***

Мықтың үйі бетінде жусан текті күй өнген,

Иігендей інген жел ыңыранады иенде.

 

Боз бетеге көзінен ән құлаған қорымға,

Шақырады қарт балбал: «Адаспа, – деп, – жолыңнан!».

 

Қобыз-ғалам, Құс жолы – тағып алған ішегі,

Жұлдыз біткен тамшылап шанағына түседі.

 

Бір шежіре толғайды маң даланы шер көміп,

Жердің беті жатқандай бесік жырға тербеліп.

 

Қысы ұзақтау өмір-ай, күзі – шолақ, көктемі – аз…

Кімге айтамыз тәйірі, көңіл толы – өкпе-наз.

 

Жалған емес жалғанның өза шапқан бес күннен,

Миығынан күледі Өтірікке ескірген.

 

Қасіретке қонақтап, қуанышқа зәру бақ,

Өлген күнді аңызбен көміп жатыр арулап.

 

Пырақ

 

Болат тұяқ қара тасты қамыр ғып,

Ауыздығын қарыш-қарыш шайнап белдеуде.

Сауырынан самал есіп тәңірлік,

Желіп кетсе жылдамырақ желден де.

 

Құдай текті,

Кекілінде күн ойнап,

Ай астында жалын болып жал-құйрық.

Ғасыр біткен жүз толғанып, мың ойлап,

Тудырса да пар келмеген сан жүйрік.

 

Оза шауып,

Басылмаған екпіні,

Жемсіндей суын мінез рухы ойдың.

Қатарына қара салмас тектіні,

Бәйгесіне алып келді бір тойдың.

 

Ол біледі

Құлагерді,

Ақанды…

Батыраштар бар екенін естіген.

Жалғыз шауып өтсем деген жаһанды,

Жеткен жолды бұза алмады ескіден.

 

Бітімі де жұрттан бөлек жаралған,

Берер емес гу-гу ескен сөз тыным.

Аңдып келіп ту сыртынан қадалған,

Сезіп тұрды салмағы ауыр көз сұғын.

 

Өтті-кетті,

Шапты бәйге,

Жырлады,

Көкірегін сонда тұңғыш сызды мұң.

Ниеттердің болмау үшін құрбаны,

Әдейілеп тартып қалды тізгінін.

 

Жылдар өтті,

Сан жарыстың даңқы асты,

Елемеді біреуінде бұл бірақ.

Кісінейтін дауысы кезіп жар тасты,

Көз алдынан өткен дәурен бұлдырап.

 

Қаңтар еді,

Күркіреген көкте бұлт,

Ер-тұрманын сайлап ерттеп, кежімдеп.

Іздеп шапты артта қалған көктемін,

Найзағаймен майдандасып көзінде от.

 

Болат тұяқ қара тасты қамыр ғып,

Ауыздығын қарыш-қарыш шайнап белдеуде.

Сауырынан самал есіп тәңірлік,

Ошақ қазып бара жатты белдерге.

 

Тарпаң

Аяққа шідер,

Басына ноқта салдырмай,

Қуғанын жетіп,

Қашқанда құсқа шалдырмай.

Жарқ ете түсіп,

Ғайыпқа сіңді бір жалын,

Көкірегін көктің жыртып ағатын тағдырдай.

 

Қолға үйренбейтін,

Торға кірмейтін өлмесе,

Ешкімге көнбей, еркін жайлапты ол кеше.

Тұтатар ма еді жанарымдағы ұшқынды,

Даланың сол бір лаулаған өрті сөнбесе.

 

Атына лайық аңыз қалдырған жылқы боп,

Далбаса болмай,

Дарытпай өлген рухына оқ.

Жерден кеткенмен,

От шашып болат тұяғы,

Аспанды тіліп шауып өтеді дүркіреп.

 

Ғарыш айлаққа ақ жолақ тартып сорабы,

Жұлдызы жанып,

Жұлдыз біткеннен жоғары.

Жерге сыймаған жануарлар-ай, осынау

Қиянаттардың обалы кімге, обалы?

 

Басына ноқта,

Аяққа шідер салдырмай,

Үйірін қорғап,

Ит-құсқа құлын алдырмай…

Буы бұрқырап,

Бусанып кейде тұрады,

Туған жеріне көз жасы тамып жаңбырдай.

 

 

Мойындау

Бірінші өлең: Ертұрсын ердің жыры

Туылған егіз тұлпар ерімен,

Кидіріп алшы тымағын.

Қыз жұпар ескен қырқа-белінен,

Ақбастау – менің жұмағым.

 

Көрейінші деп көзімен елдің,

Шешілмей тірлік жұмбағы.

Өзегім талып, өзіңе келдім,

Ескі жол ғой сол жылдағы.

 

Жылдағы қауым аңқылдап шығып,

«Ақын ұлым!», – деп алқаған.

Жасырып мұңын, жарқылдап күліп,

Бәйек болады қарт анам.

 

– Бармысың, жұртым? Отың боп кеудем,

Ішінде жандым түнектер.

Аппақ тілегің – көпір боп берген,

Шыққанда алдан мың өткел.

 

Тартқанмен қанша тағдырым кері,

Тудым деп сенде мақтанам.

Айыптамаңдар, әлі бүгін мені,

Қапсалаң жаққа аттанам.

 

– Әз басым елге ақсарбас иген,

Демеңдер жұртым сатқын, жау…

 

Екінші өлең: Ауылдас айтқан базына

Дәл осы кезде жапсарлас үйден,

Бір дауыс шықты қатқылдау:

 

– Қуақаным-ай,

Асықтың қайда?

