Павел Васильевтің шығармашылығы сан қырлы. Ол – орыс поэзиясына дала рухын әкелген дара ақын. Оның шығармашылығында көшпенді тұрмыс пен қазақ өміріне арналған туындылар көп кездеседі. Өзін көркем аударма саласында да сынап көрген қаламгер – қазақ, татар, чуваш, башқұрт, тәжік, грузин ақындарының еңбектерінен тәржіме жасағаны жайлы көзіқарақты оқырман хабардар. Соның ішіндегі ең елеулісі – І.Жансүгіровтің «Дала» поэмасының арнау бөлімінен тәржімаланған «Дала-ана» өлеңі.
П.Косенконың анықтамасы бойынша П.Васильевтің «Дала-ана» («Родительница степь») өлеңі – «оның болмысы мен шығармашылығының өзіне тән ерекшелігін толықтай қамти көрсететін туынды» (Косенко П. «Попрощайтесь, попрощайтесь со мной, – я еду собирать тяжёлые слёзы страны» // Учитель Казахстана, 18 января 1990 г.). Осы орайда, тұңғыш васильевтанушылардың бірі – С.Черныхтың архивіндегі жазба маңызды мәнге ие: «П.Васильевтің «Дала-ана» атты танымал өлеңіне ерекше тоқталып өткім келеді. 1956 жылы «День поэзии» жинағында тұңғыш рет басылған өлең содан бері ақынның барлық кітаптарына ене бастады. Бірнеше рет қазақ тіліне де аударылды. Алайда, анықтала келе, ол Васильевтің қазақ тілінен жасалған тәржімесі болып шықты. Бұрынғы КСРО-ның «Әдебиет және өнер орталық мемлекеттік архивінде» сақталған қолжазбаның түпнұсқасында, нақты белгі қойылып: «Қазақ ұйымкомитетінің төрағасы Ілияс Жансүгіров өлеңінің аудармасы» делінген. Жансүгіровтен жасалған аударма отыз жылдан аса П. Васильевтің түпнұсқалық туындысы саналғандығы және қайта қазақ тіліне аударылғандығы таңғаларлық жағдай!» (Поминов П. Д. Родительница степь в судьбе и творчестве Павла Васильева / Васильевские чтения (Материалы международной научно-практической конференции). – Усть-Каменогорск: ВКГУ, 2002, 63-64-б.).
Ақиқатына жүгінсек, П.Васильев І.Жансүгіровтің Қазақ Автономиялық Республикасының құрылғанына 10 жыл толуына орай жазылған «Дала» поэмасын толықтай аударған жоқ. Ол «Арнау» бөліміне ғана еркін тәржіма жасады. Сол кезеңде жас мемлекеттің тарихындағы мерейтойлық күндер немесе маңызды оқиғаларға әдебиет және өнер туындылары жиі арналатын. І.Жансүгіров те бұл үрдістен қалыс қалған жоқ. Ілияс өз поэмасында сол кезеңдегі қазақ әдебиетіне тән міндеттерді белгілеп, шешімін ұсынады: атап айтқанда, көшпенді халықтардың өмірінде болған әлеуметтік-тарихи өзгерістерді айқындайтын туындыларды жасау, даладағы ымыраға келмейтін таптық күрес идеясын дамыту. Қазақ халқының өткені мен бүгінін баяндайтын шағын поэма, бірнеше тарихи кезеңді қамтиды. Поэманың айнымайтын образы, арқауы – даланы ана бейнесінде кейіптеу. Дала – халықтың анасы. Арнау бөлімінде ақын өз халқының өткені туралы толғауын бастамас бұрын дала-анадан бата сұрайды.
Дала халқының өмір тарихы – азаттық пен теңдік жолындағы күрес, озбыр биліктен жәбір көрген қайғылы жағдайларға, таусылмас айқасқа, араздыққа, дау-дамай мен ауыртпалыққа толы жүзжылдықтар. Автордың жырлауы бойынша Қазан төңкерісі қазақ елі үшін еркіндіктің бастауына айналған. «Дала» поэмасының әр бөлімі жекелеген оқиғаларды баяндағанмен, оларды ортақ идея біріктіреді, ол – қазақ халқының тарихын паш ету. Осындай ауқымды идеяны жеткізу үшін, шумақ құрылысы мен ырғақтық негіздеме аясында философиялық ой ұсынатын өлең формасы ретінде толғау жанры таңдалған. Десе де поэма, дәстүрлі толғау шегінен шығады. Автор осы форманы орыс поэзиясының жаңашыл жетістіктерімен шендестірген. Әуелі ол оқиғаларды сипаттай келеді де, оларды лирикалық кейіпкер көзқарасынан, оқиға қатысушысы ақсақал көзқарасынан және бүгінгі заман көзқарасынан бағалайды.
