Бүгін – ақын Жарасқан Әбдіраштың туған күні.
Эпитафия
(Жарасқан Әбдірашұлына)
Үстел беті – өзге әлем. Қалың қағаз. Жарық шам.
Қауырсынның ұшына Тәңір кие дарытқан.
Түн – танымның мезгілі. Жүрек мөлдір, ой да анық.
Жарық шамды жүреді ғаламшарлар айналып.
Төрт қабырға ішінде шексіз ғалам қамалып,
Толқын-толқын шашынан дүркін-дүркін даналық
бөлінеді – Түн куә, қалам куә, шам куә.
Адамзаттың қайғысын әкеледі алдына.
Шам астында қағазға құлай кетер Ұлылық.
Жалған тірлік жылайды терезеден үңіліп.
Екі әлемге жол салып ұшып жүрер құс-жаны.
Екі өмірді сүреді уақыттан тысқары.
Сіңді ме екен қағазға, шықты ма екен бөлмеден,
Өлді дейді Жарасқан… қай Жарасқан өлді екен?
Ажал-дағы дәрменсіз – өлтірер тек адамды.
Әзірейілдің жебесі қай тәніне қадалды?
Ақын қайда? Шынымен Кеңсайдағы дене ме?
Жо-жоқ. Ақын – мәңгі рух жаратылған көнеде.
Тәні суық болса да тесік-тесік жүрегі,
Кеңістік пен Уақытта көшіп-көшіп жүреді.
Бүгін аспан мөп-мөлдір. Ай да жарық. Ғажап түн!
Отыр, сірә, шам жағып кеудесінде қазақтың.
Дәулет ЖАДЫРАСЫН.
Жарасқанның «Аралы»
Алмайды, тіпті, ойға атын,
Өзегін, мейлі, өртесін.
Сағынған жоқпын! – дейді ақын,
Аралын – туған өлкесін.
Жол түсіп, елге барар күн,
Аяғы тартпай тосылар.
Дұрыс қой, дұрыс! Аралдың
Сағынатындай несі бар?!
Көк теңіз болып, көк аспан,
Батыра көрме енді оны.
Қол бұлғап, бала Жарасқан,
Шақыра берме енді оны.
Көрсетпе ақын көзіне,
Тартылып бара жатқанын,
Теңізбен бірге өзі де,
Сарқылып бара жатқанын.
Өзегін, мейлі, өртесін,
Күнімен дағы, түнімен,
Аралын – туған өлкесін,
Сағынған жоқ ол, шынымен.
Паңдана қарап жаһанға,
Өлеңнен тапқан мұратын,
Алматы – ару шаһарда,
Алшаңдап басып жүр ақын.
Қайтеді босқа қамығып,
Қамықса – күні біткені.
Бармайды ақын! Сарылып,
Аяулы Арал, күтпе оны.
О, қандай мұңлы шақта да,
Тік ұстап асқақ еңсені,
Тек қана, Арал, тек қана,
Ойлаған болса ол сені,
Шағала көңілі шарқ ұрып,
Тарылып оған алып түз,
Ваннаны суға толтырып,
Уыс та уыс салып тұз,
Жағасы жатқан солқылдап,
Айдынды шағың елестеп,
Толқынды ұрған толқынға ап,
Айбынды шағың елестеп,
Табардай содан жан дауа,
Мұңаймай,
Күлмей,
Тек кейіп,
Жатады үнсіз ваннада,
Сағынған жоқпын! – деп қойып…
Қуаныш ЖАЗАЙ.