Амандасайық жігітше.

Бола беретін нәсіп күн қайда,

Ат басын не етті іріксең?

 

Тастай берік ең,

Құм қылып сені

Өзгертті өмір неліктен?

Жінігіп сонша жын қуып па еді,

От сұрап әлде келіп пе ең?

 

Жүретін кеше еркелік қылып,

Түстім деп қалай бұл күйге?

Күмілжіп біраз жер теуіп тұрып,

Аяңдай басып кірді үйге.

 

***

Есінегенін есігімде есірік құлдың,

Бекзаттығыммен елемей кешіріп тұрмын.

Он тоғызыншы құмамның ақ отауына,

Адалдығымды әйгілеп шешініп кірдім.

 

Бас иіп жүдә басылып төзімшіл мысым,

Еріксіз мойындағандай езусіз күшім.

Төресін күткен төрт көзбен төргі бөлмеде,

Сырғытты барлық лыпасын сезімшіл құсым.

 

Тағаты қалмай іргеден таласа аңдыған,

Жақындай берді қос бірдей қарасұр жылан.

Жылыстап түсіп жыланға жалғыз қалтырып,

Есікке қарай жүгірді жанашыр құмам.

 

Жабылмауында бір сыр бар бүгін есіктің,

Есімді жиып алсам да мұны кеш ұқтым.

Төсегімді босатып екі жыланға,

Құмамды қуып далаға жүгіре шықтым.

 

Ғайып болғанын қарашы қара басқырдың,

Табасы болдым түгіме жарамас құлдың.

Жалаңаш кеткен кербезім кезігер ме деп,

Күлкісін жұрттың елемей жалаңаш жүрмін!

 

Бөтенсу

Құлжа шаһары,

Суби базары,

Сағынған…

Қайда барасың, жолаушылар-ай, сабылған?

Өзгерген түк жоқ, өзгерген біз ғой, бір ағам

иегін қағып өтіп барады жанымнан.

 

Өзімнің қалам, өзімнің жұртым, өз көшем,

Кілең бір таныс, жылы жүздермен кездесем.

Жүрегім, құрғыр, алып ұшады бәріне,

Ренішім жоқ,

Сезбесе мейлі, сезбесе…

 

Базардың нарқы көтерілгенмен қымбаттап,

– Сапасы қандай?

– Жап-жақсы! – дейді ол жұмбақтап.

Қашан келдің деп сұрауға келмей мұршасы,

Қара мұрт тамыр бауыр кәуәбын тұр мақтап.

 

Ішіңе кіріп, жаныңды жейтін қу неме,

Адам танымай, бөтенсіп қалған бұл неге?

Айнала бердім,

Тамырымды кезіп суық ой,

Үндемей қалдым, айтқым келді де бірдеңе.

 

Көтермей көңілім туыстың үнсіз қылжағын,

Қайырымға келмей, қарысып қалды тіл-жағым.

Өзін ұмытып, өңешін созған бейбаққа,

Қалай айтамын: «Құлжасы едім деп, Құлжаның»?

 

Керілме

(күй аңызы)

Қаһарға мінсе көнбейтін бұлтақ, сырғаққа,

Қайдауыл батыр жараулы жирен мінді атқа.

Антын бұзып, ағайын көңілін қалдырған,

Алатау бетін жайлаған жұртты қырмаққа.

 

Сақбике ана

Беталысынан ұлының,

Жүрегі сезіп лайланарын тұнығы.

Егіз ел едік бір тауды қатар жайлаған,

– Райыңнан қайт!

Жан сауға! – деді, құлыным!

 

– Жоқ! – деді батыр,

– Жарлығы солай хан берген,

Үмітін адал арқалап шыққам сан жерден.

Атымды іркіп, аттанбай қалсам бұл жолы,

Сын болмай ма екен батырлығыма паң кеуде!

 

Тайынбай түсем көк теңізге де, шешіндім,

Кері бұрылсам мұқалғаны ғой десімнің.

Сертінен тайған жат ниеттіні жайратпай,

Алған бетімнен қайтпаймын, шеше, кешіргін!

 

Байламын көріп, баһадүр ұлдың нық түйген,

Алатау сынды басына аппақ бұлт киген.

Жүгіре басып жөнелген ана, қас-қағым

Қара домбыра құшағына алып шықты үйден.

 

Еңсесін тіктеп,

Өр мінез ана ардақты,

Самсаған қолға көз тастай барлап аумақты.

Он саусағынан өзгеше өжет леп есіп,

Қос ішек бойлап ғажайып сарын саулатты.

 

Өшіретіндей өшпенділіктің маздағын,

Қарашы мынау, қу қарағайдың боздауын.

Мұзарт шыңдағы мың жылдық мұзды ерітіп,

Көкіректердің қайғы-шеменін қозғады.

 

От құшқан елдің,

Оққа ұшқан ердің сүйегі,

Анадан сәби, келеден бөліп түйені.

Үдеген дауыл, жүдеген ауыл айнала,

Көшіп өткендей не деген мұңлы күй еді!

 

Қайдауыл батыр,

Сыпырып ойдың қамытын,

Көтеріп қолын,

Шығарып кенет жаңа үкім.

– Аттанбаймыз!, – деп,

Әскерін тегіс таратып,

Атынан түсіп, шешініп жатты сауытын!

Добавить комментарий