«Жансүгіровтің өлеңдері өте шынайы және кеудесіндегі лаулаған сезімді дәл жеткізеді. Осы шынайылық, оның өлеңдерін барынша эмоционалды, ұғынықты және өте әсерлі етті» – дейді әдебиет сыншысы Мұхаметжан Қаратаев (Самоцвет // Каратаев М. Вершины. Современная литература Казахстана. Статьи. – М.: Советский писатель, 1977, 371 б.).
П.Васильевтің лирикалық кейіпкері өзінің қазақпен рухтастығын тілге тиек етіп: «Жан дүниемде қысық көзді қырғызбын» дейді. Ақынның өзін көзі тірісінде «орыс азиаты» деп атағанын айта кеткен орынды. Ілияс пен Павелдің тағдырының ортақтасар тұсы көп. Екеуі де «Халық жауы» ретінде ату жазасына кесілді: П. Васильев – 1937 жылы, І. Жансүгіров – 1938 жылы. Ұзақ жылдар бойы олардың туындыларын басуға тыйым салынды, І.Жансүгіровтің шығармашылығы күні бүгінге дейін толықтай зерттелініп біткен жоқ.
«Қазақстан халқының өмірі мен туған дала төсінен қуат алған П.Васильев поэзиясына тігісін жатқыза қолданылған қазақ сөздері мен есімдері қанық әрі жарқын ұлттық бояу беретіні сөзсіз… Өмірден ерте озып, өзінің шығармашылық әлеуетін толықтай көрсетіп үлгере алмаған Павел Васильевтің қазақ топырағымен тамырласа байланысқан көркемдік мұрасына бойлау – оның өзіне ғана тән дарындылығын, бірегейлігін тану» болып табылады. М.Қаратаевтың ақындар туралы айтылған екі пікірін де олардың әрқайсысына қарата қолдануға болады (Воспоминания о Павле Васильеве / Сост. С. Е. Черных, Г. А. Тюрин. – Алма-Ата: Жазушы, 1989, 53 – 54 б.).
І.Жансүгіров өзінің «Дала» поэмасына алғысөзді өте қысқа жазды. Даланың ауыр тұрмысына шыныққан, оның қатаң сұлулығына тәнті болса да артық тамсанбайтын, көптірме сөзге жоқ нағыз көшпенді тәрізді өз махаббатын сөзбен сараң түрде білдіреді. «Арнауда» дала образына эмоционалдылық реңк беретін эпитеттер жоқ. Ақын оны тек кең, жазира деп атаса да, барлық өлең дала-анаға деген перзенттік махаббатпен жазылған, бұл жолма-жол аудармада ерекше байқалады.
Жүрегім, жырым, сенікі,
Қеңесті далам, кең далам.
Тудым, өстім, есейдім,
Ен далам – анам, мен – балаң.
Туған, өскен, есейген
Еңбек тулы ел – балаң
Бұрынғы өткен күнінді
Берейін жырлап елге, анам.
Қөргеніңді бүгінгі
Жаз, жаз қалам, тер, қалам.
Жүрегім жырым, сенікі,
Қеңесті далам, кең далам.
Ен далам – анам, мен – балаң.
Ендеше қалам бер маған!» (Жансүгіров Ілияс. «Құлагер». Поэмалар мен өлеңдер. Құрастырған Б. Сахариев, Алматы, «Жазушы», 1974. 411-б.).
Сердце моё, песня моя принадлежат тебе,
Просторная моя степь, широкая степь.
Здесь я родился, рос, мужал,
Широкая степь – моя мать, я твой сын.
Родившаяся, выросшая, возмужавшая
Трудолюбивая страна, я – твой сын.
О прошлых днях,
Воспою я на всю страну, мать.
О том, что видел сегодня
Пиши, пиши перо, моё перо.
Сердце моё, песня моя принадлежат тебе,
Просторная моя степь, широкая степь.
Широкая степь – моя мать, я твой сын.
Если это так, то вручи мне перо!
Өзінің «Родительница степь» туындысын П.Васильев басына қиыншылық түскен 1935 жылдың сәуір айында жазған. Орталық газеттер беттерінде жарияланған А.М.Горькийдің «О литературных забавах» атты ашық хатының салдарынан, П.Васильевке қатал үкім қолданылды: қаңтар айында ол Жазушылар одағынан шығарылды. Көп ұзамай, мамырда «Правда» газетінде 20 әдебиетші қол қойған хат басылды, сол хатта оның «қаламдас ағалары» жас ақынды ашық түрде жазаға тартуға шақырды. Ең қиыны қол қойғандардың арасында идеялық қарсыластарынан басқа, оның достары да бар еді. Бұл қудалаудың соңы «көптеген бұзақылығы мен төбелесі үшін» абақтыға қамаумен аяқталды. Ол еңбекпен түзеу лагеріне бір жарым жылға сотталады. Осы қатерлі оқиғалар легін ақын алдын ала сезген болатын.
