп жатқан уақ. Төбе-төбенің қарасыны көбейіп қалған уақытта – Екібаста қорғасын заводы салынатын болды. Бұл заводтың салынуы көптен жоспарланса да – анық қолға алынбаған еді. Завод байларының ойынша: бұл Екібастағы көмірдің қасына салынған заводта – осы Арқа мен Алтайда шығатын қорғасынның қорытындысы болады. Риддердің, Зырянның, Маймұрынның кендері келіп осы заводта қорытылатын болады. Осы есеппен Екібаста салуы ұйғарылған заводтың жаздың шығуымен орны дайындала бастады. Бұл заводтың салынуы, әрине, қарекет іздеген кедейлерге біраз кәсіп болмақшы… Сондықтан жан-жақтан ел жұмысшылары осы заводтың жұмысына ағыла бастады.
Қаңғып жүрген Марданға Қасен деген заводта біреу ұсыныс та жасады:
– Сені енді ұсталыққа алмайды. Шахтаға және кіре алмайсың. Мына екінің бірі істеп жатқан қара жұмысқа түс. Ат, арба менен болсын. Екеуміз пайда серік болайық…
– Мақұл, – дегеннен басқа Марданда лаж жоқ. Қасеннің ат, арбасымен келіп, Мардан қазылып жатқан завод орнындағы топыраққа түсті.
Жердің тоңы әлі жібімеген. Десятник Марданды әдейі жердің қатты қыртысына әкеп салды.
– Жердің астын үңгімей, ылғи осы бетіндегі тоңын оясың, – деп қолына балта беріп жайына кетті.
Жер жалғанда қатты. Ломды салғанда шақ етіп кейін серпеді. Марданға көк тас бұл тоңнан әлдеқайда жұмсақ сияқтанды. Қара тер пұшпағынан сорғалады. Ломдап, балталап ұзынды күнге Мардан екі-ақ арба топырақ шығарады. Кешке үйге қайтқан соң Қасен:
– Неше арба топырақ шығардың? – деп сұрады.
– Екеу, – деп Мардан сүле сапа айта салды. Оған Қасен ренжіп:
– Ұзақ сары күнге екі арба топырақ деген наған жұмыс ол? Бүйтіп, ат-арбаны сандалтып әуре болғанша істеудің керегі жоқ. Күніне отыз-қырық арба шығарғанда сонда ғана расчет бар, – деді.
Расында Қасеннің айтқаны дұрыс. Екі арба топырақпен не аттың, не адамның еңбегі төленбейді, обал кететіні анық еді.
Ертеңіне десятник Марданды көрсеткен жеріне тағы әкеп салды:
– Мынау жер қатты екен, анау жұмсағырақ жерден алайын, – деп Мардан сұранып еді, десятник жуытпады. Мардан топырақты көп алмаса – күні қараң. Жұмыс өнбейді. Ақша шықпайды. Марданның алған топырағына Қасен қатты наразы.
Мардан бір күні десятник көрсеткен жерден тысқары жұмсақ жерден топырақ алып жатқан жігіттердің жанына келді. Бұл жерден десятниктің туысқандарынан Қазыбай деген жігіт жер бетіндегі тоңды тастап, үңгіп қана топырақ алып жатыр екен.
– Бұл жерден саған ал деген кім? – деп Мардан сұрады.
– Десятник, – деді Қазыбай.
– Ол саған неге үгітіп жұмсақ топырақ алдырады да, маған неге тыңды ойғызады?
– Сен десятникпен туысқан жоқсын ғой, – деп Қазы бай мырс-мырс күлді.
Мардан ыза болып кетті де:
– Мен де осы жерден алам! – деп Қазыбайдың жанына түсе қалды. Кеулеп қазылған жердің құмы Мардан күрегімен есіліп сала берді. Мардан маңдайдан терді сыпыра жүре дамылсыз жұмысқа кіріп, кешке шейін жиырма екі арба топырақ шығарды. Ең соңғы арбаны алып жатқанда Қалыбай десятник келді:
– Кім саған бұл жерден ал деді? – деп қадалды.
– Өзім, – деді Мардан.
Десятник Марданның атын ұрып шығарып жіберді. Марданды боқтады. Мардан да боқтады. Екеуі бірін-бірі ұрарманға келіп, жүгірісіп тоқтады.
Кешке үйге қайтып бұл халді Қасенге сөйлеген еді, Қасен Марданға жатып кейіді:
– Тағы шатақтастың ба? Сен неге тыныш жүрмейсің? Жанжал сенің неңді алған? Әлін білмеген әлек деген – сен ғой… Мен кісі танысам, сен ешқайда сыймайсың! Сен тек қана көр түзететін бүкірсің! – деп соқты.
Ертеңіне завод салдырып жатқан қызыл мұрын заведующий Марданды шақыртты. Мардан келген соң:
– Сен қызметтен шығарылдың! – деп жариялады.
– Неге шығардың мені?
– Сен бұзықсың. Десятникті ұрыпсың. Сөгіпсің.
– Оның өзі бұзық қой, маған жер бермей…
– Сөйлеме! Сен жұмысты бүлдіргенсің. Өзіңе көрсетілген жерден қазбай, басқа біреудің жерінен қазыпсың. Сенің шығарған топырағыңа ақы берілмейді…
– Тақсыр, мені жұмыстан шығармаңыз… Десятник мені сізге өтірік жамандаған. Мен жақсы жұмыс істеймін…
– Жоқ, сен жұмыс істемейсің. Ылғи десятник, подрядчиктерді ұрып, боқтап жүресің. Сен әлі инженер Плотниковты да балғамен қуғансың! – деп заведующий зәрін сыртына теуіп, тікірейе бастады. Мардан да оған «әттең сені!» дегендей қатты қарады. Заведующий:
– Шық! – деп жұдырықпен үстелді қойып қалды. Мардан жаман көзімен жеп, шығып кетті.
