Ауылда «зоопарк» ашып едім...
Мамыр айы. Жазғы демалысқа дайындық.
Бар кітабыңды жиып алып, мектеп кітапханасына тапсыру, дала, ойын…
Бірақ, үйге сатып әкелген балапандар есіңе түскенде, барлығы су сепкендей басылады. Өйткені, жаз бойы таңнан кешке дейін балапан бағумен уақытың өтеді.
Жыл сайын қаладан бауырым келеді.
Таңғы шайымызды ішіп, қолымызға басына шүберек байланған шыбығымызды алып «айдағаны бес ешкі, сықырығы жер жарады» дегендей балапандарды айдап көгалға апардық, өзімізге күрке жасап отырмыз. Бауырым қазақша түсінгенмен де, сөйлеуге шорқақтау, содан қолыма кітап алып, оқып, оған түсіндіріп отырғанымда үй жақтан «ойбай, жүгірмектер» деген ащы дауыс естілді. Бір сұмдық болғанын іштей сездім, көз алдыма өріле оралған ақ орамал елестеді.
Сыртқа қарасам, балапандар бір жерге жиналып қапты, ана жер, мына жерде бес алты балапан тырп етпестен жатыр. Сөйтсек, біз кітаптың қызуына кіргенімізде қарақұс келіп, біраз балапанды өлтіріп, біреуін өзімен алып кеткен екен.
Анам да үнсіз, балапандарды үйге айдап келеміз, бауырым сылқ-сылқ күледі, «рот закрой» деймін, бар білгенімді айтып келем, таяқ жейтін мен, ол – үлкен ағамның баласы.
Жазғы үйге кіргенім сол-ақ екен, ақ орамал «сәлем» деді де, сыпыңдата жөнелді.
Жә, таяқ жедім, содан анам тапсырма берді: «Ертең күн жаңбырлы болады, балапандарға даладан шөп жұлып әкеліңдер». Егістік ортасында сүтті шөп өседі, ол диқаншылар үшін арам шөп, біз үшін керек-ақ шөп, өйткені ол шөп барда, көңілің қош, қол бос, ойын дос.
Бауырымыз екеуіміз арбаға отырып, тарс-тұрс етіп келе жатырмыз. Жақын жерге баруға болушы еді, бауырымнан өш алу керек, таяқ жеген мен ғана ғой. Ауылдан жеті-сегіз шақырым жердегі егістікке аттың басын бұрдым. «Иди, зад смотри» деп, тарсылдақ арбаның артына отырғызып қойдым. Ондағы ойым арбаның доңғалақтарын қарасын, шаңға «тойсын», сондай-ақ іші түйілсін деген ғой.
Әй балалық-ай…
Қой былай болмас, одан да әңгіме айтып қорқытайын дедім.
Ақсақалдардың айтынша 50-інші жылдарға дейін біздің ауылда қасқыр болған екен. Сол әңгімені бастадым. Аққайыңдар қойнауының ортасында келе жатырмыз, бауырым жылжи отырып жаныма келіп жайғасты. Іштей сезем, қорқып келеді. Одан бетер үрейін ұшырайын деп «осы жерде қасқырлар екі адамды жеп кетіпті» дедім, өз әңгімемнен өзім шошынып, жан-жағыма қарап қоям. Бір мезетте, жирен қасқа осқырынып, құлақтарын қайшылап, жолдан секіріп жиекке шықты. Не болды екен деп, арба үстінде тұрып екеуіміз алдыңғы жаққа көз жүгірттік.
Бауырым «волки, волки» деп айғайға салды. Сасқанымнан аттың басын ауылға бұрып шауып келеміз. «Қасқыр туралы айтып нем бар еді» деп іштей еңіреп мен келемін.
Бір мезетте бауырым мұрттай ұшты, ол отырған жақтың мұрындығы шығып кетіп, доңғалақ өз бетімен кетті. Жануар-ай, кілт тоқтады. Екеулеп арбаны көтеріп доңғалағын салып арбаға қайта отырдық. «Быстрей, быстрей» деп жаны шығып барады. Мен ойға шомдым, «он екі жылда бір рет болсын қасқыр туралы естімедім, ағаларыммен талай қой бақтым. Бұл жерде қайдан қасқыр болсын» деп тұжырымдап, кері оралдық та, әлгі аққайыңдар қойнауының шетіне атты қалтырып, екеуіміз жаяу «қасқырларға» келе жатырмыз, аяғымызды аңдап басып.
Атаңа нәлет, қарасақ – есек қодығымен. Теледидарда көргенім болмаса, былай көруім алғаш рет. Жүгіріп жанына бардық, қызықтап, мініп алайық десек, тістеп, теуіп маңына жолатпайды.
Қой, шөпке барайық деп аяңдай бастап едік, әлгі есек соңымыздан ерді. Арбаға ілесіп отырып ауылға бірге келді. Жол жөнекей көргендер қолдарын бұлғап «жарайсыңдар» деп жатыр, ауылға қасқыр соғып алып келе жатқандай күйдеміз, батырмыз.
Көрші үйде нағашым тұрады, сол үйдің қорасына әкеп қамадық та, көшеге жүгіре кеттік. Ауыл балаларын шақыру, оның үстіне бес-он тиын табу ғой.
Әп-сәтте нағашымның қорасы зоопаркке айналды. Бауырым қаланың баласы ғой, бәрін кезекке тұрғызып жүр. Анам, нағашым қайдан білсін, ақша тауып жүргенімізді.
Көп уақыт болған жоқ. Көрші орыс ауылынан есектің иесі кеп алып кетті. Ауыл у-шу, көре алмай қалдық, «ақшамызды қайтарып беріңдер» дейді.
– Қайдағы ақша?
– Мына екеуі есек көресіңдер деп, адам басынан бес тиыннан жинап алды, – деді.
Аяқ астында «балапаншылар» «өтірікшілер» боп шыға келдік.
Жүгіріп үйге келе жатырмыз, соңымда анам, алдымызда ақ орамал күтіп тұр. Бұл жолы таяқ жегенде, рахаттандым, өйткені бауырым бірге ақ орамалдың қызығын көрді. Ол байғұста кінә жоқ, зоопарктен түскен ақша сонда болатын, елге қайтарып бер дегенде «адал еңбегіммен тапқаным» депті. Ақ орамал арқаға тиген сайын осып барады, бауырымның айтқан сөзі күлдіріп барады.
Сөйтіп бір күнде екі рет таяқ жедім.
Шөп жоқ, балапан аш…