Кейбір зерттеушілер (А.Михайлов, П.Выходцев) П.Васильевтің шығармашылығындағы «Дала-ананы» бағдарламалық өлең деп есептейді. Расында да, мұнда ақынның негізгі өмірлік және шығармашылық ұстанымдары жинақталған: «Дала – менің ұлы анам. Ол мені мынаған үйретті: ішкі кемел еркіндік – өзіңнің ар-намысыңмен үйлесімің» (Воспоминания о Павле Васильеве / Сост. С. Е. Черных, Г. А. Тюрин. – Алма-Ата: Жазушы, 1989, 257-б.).
І.Жансүгіровті әуелден әлеуметтік мәселелер алаңдатса, П.Васильевте рухани дамуға екпін салынады, еркін ойлы тұлғаны қалыптастыруда мәдени-тарихи орта ретінде даланың маңыздылығы философиялық тұрғыдан зерделенеді. «Әдебиет – менің қаным мен тәнім…», «Өлең жүректің тамшы қанынан тулап шығуы тиіс» деген ұстанымды: «Жүрегімнің ыстық қанына боялған, қабылда, дала, әнімді!» деп жырға қосады ол. Ақын туған даласымен байланысын ешқашан жоғалтпаған, үнемі кіндікжұртынан күш пен шабыт алған, өмірінің қайғылы сәттерінде де оған оралып, шығармашылығының өрлеуіне бата тілеп, қолыма «қаршығаның қиғаш қауырсынынан» қалам бер, еркіндік, еркелік бер деп сұраған. «Мен нұсқаумен жазу үшін тумағам!.. Қаламымның екпіні еркін болсын!» – дейді (Васильев П. Н. Собрание сочинений в 2-х томах. Т. 1. Стихотворения. 68-б.). П. Васильев сонау 1927 жылы өзіне мақсұт тұтқан ақындық ұстынынан өмірінің соңына дейін тайған жоқ.
П.Васильев шығармашылығындағы қаршыға образы – сүйікті суреттеулерінің бірі, көптеген туындысында кездеседі: «Арба үстінде қаршығалары шаңқылдауда» («Джут», «Соляной бунт»); «Сығырайған көздерде / Қаршыға, қой көз /Жусанның тәтті түтіні» («Соляной бунт»); «Көпес қала, қаршыға қала» («Глафира»); «Павлодар – менің қаршыға қалам» («Павлодар»), «Аула арасын аралайды бозбала / не көк кептер /кенет/ қаршығадай шеңберлене шарықтап» («Христолюбовские ситцы»). Тіпті П.Васильевтің өзін бала кезінде әкесінің тамыры, павлодарлық фотограф Д.П.Багаев «балапан қаршыға» деп атаған. Оған «қырағы көзді» бозбаланың ширақ, шапшаң, екпінді, өршіл, кейде асау мінезі себеп болса керек. Д.Багаев «жалаң аяқ балақайдың Ертіс жайылмасының үстінде қалықтаған қыр қаршығаларының «арқан ескендей» көкке өрлей ұшуын көп уақыт құмарлана қызықтап отыратынын көрген», «жер аударылған белгісіз ақынның өлеңдерін қандай құмарлықпен оқығанын естіген»… «Қаршыға да шыр айнала қалықтап, ұйқылы жердің тыныштығын күзетеді». (Воспоминания о Павле Васильеве / Сост. С. Е. Черных, Г. А. Тюрин. – Алма-Ата: Жазушы, 1989.254 б.)
П.Васильев орыс және қазақ фольклорымен тәрбиеленеді. Атасы Корнила Ильич пен әжесі шебер ертекшілер еді. Әңгіме құрастырып айту, ескі әндерді орындауда алдарына жан салмайтын ерекше қабілетке ие-тұғын. Сонымен қатар, ол жастайынан қазақтардың халық әндерін, аңыздарын, ырымдарын естіп өсті. Атасы Корнила маңайдағы ауыл тұрғындарымен тамыр еді. Қыр қазақтары үйіне жиі мейман болатын. Корнила Ильич те қазақ ауылдарына қонаққа барып тұратын. Қасына немересі Павелді ертіп алатыны сөзсіз. Аушы құстармен аңға шығу – көшпенділердің байырғы өнері және оларда сұңқар, қыран, қаршығалармен байланысты тотемдер де аз емес. Сондағы естіп, көрген дүниелерінің көбісі П.Васильевтің туындыларында жарық көрді.