Ертіске
Мардан қатты ыза болды. Ойына өзінің жарлылығы, жалғыздығы түсті. Қайда барса да бытбылдық. Теңсіздік, әділсіздік алдынан шығады да тұрады. Ол не істесе де тентекке шығады. Қанша қорлық көріп, сөгіс естіп, көнейін десе де, адамшылығы шыдамайды. Боқтағанды боқтап, ұрғанды ұрып қалуға өзі еріксіз кетіп қалады. Өзге қазақтың жігіттеріндей тепкіге шіріп, боқтауға көніп жүре беруге мұның шыдамы жетпейді. Кіммен болса да қарсыласып шайнасып қалады. Бірақ оның барлығы да өзіне тасталған шоқпар болып тиеді. Өзін боқтап, ұрып-соққан десятник, подрядчик, инженерлердікі оң болып шығады. Осының барлығы Марданды қатты ойлантып қайғыға түсірді. Заводтағы басқарушы подрядчик, десятник, мастер; ауылдағы бай, ауылнай, атқамінер – барлығы бір сияқты көрініп, оларды қатты жек көру пайда болды. Ол әсіресе өзін кеңсесінен қуып шығарған қызыл тұмсық заведуюшийді жек көреді. Мен не қылдым оған? Маған осынша зекімесе не қылады? Менің жалынып айтқан сөзімді тыңдаса қайтеді? Десятник те, мен де оған бір емес пе? Десятниктің маған істеп тұрғаны көрнеу қиянатын неге ол тексермеді? Десятник неге маған қатты жерді ғана беріп, өзінің туысқандарына жұмсақ жерді береді? Мынау заведующийіміз, оны тексермек түгіл жөндеп тыңдағысы келмейтіні қалай? Мен әлі осылардың әкесін өлтірдім бе? Мені бұлар шынымен-ақ «бұзық» деп қуғынға салғаны ма? Қап, бәлем! Ақыр өлдім, қолымнан келгенін саған қылып өлейін!.. – дегенге келді…
Бірақ, Марданның қолынан не келеді?
Мардан осыны ойлаумен болды.
Күн кеш. Ымырт жабылып, қас қарайып барады. Қорғасын заводының орнында істеген жұмысшылар ығы-жығы болып, үйді-үйіне қайтып келеді. Осы ымыртта қызыл тұмсық басқарушы заводтан жаяулап үйіне қайтып келе жатты. Заведующийді көптен аңдып жүретін бір адам жолда жасырынып жатыр еді. Жасырынып жатқан адам заведующий тұсына таман келгенде ұрымтал жерден тасты жіберді. Жіберілген тастың бірі заведующийдің құлақ түбінен зулап етіп, тимей кетті. Заведующий бұған аң-таң болып аңырая қалды. Өңір қараңғы. Ешкім көрінбейді. Заведующийдің ойында ешнәрсе жоқ, жіберілген тасқа тамсанып тағы жүре бергенде екінші жіберілген тас келіп тақ көк желкеден отырды. Тиген тас тақ кеседей. Тас келіп соққанда заведующий тура құлады. Ол үн шығара алмай, күрс етіп құлағанда қараңғыда қараңдап біреу қашып бара жатты.
…Ертеңіне Мардандар заведующийді біреудің таспен ұрып жығып кеткенін көшеде естіді.
Бес-алты күн өткен соң Марданды урядник айдап кетті. Айдап келіп кеңсесіне кіргізді. Марданды урядник қолға алып, қысты. Қатаң сұраққа салды. Заведующий ұрылған күн қайда болғандығын, ұруға қашаннан даярланғандығын қазып сұрай бастады. Мардан бәрінен де аузын қу шөппен сүртіп, жылмия танды. Бірақ урядник Марданның ініне су құйып былай деді:
– Сен жасырасың! Маған сенің қыбыр еткенің мәлім. Сен көптен бері Иван Яковлевичті ұруға дайындалғансың. Екі қалтаңда екі тас сенің көптен жүреді… Біз оны білеміз… – деді.
Мардан мойнына су төгілгендей, мойындаған дауыспен:
– Мен ондай қылғаным жоқ, кім айтты сізге?
– Оны кім айтқаны саған керек емес. Сенің өз жолдастарың айтады…
Мардан айтқан кісіні айт деп сұранды.
– Оны айтсам, сен оны да таспен ұрмақ боласың ба? – деп кекеп күлді.
Мардан «өтірік» деп танудан таймайды. Соның артынан урядник Марданды апарып жауып тастады.
Мардан сол жабылуда ай жарым жатты. Бұл ай жарым уақытта қызыл тұмсық заведующий больницадан жазылып та шықты. Заведующий жазылып шыққан соң урядниктер Марданды да түрмеден шығарып, Екібастың маңында болмауға бұйрық қылды.
Мардан қызметтен шығып қаңғып жүрген карташы Омармен бірге Ертіске қарай жолға шықты.
Кең дала. Кең жол. Келе жатқан жігіттердің арты – Баян, алды – Ертісте. Жаяудың жүрісіне жер өндімейді.
Мардан Ертістегі өздері айтып жүретін жүкшілердің жырына ыңырсиды:
Ертіс, Ертіс енеміз,
Елден аңсап келеміз,
Жаздай өлең айтамыз,
Күз жалаңаш қайтамыз…