Десе де орыс ауыз әдебиетінде, халық шығармашылығында қаршыға образы сирек кездеседі, ол жыртқыш құс лашынмен бірге жалпылама символдық бірлікте жырланады және әуелгі сипаты жауға қарсы қарқынды шабуылмен байланыстырылады, ал лашын образы – арамдық астастырылады, өз мақсатына жету үшін кез келген амалды пайдаланып, құрбанын аяусыз жер құштыруға дайын бейне ретінде суреттеледі.
Рязандық Софонийдің «Задонщина» жырында сұңқарлар, тарғақтар, қаршығалар Дмитрий Донскойдың жауынгерлерін бейнелейді: «Уже бо те соколи и кречати, белозерскыя ястреби за Дон борзо перелетели и ударилися на многие стада на гусиные и на лебединые» («Задонщина» / Русская литература XI – XVIII вв. / Сост., вступит. Статья, примеч. Л. Дмитриева и Н. Кочетковой. – М.: Худож. лит., 1988, 112-б.).
XVII ғасырдың екінші жартысында орыс әдебиетінде баяндау прозасы кеңінен тарала бастады – кішігірім хикаяттар, әңгімелер, аңыз-ертегілер. Олар әзірше нақты бір жанрлық шекке жатпағандықтан, образдар, тақырыптар мен сюжеттерді халық шығармашылығынан, ауыз әдебиеті үлгілерінен, аңыз-ертегілерден, лирикалық және дәстүрлі әндерден алып пайдаланатын еді. Бұған «Қайғы-Бақытсыздық туралы хикаяты» мысал бола алады. Онда да қаршыға образы кездеседі: Боз жігіт лашын болып ұшты, Қайғы соңына тарғақ болып түсті. Боз жігіт көк кептер болып ұшты,Қайғы соңына қаршыға болып түсті. («Задонщина» / Русская литература XI – XVIII вв. / Сост., вступит. Статья, примеч. Л. Дмитриева и Н. Кочетковой. – М.: Худож. лит., 1988,200 б.). Бәлкім, фольклор мұралары мен балалық шақтың әсерлері арқасында қаршыға образы – сұрғұлт, ұшқыр, қырағы құстың символдық сипаты Павел Васильевтің поэзиясына біржола енді. «Халықтық нанымға жүгінсек, осы құстарды кейіптеу – өлімнің нышаны болса, Васильевтің туындыларында сипатталатын орнитологиялық образдардың семантикасы өліммен емес, керісінше «кеңістік», «бостандық», «күш-қуат» сияқты түсініктермен байланысты (Хомяков В. И. Художественная картина мира в поэзии Павла Васильева. Монография. – Омск: Омск. гос. ун-т, 2006, 55 б.).
П.Васильев І.Жансүгіровтің туындысын жолма-жол, механикалық түрде аудармады. С.Куняев әділ бағасын бергендей, «әрбір тармақ «васильевтік таңбаны» танытып тұрады…» Ол әрі қарай өз ойын: «Белгісіз себептер бойынша бұл өлең үнемі екінші шумақсыз басылатын» деп сабақтайды (Куняев С. С. Русский беркут. – М.: Наш современник, 2001, 258 б.).
Өлеңнің толық мәтіні төмендегідей:
Родительница степь, прими мою,
Окрашенную сердца жаркой кровью,
Степную песнь! Склонившись к изголовью
Всех трав твоих, одну тебя пою!
За поручни саней! И вслед за нами
Несметный гул несётся, осмелев.
Боярышня с черкесскими глазами,
Черкешенка с губами нараспев.
К певучему я обращаюсь звуку,
Его не потускнеет серебро,
Так вкладывай, о степь, в сыновью руку
Кривое ястребиное перо!» (Васильев П. Н. Собрание сочинений в 2-х томах. Т. 1. Стихотворения. 67 – 69; 376 б.).
Жоғарыда жазылғандардың негізінде Д.Поминовтың мына тұжырымына толықтай қосылуға болады: «Осы өлеңнің төл авторлығы тұрғысында қателесу символдық сипатқа ие. Олай болатын себебі, шалқар шабыт пен шынайылыққа толы жыр жолдары екі ақынның да рухымен тығыз үндеседі. Дала – олардың ортақ атамекені… » (Поминов П. Д. Родительница степь в судьбе и творчестве Павла Васильева / Васильевские чтения (Материалы международной научно-практической конференции). – Усть-Каменогорск: ВКГУ, 2002, 64 б.)
Закия МЕРЦ,
П.Васильев атындағы мұражай-үйінің жетекшісі.